- Advertisement -

Мойынқұмды түлетуге мойны жар бермейтін басшылар кімге керек?

137

- Advertisement -

IMG_2359Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен Мойынқұм ауданында болды. Аймақ басшысы бұл жолғы іс-сапарын аудан орталығынан 167 шақырым шалғайда орналасқан Ұланбел ауылының тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. Осындағы М.Әуезов атындағы орта мектебінің, отбасылық дәрігерлік амбулаторияның, балабақшалардың жағдайына қанығып, қазандықтардың жылыту маусымына дайындығы барысын да назардан тыс қалдырмады. Бұл ретте мектеп пен амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігі ескертілді.
Кәрім Нәсбекұлы бұдан әрі Құмөзек, Қылышбай ауылдарына атбасын бұрып, мектептер мен балабақшалардың қысқы жылыту кезеңіне қаншалықты дайын екендігіне көңіл бөлді. Құмөзектегі орта мекепте үш оқушыға бір компьютерден ғана келетінін тілге тиек еткен өңір басшысы бұл мәселені тиісті басшыларға тез арада шешуді тапсырды. Ал мемлекеттік қызметкерлер мен ауыл тұрғындарына жаңа тарихи кезеңге аяқ басуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына байланысты қойған бірқатар сұрақтарына, өкінішке қарай, тұшымды жауап болмады.

