- Advertisement -

Әлеуметтік желінің әуресі көп

243

- Advertisement -

немесе  салиқалы  сөздің салмағы  қалмай  барады

Әлеуметтік желі деген әуелі көңілімізді аулады. Бастапқыда оны іш пысқанда таптырмас ермек көргенбіз бәріміз. Сөйтіп жүріп саналы түрде ғаламтордың «тұтқынына» айналдық. Ақпарат алмасудың, байланыс орнатудың тиімді құралын тапқанына қуанған жұрт бүгінде жақын-туысын іздеп, қал-жағдайын сұраудан қалды. Ол ол ма, бір үйде отырып, әкесі баласына тіл қатпайтын болған. Ауызекі тілдесіп, сөйлесуден да қалып барады. Соған сай да сөздік қорымыз тым жұтаңдап, тіліміз шұбарлана түскендей. Егер желідегі жастардың өзара диалогтарына көз жүгіртіп көрсеңіз, біздің ойымызды құптай түсеріңіз анық.
Әуелгіде, сауатсыздық көшедегі жарнаманы «иектеді». «Бұлай жазып қойғаны несі, негізгі аудармасы басқа ғой» десіп, орашолақ аударманы көргенімізде немкеттілеу иек қағып, ернімізді шылп еткізгеніміз болмаса, оны түзетуге ешкімнің зауқы соқпады. Бірте-бірте «шала-жансар» сөздер мен «бастауыш-баяндауышы» жоқ сөйлемдер интернет сайттарына қаптап шыға бастады. Негізгі айтқысы келген жаңалықты түсінген соң, бұған да үнсіз көндік. Сөйте-cөйте, жастардың «жаргон» тілі жолда қалды. Қазіргі әлеуметтік желідегі басы бар, аяғы жоқ қысқарған сөздерді қалай атарымызды білмей де қалдық.
Дәл қазір Абайдың:
«Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,
Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.
Жан құмары дүниеде немене екен –
Соны білсең әрнені білгендерің», – деген жұмбағын тез түсініп, оның жауабын айта алатын жас бар ма екен?! Қазір фразеологиялық тіркестердің мәнін талдап, түп төркінін ажырата алмай жүргендер бала Жиреншенің: «Сүтін ішіп жүрген жалғыз інгенім бар еді, содан айырылып қалып, осы даладан іздеп жүрмін» деген тұспалды сөзін түсіне қояр ма екен?! Сана-сезіміміз өсті, жаһандағының бәрін біліп отырмыз дегенмен, астарлы сөздің түп төркінін түсіне алмай жүргеніміз қалай?
Сөзге үлкен мән берген халықтың ұрпағымыз. Қалың жауға дес бермеген ата-бабаларымыз бір ауыз сөзге тоқтаған. Тауып айтқан адамға ат-шапан айыбын беріп, салиқалы сөзді салмақтай білген ұлттың ұрпағы бүгін «Шырайлы Шымкент шаһарында «Үйлену той орталығының» ашылу салтанатына қатысқан танымал тележүргізуші Айгүл Мүкей армансыз билеп, әріптестерін шаң қаптырды» деген «арзанқол» жаңалықтарды жар салып, жариялаудан әрі аса алмай жүр. Тұрақты тіркестерді орынды-орынсыз қолданатындар көп. «Шығыны шаш етектен» деудің орнына «пайдасы шаш етектен» деп жазатындар да бар. Мақал-мәтелдерді де орынсыз қолданып, мәнін «майыстырып» алдық. Сөздің киесі де, жүйесі де қалмағандай. Бұлай жалғаса берсе…

Ардақ ҮСЕЙІНОВА,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support