- Advertisement -

АҚҚЫРҚА АСУЫНДАҒЫ ОЙ

199

- Advertisement -

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Сарысу ауданының Құрметті азаматы.

Қазыналы Қаратау жотасында көпшілік «Көсегенің Көкжоны» атап кеткен көрікті, жері көкорай шалғын, бұлақтары мен суы мол керемет аймақ бар. Ол туралы жазушыларымыз Тәкен Әлімқұловтың, Сәуірбек Бақбергеновтің, Тынышбай Рақымның, Кәрібай Ахметбековтің, Дулат Шалқарбаевтың, Пернебай Дүйсенбиннің әр жылдары жазған шығармаларынан кездестіруге болады.
Міне, сол өңірде менің туған топырағым, кіндік қаным тамған атамекенім Үшбас атты ауыл бар. Иә, әркімнің туған жері өзіне ыстық, ардақты, қымбат, Мекке-Мединасы. Мейлі ол басқа жердегідей тас-тауды қуалай аққан бұлағы сылдырлап, көкшалғыны аяққа оралмасын, сыңсыған көрікті орман-тоғайы болмасын, мейлі ол желі азынап тұрған сүреңсіз елді мекен болсын – балғын бақытты балалық шағың өтіп, шыбық мініп, көбелек қуған, замандас-құрдастарыңмен тай-құлындай тебісіп өскен, бірге доп қуған, көкпар тартқан, адам ретінде қалыптасып, ес білген туған жерің. Ол – жүрек түкпірінде қалғымай жататын мәңгілік жырлап өтер жырыңыз, мәңгілік сарқылмайтын сағынышыңыз.
Үшбас пен қазіргі Жаңатас қаласының жол бойында Аққырқа деген асу бар. Балалық дәуренің өтіп, білім нәрімен сусындап, жарқын болашаққа қанат қақтырған ауылда бірер күн аунап-қунап, көңілдегі сағынышты аздап болса да басып, кері қайтарда үлкен қара жолдың бойындағы сол Аққырқа асуында бір сәт дамылдайтын әдетім бар. Таудың ерке самалына кеудеңді тосып, биіктен айналаға зер саламын.
Ауыл жүректе мәңгі сақталатын қасиетті мекен ғой. Жақсылық хабарды естісең жүрегің жылып, көңілің марқайып қалады. Таяуда, Рамазан айының ортасында ауылдағы жігіттер ауызашарға шақырды. «Шақырған жерден қалма» деп жұмыс аяғында жолға шығып, ымырт үйіріле ауылға жеттік. Амандық-саулықтан соң, осы өңірден қанаттанып, қайраткер дәрежесіне жеткен, кейінірек «халық жауы» атанып, жаладан оққа ұшқан аяулы азамат Әшір Бүркітбаев ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым еттік. Көпшілік дастархан басына жайғастық. Әңгіме қыза түсті. Біреуі елдің, ауылдың жағдайын айтса, екіншісі саясаттың қыр-сырына көшті, үшіншісі ауыл арасындағы сыпсың сөздерді гулетті. Төртіншісі кімнің қайдан шыққанын анықтамақ болып шежіре қуып кетті. Бесіншісі дін төңірегіндегі пікірін айтып бақты. Жан-жақтан айтылған әлгілердің сөзінде дәйек жоқ, санаға салмақ салатын іліп алар жүйе жоқ. Тіпті, кей сәттерде кейбірі даусын көтеріп, өзінің «білгіштігін» білдіргісі келіп, қызылкеңірдекке де салынып кетеді. Әлгілердің жан-жаққа шашылған сөздерін тыңдап, жөн-жосықсыз ойларынан «қарным ашты». Зер салып қарасам олардың арасында сауатты, жоғары білімді 3-4 адам (олар, кейін білгенімдей, жергілікті мектептің мұғалімдері екен) бар екен. Басқалары бүгіндері ауыл ақсақалы атанып жүргендер, кешегі тракторист, малшы, көлік жүргізуші, жұмысшы, құрылысшы және өзгелер. Олардың арасынан көзі ашық, көңілі ояу, салмақты сөз айтатын, қазіргі басты құндылық – рухани тазалықты меңгерген азаматты таба алмадым. Сапырма сөз, қара суды сапырғандай әсер қалдырды. Еріксіз сонау ертеректегі ауыл өмірін көз алдыма келтірдім. Ауыл интеллигенциясы деген, яғни зиялы қауым