Аудан орталығына барар жолда облыс басшысы алдымен Мойынқұм ауылының шыға берісіндегі Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел тас жолының 54-ші километрінде орналасқан Қыр-Шу өзені көпірінің басында болды. Тозығы жеткен нысан жөнінде аз айтылып, кем жазылмағаны көпке белгілі. Ауыр жүк көлігін көтеруге қауқарсыз көпірдің тоз-тозы шыққан тастақталарын жаңасымен алмастыру қажет-ақ. Оның құрылысын жүргізуге байланысты сараптау қорытындысы алынып, қайта жаңғырту жөнінде жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, бюджеттен тиісті қаражат та қарастырылып қойылған. Кәрім Нәсбекұлы аудан, ауыл басшыларына: «Тез арада жаңа көпірді іске қосу керек, ел игілігін көрсін» деп тапсырды.
Бұдан кейін Мойынқұм ауылындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясына атбасын бұрған өңір басшысы аталған білім мекемесінің ішіне кіре алмады. Себебі, ондағы көзге сүйелдей көрініп, менмұндалаумен тұрған кемшіліктерден кейін ішке аттаудың өзі артық еді. Аталған оқу орнының маңдайшасына орнатылған Елтаңба жаңа стандарттағы жаңасына ауыстырылмаған. Мектептің кіреберісіндегі жұқа тақтайшалардың да көнетоздығы көңілге кірбің ұялатты. Олардың сырланбағаны өз алдына, кейбірі төмен қарай салбырап, ара-жігі ырсия көрініп жатыр. Облыс басшысы аталған білім беру мекемесінің басшысы Жайдар Жазықбаевқа осы және өзге де бірқатар кемшіліктердің шұғыл жоюды жүктеді.
Осы күні аудандық орталық аурухананың жай-күйімен танысқан өңір басшысы скринингтік тексеру арқылы қауіпті де жұқпалы қандай ауру түрлері анықталғанын және ана мен бала өлімінің көрсеткіші деңгейін ауданның бас дәрігері Жайдар Әйтішовтен сұрап білді. Ол скринингтік тексеру арқылы ауданда ісік ауруы дендеп тұрғанын, ал туберкулез ауруы былтырғы жылмен салыстырғанда бір адамға ғана өскенін, соңғы бес жылда ана өлімі тіркелмегенін, былтыр бір жасқа дейінгі екі бала шетінесе, биыл мұндай жағдай орын алмағанын, науқастарды шұғыл каталкамен жеткізу мақсатында ауруханаға жеделжәрдем көлігі үшін кіреберістік пандус орнату қажет екенін жеткізді. Өкінішке қарай, ауданның бас дәрігері де, онколог дәрігер Жұлдыз Алтыбайқызы да облыс әкімі тарапынан қойылған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мән-маңызы нені көздейтіні жөніндегі сауалын жауапсыз қалдырды.
Облыс аумағының 42 пайызын алып жатқан ауданның жері шын мәнісінде ауқымды-ақ. Мұндағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-жапсарын анықтауға, оған көз жеткізуге бір күннің жеткіліксіз екені анық.
Сондықтан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов та БАҚ өкілдерімен бірге ауданның шығысында жатқан Кеңес, Бірлік, Күшаман ауылдарын аралап, нақты жағдаймен танысты. Сапар барысында Кеңес орта мектебі, Бірлік ауылындағы «Ақбөпе» балабақшасы, Күшаман ауылындағы А.Иманов атындағы орта мектебінің қазандықтарының жай-күйі зерделеніп, Елбасының жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді түсіндіру және насихаттау бойынша жасалған стендтер мен мектепішілік өлкетану бұрыштарының мазмұндылығына баса мән берілді.
Кеңес орта мектебінде екі қазандық жұмыс істейді, жылыту орнына 330 тонна көмір түсіру қажет болса, оның 33 тоннасы ғана дайындалған. Ерқанат Нұрбапаұлы қатты отын үйіндісінің ашық жатқандығына назар аударып, оның үстін тез арада жабу керектігін ескертті.
Ал Күшаман ауылындағы 122 оқушы білім алатын А.Иманов атындағы орта мектебі 1936 жылы бастауыш мектеп болып құрылған. Мұнда да мектептің ішкі жылу жүйесінің жағдайы қаралып, қабырғаға ілінген стендтердің биік орналасқандығы және қаріптерінің майда екендігі, өлкетану бұрыштарына мектеп түлектерінің өмірбаяны, бүгінгі қызметі жайлы деректер енгізілуі қажеттігі ескертілді. Себебі, әр жылғы мектеп түлектері жайлы оқушылар жан-жақты білуге тиіс. Бұл орайда Елбасы: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – деп нақтылап көрсеткені белгілі.
2008 жылы пайдалануға берілген Кеңес ауылдық дәрігерлік амбулаториясының тарихы мен тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімінің орынбасары интернет арқылы ұсынылған қазақстандық 100 жаңа есімге онлайн-дауыс беру мүмкіндігінің бар екенін айтып, бұл іске ауыл азаматтарын да көптеп тарту керек деді.
Облыс әкімі ауданға жұмыс сапарын аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив жиынымен қорытындылады. Басқосу барысында аудан әкімі Бақытжан Нұркенов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында қысқаша баяндама жасап, алда атқарылуы тиіс міндеттерге тоқталды. Бақытжан Балтабекұлының айтуынша, осы жылғы 8 айда ауданның өнеркәсіп саласындағы өндірілген өнімнің нақты индекс көлемі – 100,1 пайызды құрапты. Жыл аяғына дейін ақшалай есептегенде 29 миллиард теңге сомасында болуы тиіс ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артқан. Оның ішінде 3 мың тонна ет, 5 мың тонна сүт өндіріліпі. Бөлшек сауда айналымы, негізгі капиталға салынған инвестиция, құрылыс, бюджет секілді түрлі саладағы қол жеткізген жетістіктер мен атқарылған шаруалар жайын сөз еткен Бақытжан Нұркеновтен өңір басшысы аудан бойынша барлығы 5 мың 84 гектар егістік жердің 3 мың 914 гектарына ғана ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, қалған 1170 гектардың не үшін игерусіз қалып отырғанын сұрады.
