- Advertisement -

Елдің де, ердің де ұйытқысы

137

- Advertisement -

Қазақы тәрбиеден іргені алшақтатқан сайын, жағымсыз жайттар көбейеді. Өздерінің тәрбиені ақсатып алғанына мән бермей, оны заманның өзгергенінен, тіпті, көзін ашпай тұрып, бәрін «біліп» туған ұл-қыздардан көретін ата-аналар да бар. Мектеп жасынан бастап махаббатты ойлап, ойран салып жатқан жастарымыз жетерлік. Партадағы «аналарымыздың» арқасында балалар мен аналар үйі көбейіп жатыр.
Қазақ қыздарының талғамы мен таңдауына қатысты соңғы кездері әлеуметтік желіде үлкен пікір тудырған мәселелердің бірі олардың қытай азаматтарына күйеуге шығуының жиілегені болып отыр. Ер азаматтарымыз бұл үрдіске бірден «қазақ қыздарының психологиясында ауытқушылықтар бар» деп кесім айтты. Қаракөз қарындасын қорғаудың орнына, әп-сәтте-ақ көптің талқысына итеріп, тастай салды. Сэм Харисонша айтсақ, әрине адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа, алайда аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы. Әлеуметтік желілерде айқайға ұран қосқандар арасында осыны ұғындырғысы келгендер аз болды.
Иә, бастапқыда Қытайдан қалтасы қалың күйеу балалар келе жатыр деп атой салдық. Кейін пәленбай қызымыз қытай азаматтарына күйеуге кетті деп ойбайға бастық. Кейбір мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2010 жылдан бастап 2016 жылғы сәуір айына дейін Қытай Халық Республикасының азаматтарына 253 қазақстандық тұрмысқа шыққан көрінеді. Соның ішінде, 190 қазақ қызын Қытайда тұратын өз қандастарымыз, яғни қазақ жігіттері жар еткен. Ал алты жылда этникалық қытайлармен некеге тұрған қыздар саны – 34-ке жеткен. Осы кезеңде Қазақстанның 277 азаматы Қытай Халық Республикасының қыздарына үйленген. Соның 244-і Қытайда тұратын қазақ қыздарымен отау тіккен қазақ жігіттері көрінеді.
Өзімізге оралсақ… Кешегі бір отба-сында 10-15 баланы тәрбиелеп ұлын ұяға, қызын қияға қондыратын әке-шешенің ісі ерлік-ақ екен. Бүгінгі кейбір отбасылар он шақты бала-шағаны тұрмақ, жалғызына да ие бола алмай отыр.
Бүгінде көп бала өсіріп, өнегесімен көпке үлгі болып отырғандардың бірі – Шахан ауылының тұрғыны Балтабай Үмбеталиев. Ол жұбайы Мейрамкүл Өнетаева екеуі 5 қыз, 4 ұл өсіріп, 26 немере мен 4 шөберенің қызығын көріп отыр. Апамыз – Алтын алқаның иегері. Бала тәрбиесімен қатар, 27 жыл мектепте музыка, сызу, отбасы және қоғам, еңбек пәндерінен сабақ берген. Көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып, ауылдан Халық театрын ашқан.
– Тату-тәтті өмір сүріп, үйдің берекесін кіргізу, кішіге үлгі болып, үлкенге құрметпен қарау – кез-келген келіннің міндеті. Біз кезінде ата-енеміздің қас-қабағын бағып, сол кісілердің көңілінен шығуға тырысатынбыз. Қазір келінге «келін» болсаң ғана жағасың» деген ұғым пайда болған. Бұл – қыз тәрбиесінің осалдығынан. Соның кесірінен өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып кетіп жатқан қыздар көбейді. Біздің заманымызда шетелге кетіп, өзге ұлт өкілдерімен бас қосқандар болмаған. Тек соғыс уақытында қазақ жігіттері орыс қыздарына үйленген. Олардың өзі саусақпен санарлықтай ғана еді. Бала-шағаны туғаннан бағып, тәрбие беру өте жауапты міндет. Отбасында ер адамның орны бөлек болуы керек. Бала «әке» деген сөздің өзінен сескеніп тұруы керек, – дейді Мейрамкүл апамыз.
Өзіңді-өзің сыйламасаң өзгеге сыйлата алмайтының белгілі. Қыз елдің ұйытқысы, елдің де, ердің де тірегі екенін ұмытпайық.

Фариза АЙТБЕК,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support