атанған әдемі топ бар еді. Олар – шаруашылық директоры, парторг, бас зоотехник, бас агроном, бас мал дәрігері, бас инженер, ауылдық кеңестің төрағасы, прораб, ферма меңгерушісі секілді азаматтар. Сондай-ақ, жергілікті мектептің мұғалімдері, дәрігерлер, өмірдің ыстық-суығын көрген көкіректері қазына жандар да болатын. Барлығы қосылып келелі істерді жүзеге асырып жататын. Ауылда жүріп-ақ «мынадай бір қызық кітап оқыдым», «кешегі басылымда тартымды ой салатын мақала шығыпты» деп білгендері жайлы ой бөлісіп, бірін-бірі іліп алып, толықтырып, тақырыпты жалғастыратын жақсы дәстүр бар-тын. Төрелік айтатын білімді, ел мен жердің қамын ойлаған, зиялылығымен, даралылығымен көпшілікті өзіне қарата білетін дана қариялар әр ауылда бар еді… Ал қазір ше?
Кеңес үкіметі құлап, дағдарыс жайлап, ауыл иесіз қалды. Ауыл интеллигенциясының кәрісі бар, жасы бар ауылдарын тастап, қалаға көш түзеді. Бірі облыс орталықтарына келіп жайғасса, екіншілері Алматы, Астана шаһарларынан жылы орын тапты. Ол үрдісті қазіргі әдемі тілмен «урбанизация» деп жүрміз ғой. Бірақ сол үрдіс ауыл тіршілігін әлсіретіп, қожырайтып кеткенін мойындауымыз керек. Ауылда салиқалы сөз айтатын, бас көтеретін, ойы зерек, жөн-жосықты білетін, дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол сілтейтін, салмақты ақыл беретін, істің көзін табатын көңілі ояу, көзі ашық адам қалмай бара жатқаны ойландырады. Болашақта олардың ізін басатын ұрпақ та сол рухани кедейліктің күйін күйттей ме деп жаның ауырады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде (12.04.2017) жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бұл күндері халық арасында кең талқыланып, қолдау табуда. Қазіргі кезде жаңғыруға деген әркімнің ішкі ұмтылысы біздің еліміздің одан әрі жетіліп, дамуына орынды әсер етеді. Ол үшін ең алдымен, адами өзгеріске қадам жасау, ата-бабамыз бізге аманат етіп қалдырған жақсы істерге қарай бет бұру керек.
Осы ой төңірегінде толғана отырып, әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылуға бет алған сәтте еліміздің өскелең жастарына лайықты үлгі көрсете алуымыз керек. Бұл бүгінгі күннің көкейкесті мәселелердің бірі екені жасырын емес. «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ол үшін, сананың ашықтығы мен жан дүниенің таза болғаны дұрыс. Жастардың жан дүниесі, санасы қашанда жаңа жуылған әйнектей, бұлақтың суындай таза, мөлдір екені сөзсіз. Сол тазалыққа болашағымызды көркейтуге сеп болатын озық үлгілер негіз ретінде қаланса, рухани жаңғыруымыз міндетті түрде жүзеге асары белгілі. Өйткені, таяу жылдарға арналған нақты жобалардың жүзеге асуына жастарымыздың жаңғырған жан дүниесі, салмақты санасы себеп болмақ.
Көшбасшымыз Н.Назарбаев айтқандай, бұл ең алдымен, адамның туған елге, туған жерге деген сүйіспеншілігінен туындайды. Туған жерге деген сезім – ең ыстық сезім. Бірақ сол ыстық сезімнің ләззатына шын мәнінде жету үшін оның қайтарымының да сайма-сай болғаны жөн. Мәселен, бәріміз де туған жердің тазалығына бас иеміз. Ал туған жердің тазалығы дегеніміз тек әдемі ғимараттардың салынуы мен әсем жолдардың төселуі ғана емес, сондағы адамдардың жан дүниесінің тазалығы.