– Мұнда егіс алқабы бар болғаны 5-ақ мың гектар. Ал Т.Рысқұлов ауданы 80 мың гектар алқапқа тек арпа-бидай сеуіп, рахатын көріп отыр. Бұл ауданның тұрғындарының санын өзге аудандармен салыстыруға келмейді. Бар болғаны мұнда 32 мың тұрғын бар. Ал Қордайдың дүнгендер тұратын Масаншы жағының өзінде 48-50 мыңдай адам өмір сүруде. Олар жеміс-жидек, көкөніске деген ішкі сұраныстарын өздері қамтамасыз етіп отыр. Сіздерге де бар жерді дұрыстап пайдалануға болады емес пе?! Облыстан Шу өзенін пайдалансын деп жылда қыруар қаржы бөлеміз. Биыл тек «Радай» каналының өзіне 350 миллион теңге бөлінді. «Тасөткел» су қоймасына жиналған суды да пайдаланбай отырғандарыңыз мәлім.
Білеміз, бұл жерге басқа өңірлердегідей арпа-бидай ексең, шықпайды. Дегенмен, жер жағдайын саралап, тары, мақсары, пісте секілді дақылдар немесе өңірге қолайлы басқа да жеміс-жидек, көкөніс өсіруді қолға алса мәселе шешіледі. Байқауымша, сіздерде ешқандай жоба жоқ. Бұл ешкімді ойландырмайтын секілді. Тұрғындар сіздерге үміт артып отыр. Ал сіздердің тірліктеріңіз мандырымсыз. Кезінде мал өсірумен аты шыққан аудан деп айтуға да аузымыз бармайды. Себебі, былтырғымен салыстырғанда мал басы айтарлықтай кеміген. Мәселен, осы жылғы қыркүйек айына дейін аудан бойынша барлық санаттағы шаруашылықтардағы жылқы саны 7246-ны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 771 басқа азайған. Яғни, жылқы – 9,6, қой 1,9 пайызға кеміген. Баяғы 380 мың уақ мал, 80-90 мың мүйізді ірі қара, 12-15 мың жылқы өсірумен аты шыққан аудан емес пе бұл? Жарайды, жеміс-жидек шықпайды екен. Ең болмаса жердің өзі сұранып тұрған мал шаруашылығымен неге айналыспайсыздар? – дей келе Кәрім Нәсбекұлы ауданда мал, пәтер ұрлығы өршіп тұрғанын, ауыр қылмыс саны артқанын сынға алып, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Мақсат Жаманқұловты сын тезіне салды.
Жиын барысында, сондай-ақ, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасы аясында облыста атқарылған шаруалар жайын, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова «Жаңартылған білім беру мазмұны» туралы, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттердің жүзеге асырылу барысын баяндаса, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» директоры Мавлюда Бокаева көпшілікті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында құлағдар етті.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов өзі аралаған ауылдардағы бірқатар мектептердің маңдайшасында жаңа стандартқа сай мемлекеттік Елтаңба орналастырылмағанын, білім ошақтарындағы кейбір кабинеттердің салқын тартып тұрғанын, қабырғаға ілінген көрнекілік құралдардың кейбірі тым жоғары орналасқанын, олардың кейбіріне кемі 5-10 жыл болғанын атап өтті.
Осы орайда Кәрім Нәсбекұлы өзі аралаған шалғай ауылдардағы мектеп мұғалімдерінің көпшілігі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мәні не екенін түсіндіріп бере алмағанына қынжылысын жеткізді.
– Мен аралаған елді мекендердің ішінде Ұланбел ауылындағы орта мектеп пен отбасылық дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбір ауылдарды интернет желісіне қосу керек. Мектептердің барлығының сыртына, ішіне Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған құнды ойларды билбордтарға жазып іліп қойғанымен, мұғалімдер мен балабақша қызметкерлерінің дені оның не екенін түсінбейді, исі мұрындарына да бармайды. Ауыл ішінде елдің аузына қарайтын бетке ұстарлары солар емес пе? Құдды бір тексеріп келген адам болса, көрсін деген қылық іспетті. Егер Елбасы мақаласынан туындаған міндеттердің не нәрсе екенін облыстық мәслихаттың депутаты, ауданның бас дәрігері Жайдар Әйтішов білмесе, оның жанындағы адам ол да білмесе, ұстаз ұқпаса, оқушы түсінбесе онда болашаққа бағдар туралы ілініп тұрған билбордтар кімге керек? «100 жаңа есім», «Туған жерге тағзым» атты бағдарламалар аясында жастардың ішінен немесе өндіріс, ауыл шаруашылығы, спорт секілді кез келген саладағы ісі үлгі етуге лайық, жаңа есімдерді шығара алмасақ, ауылдан шыққан бизнесмен азаматтардың демеушілік көмегімен туған жерді көркейте алмасақ, онда не істей аламыз? Мемлекет басшысы мұның бәрін кім үшін жасап отыр? Дәстүрдің тозығын тастап, озығын алуға ұмтылмасақ, ұлттық сананы жаңғыртудың түпнегізі ұлттық кодта жатқанын айта алмасақ, мына түрімізбен құрдымға кетуіміз де мүмкін. Бұл түкпір-түкпірдегі елді мекендерде насихат жұмысының кемшін түсіп отырғанын, тіпті мүлде жүргізілмегенін көрсетеді, – деді облыс әкімі.
Жиын соңында Кәрім Нәсбекұлы өзімен бірге келген басқарма басшылары мен жауапты тұлғаларға кемшіліктерді жою жөнінде бірқатар тапсырмалар бере отырып, аудан әкімі Бақытжан Нұркеновке орынбасары Бақытжан Есеевке, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Манарбек Көшкімбаевқа, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевқа берілген тапсырмаларды уақтында орындамағаны, қызметтеріне жауапсыздықпен қарағаны үшін жаза қолдануды тапсырды.
Жиынға қатысқан барлық басқарма басшылары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын сөз ете келе, жүргізіліп жатқан жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылар қыруар істерді пысықтап, жіберілген кемшіліктерді тез арада түзеуге уәде берді.

Мойынқұм ауданы.

Уалихан жайлау,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support