- Advertisement -

Әлем сырын ашпаған қарапайым құпиялар

165

- Advertisement -

Адамзат тарихы теңіздің терең тұңғиығындай тылсымға толы. Қаншама жылдар, айлар мен күндер өтсе де, шешілмей қалған жұмбақ көп. XX ғасырдың сыры ашылмаған ең атышулы оқиғалары мен олардың кейіпкерлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Леди-әже

Мына сурет 1963 жылдың 22 қарашасында Далласта түсірілген. Америка президенті Дж.Кеннедиге винтовкадан оқ атылған сәт. Ауыр жараланған президентке көмекке ұмтылған адамдардың ішінде тек мына бір жұмбақ әйел ғана салқынқандылықпен оқиға барысын камерасына түсіріп тұр. Журналистер бұл әйелді Леди әже атап кеткен, өйткені орыстың апалары сияқты басына орамал байлап алған. Сол қайғылы оқиғадан бері бұл бейтаныс әйел түсірген суреттерді ешкім көрмеген, тіпті оның кім екенін де анықтай алмаған. Федеральды тергеу бюросының пікірінше, жұмбақ әйел қылмысты басқа ракурстан түсіріп алуы мүмкін, сондықтан оның қолындағы кадрлардың арқасында біраз нәрсенің беті ашылар еді. Алайда бейтаныс адам сол күйі жұмбақ болып қала берді. Сол сәтте оқиға орнында болған адамдардың ешқайсысы орамал таққан әйелдің кім екенін айта алмаған.

Тауредтен келген қонақ

1954 жылы Токио әуежайында үстіне костюм киген бір ер адам күзеттің назарына ілігеді. Әлгі жігіттен сезіктенген мекеме қызметкерлері оны тоқтап, сұрақтың астына алады. Ер адам сұрақтарға француз тілінде жауап берген, алайда тағы бірнеше тілде емін-еркін сөйлейді екен. Төлқұжатына Жапонияны қосқанда, көп елдің мөрі басылған. Күзетшілерге Франция мен Испанияның арасында орналасқан Тауред деген бір елден келдім деген. Алайда картадан оның көрсеткен жері табылмаған, Тауред деп нұсқаған жерде Андорра орын тепкен. Бұған ол қатты қапаланады. Тауредтің пайда болғанына жүздеген жыл болғанын айтып, жергілікті куәлігі мен чектерді көрсеткен.

Әуежай қызметкерлері ер адамды қонақ үйге жайғастырып, бөлменің алдына күзет қойған. Ал өздері Тауредтен келген қонақ жайлы ақпарат табуға кіріседі. Бірер уақыттан кейін нөмірге қайтып келсе, әлгі адам із-түссіз жоғалып кеткен. Есік ашылмайды, күзетші де бөлмеден шу шықпағанын айтқан, ал терезе арқылы шығу тіптен мүмкін емес – тым биік. Таңғаларлығы, әуежайдың қауіпсіздік қызметінің бөлмесінен жолаушының бүкіл жүгі де жоғалып кеткен.

Д. Б. Купер

1971 жылдың қарашасында Портлендте Сиэтлге бет алған ұшақ бортына «Д.Купер» деген ер адам мінеді. Қолында қара портфелі болған. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін «Купер» стюардессаның қолына хат ұстатады. Онда портфелінде бомба бар екені, биліктен 200 000 доллар мен 4 парашают талап ететіні туралы жазылған. Ұшқыштар «Купердің» бұл талабын дереу биліккке жеткізеді. Сиэтл әуежайына қонғаннан кейін жолаушылардың барлығы босатылып, «Купердің» талабы орындалады. Сөйтіп ұшақ қайта әуеге көтеріледі. Бортта экипаждың төрт мүшесі мен шын аты-жөні белгісіз «Купер» ғана болған. Невада штатына жеткен кезде «Купер» ұшақтың есігін ашып, ақшаны алып, лайнерден секіріп кеткен.

Бір қызығы, оны танитын жүздеген куәгердің болғанына қарамастан, «Купер» сол күйі табылмады. Ұшақта қалдырған галстугі мен өзеннен ақшаның бір бөлігі ғана табылған. Содан бері үмітін үзбей бұл істі тергеп жатқан Федеральды бюро тексерісті өткен жылдың жазында ғана тоқтатыпты.

Белгісіз бүлікші

Бұл сурет 1989 жылдың маусымында Тяньаньмэнь алаңындағы наразылық кезінде түсірілген. Белгісіз бүлікші жалғыз өзі жарты сағат бойы танктердің жолын кес-кестеп өткізбей қойған. Танк айналып өте алмай, ақыры тоқтауға мәжбүр болған. Осы сәтте суреттегі батыр танкке мініп, экипаж мүшелерімен сөйлеседі. Көп ұзамай ер адам тұрған жеріне қайта оралып, танктердің жолын бөгеуді жалғастырған. Осы оқиғадан кейін әлгі бүлікшіге не болғаны, оның кім екені сол күйі анықталмады.

Эдгар Аллан Поның құпия табынушысы

1949 жылдан бері Эдгар Аллан Поның туған күнінде белгісіз біреу жазушының қабіріне келеді екен. Жұмбақ табынушының үстінен қара пальтосын, басынан қалпағын тастамаған. Мойнына үнемі шарф орап немесе капюшонмен бетін бүркеп алатын көрінеді. Әр келген кезінде қабір басына 3 қызыл раушан гүлі мен коньяктың ашылған бөтелкесін қойып кетеді-міс. Белгісіз табынушының бұл әрекетін сан түрлі жорамалдап жүргендердің сөзіне сенсек, үш роза жазушы По, оның әйелі Вирджиния мен қайын енесі Мария Клеммге арналған. Өйткені үшеуі де осы жерге жерленіпті. Ал бір бөтелке коньяктың мәні сол күйі ашылмады, құпия күйінде қалды. Кейде жұмбақ адам хат жазып та қалдырып отырған. Деректерге сүйенсек, кім екені белгісіз табынушы 1998 жылы қайтыс болған.

ақпарат көзі: Baq.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support