- Advertisement -

Ел мақтанышы болу оңай емес

149

- Advertisement -

Сидней Олимпиадасында жасындай жарқыраған Ермахан Ыбырайымовты елі әрдайым мақтан тұтады. Енді ше, Тәуелсіз Қазақстан тарихында қазақ жігіттері сапынан марқұм Бекзат Саттархановтан кейін алтын жүлдені иеленген оғланды жұрты мақтамағанда қайтсін?
1972 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жақсылық ауылында дүниеге келген Ермахан Ыбырайымов жеті жасынан сол кездегі Жамбыл қаласындағы Макаренко атындағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің балаларына арналған мектеп-интернатта оқиды. Ол сегіз жасқа келгенде Мәскеу төріндегі Олимпиада ойындары дүркіреп өтеді. «Сол додада боксшы Серік Қонақбаев ағамыз күмістен алқа тағынды. Шынашақтай бала болсақ та, боксты қалт жібермейміз. Грек-рим күресінің шебері, даңқты Жақсылық Үшкемпіров топ жарған кезде жүрегіміз атқақтады. Елдің рухын көтерген осы ағаларымыздың ауыз толтырып айтарлықтай жеңістері біздің жүрегімізде намыс алауын тұтатты. Көп арманшыл баланың қатарында «Серік Қонақбаев секілді атақты боксшы боламын» деп алдына мақсат қойғандардың санатында мен де бармын», – дейді ол.
«Асқақ арманға ұмтылып жүрген 1984 жылы мектепке Бахшар Қарсыбаев деген мұғалім келіп, бокс үйірмесін ашты. Мен қатты сырқаттанып жүрген болатынмын. Сабақ үстінде күйім қашып отырғанда Қызай деген апай келіп: «Балалар мектебімізде бокс үйірмесі ашылып жатыр, кім барады?» – деді. Сол сөзді естігенде ауырып отырған мен орнымнан «Мен барамын!» деп атып тұрдым. Бес-алты бала кабинеттен шығып, бокс залына бет алдық. Алайда, бізді алғаш көрген Бахшар ағай «Үстілеріңде спорттық киім жоқ» деп жақындатпады. Содан сыныпқа қайтып баруға ұялған біз мектепті айнала жүгіріп-жүгіріп, «жаттығудан келдік» деп оралдық.
Жаттықтырушы «Қашан спорттық киім аласыңдар, сол кезде қабылдаймын» деп мәселені төтесінен қойған соң, мен әкеме «Әке, мен бокс үйірмесіне қатысайын деп жатырмын, спорт киімдерін алуға ақша салып жіберіңіз» деп хат жаздым. Ақша келгесін киімдерімді алып, ағайға бардым. Ол кісі бізге қарады да, «Киім алдыңдар ма? Жарайсыңдар, жақсы жігіт екенсіңдер, ендеше бізге кедергі келтірмей, анау бұрышқа барып, айналыса беріңдер» деді. Осылайша, менің спорттағы алғашқы қадамым сыртта терге малшынып жүгіруден басталған», – дейді Ермахан.
Ол алдымен қалалық біріншілікке қатысып, қарсыластарын қапы қалдырып, топ жарады. Кейіннен техникасы толыса түскен Құланның құлжасы сол кездегі Целиноград қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінде тағы да өзінің теңдессіз екенін дәлелдейді. Алатаудай асқақ арманы бар Ермахан шүмектеп тер төгіп, жаттығу залынан шықпай жүрген күндердің бірінде әкесі Сағи аталған спорттық мектеп-интернатқа оқуға шақырған жарнама қиындысын көрсетеді. «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатқа балаларды қабылдап жатыр. Барғың келе ме?» деген әкесінің сұраулы сөйлеміне кейіпкеріміз «Барамын!» деген бір ғана сөзбен нақты жауап береді. Әкесі талантты ұлының талабын ұштап, томағасын сыпырған Бахшардың батасын алады. Өзінің мықтылығын дәлелдеген бала Ермахан интернатқа қабылданады.
1989 жылы Иркутск қаласында өткен жастар арасындағы КСРО чемпионатында топ жарған ол осы нәтижесінен кейін КСРО құрамасына қабылданып, 1991 жылы ересектер арасындағы КСРО кубогі үшін өткен жарысқа қатысады. Салған жерден қарсыластарының аптығын басып келе жатқан Ермаханның жеңісті жорығы жартылай финалда тоқтайды. «Осы сында алғаш рет үлкен спортта әділетсіздік болатынын көзбен көрдім. Ол кезде жастар арасында КСРО құрамасын баптаған Николай Хромов менің жолымды қиып тастады. Менің орныма бәсекелесім Матэ Когуашвили деген Кутаисидің грузинін алып кетті. Сол кезде қатты күйіндім», – дейді Атланта Олимпиадасының қола, Сидней Олимпиадасының алтын жүлдегері Ермахан батыр.
Азаттықтың алғашқы жылдарында жағдайдың қиын болғаны мәлім. Сол кезде бокстан қол үзген Ермаханды әкесі Сағи ауылға ертіп келіп, қой баққызып қояды. Арық-тұрық отар қойды кейіпкеріміз есекке мініп жүріп бағады. Бірақ, былғары қолғабын қолынан тастамай, жаттығу да жасап жүрді. Баласының боксты сағынғанын сезген Сағи ақсақал кейін Ермаханның жолын байламай, Алматыға қайта аттандырады. Сүйікті ісіне қайта оралған ол 1994 жылы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған додада чемпион атанады. Филиппиндегі халықаралық турнирде де шын мықтыға тұсау болмайтынын айғақтайды. 1994-2000 жыл аралығында спорттық бабының шыңына көтеріліп, 7 мәрте ел чемпионатында қарсылас шыдатпайды.
Ермахан Ыбырайымов Атланта және Сидней Олимпиадасына жолдаманы Ташкенттегі Азия чемпионатында иеленеді. Қарсыластарын бет қаратпай ұтқан оғлан «Өзіңнің шын мықты екеніңді айқындасаң, төрешілер де тосқауыл бола алмайды» дегенді алға тартады. Сондай-ақ, Азия ойындары мен екі мәрте Азия чемпионатында топ жарған Ермахан әлем біріншілігінің күміс және қола жүлдесін де иеленген. Барлық қиындықты еңсеріп, мақсатына ұмтылған чемпионның дара жолы кімге де болса үлгі екені анық. Сондықтан да үлкен белесті бағындыру үшін жастарға табандылық қашанда қажет.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support