Бірақ, туған жерге деген сүйіспеншілігіміз, махаббатымыз, сағынышымыз, ынта-ықыласымыз оған деген пейілімізден бастау алса дейміз. Өйткені, бұл әркімнің өз ауылына баруымен және онда ата-бабасының басына заңғар мазар-ескерткіш тұрғызумен шектелмей, қолынан келсе мектеп пен балабақша, көпір мен жол салып, спорт кешендерін және де көпшілікке пайдалы кешендер тұрғызса несі артық? Әлбетте, туған жерге баратын әр азамат өзінің маңдай терімен тапқан қаржысын орынды жұмсап, халық игілігіне айналатын іс-шаралар атқарса қандай ғанибет, шіркін! Мүмкіншілік болса жұмыссыз жүрген жастардың басын біріктіріп, шағын фермалар, мал бордақылау базаларын, өнім цехтарын және де басқа кәсіби орындар ұйымдастырса жақсы емес пе? Ауылда жүрген жастарымыз елге, жерге деген шынайы патриоттық сезіммен тәрбиеленулері өте қажет-ақ. Сондықтан туған жердің табиғи таза, бұлақтай мөлдір болуы үшін осы кезден қамданғанның артықтығы жоқ. Ал мұндай тазалық тек арамдық, әділетсіздік, пайдакүнемдік, күндестік, көреалмаушылық жоқ жерде ғана болады. Сондықтан келешек ұрпағымыз тек жақсы қасиеттерді бойына сіңіре берсе, одан ертелі-кеш жақсы нәтиже шығатынына күмән жоқ.
Ертеде түрлі кеселдерден бойын аулақ, таза ұстаған ата-бабаларымыз қашанда қара қылды қақ жара білуімен, шындықты айтуымен, әділдіктің туын желбіретуімен небір дау-дамайды қиналмай-ақ әділ шеше алған. Оның басты себебі – олардың бойында тау суындай, даланың саф ауасындай таза құндылықтарымыздың, шынайылықтың, әділеттің сақталғандығы. «Біз жат идеологияның әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деп Елбасы түйіндеген ойды толық қолдайтынымыз хақ. Сондықтан туған жерге деген сүйіспеншілікті, Отанға деген шынайы махаббатты әркім өзінің адалдығы мен ар тазалығынан бастайтын уақыттың жеткені рас. Рухы биік адам жаман, бұралаңы мол, бұлыңғыр қисық жолға бой бермейді, бәрін ақылмен, парасатпен шешеді.
Президентіміздің мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек» делінген.
Туған жер деген, шіркін, туған анаңдай ғой! Ана мейірімін қанша көрсең де, жанында қанша жүрсең де, оның шапағатына мейірің қанушы ма еді, маңдайыңнан сипаған алақанының табын ұмыта аласың ба?! Туған жерге деген сезім де, пейіл де әркез таза болса екен.
Түнгі Аққырқаның жонында даланың таза ауасымен тағы бір тыныстап алмақ болып аялдадық. Жымыңдаған жұлдыздар қараңғы аспанда тарыдай шашылып, тым биіктеп кеткендей. Қайырылып көз ұшында қалып бара жатқан менің мәңгі сағынышым туған ауылыма қарадым. Сол сәтте Мұқағали Мақатаевтың «Ұят болды-ау!» деген өлеңі еріксіз есіме түсті: «Сен де кеттің, Мен де кеттім, Ол да кетті ауылдан. Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау, қауымнан…» дейсің лажсыздан…
Бұл күндері ел назарын аударып отырған жобалардың бірі «Туған жер» бағдарламасы десек қателеспейміз. Әрбір азамат үшін туған топырағы, кіндік қаны тамған жері ерекше ыстық, қадірлі, қастерлі. Мемлекет басшысы ауыл түлектерін туып-өскен қасиетті топырақтарымен, яғни туған ауылымен байланыстарын қайта жаңғыртуға шақырып отыр. Ауылдың ажарын ашсақ, ауылды көркейтуге үлес қоссақ мемлекетіміздің де өсіп-дамуына өз үлесімізді қосқанымыз деп білгеніміз жөн. Туған жердің мәртебесін көтеріп, туған елге абыроймен қызмет етейік, замандас!
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support