- Advertisement -

Жігіттің сұлтаны еді

147

- Advertisement -

Бала кезімде Бекмұрат ағай туралы көп еститінбіз. Бастық десе бастық қой, сұңғақ бойлы, рәңді кісі еді. Айқайлап сөйлеп, болмаса дөрекі мінез көрсеткен емес. Соғыстан кейінгі халықтың жағдайын түсініп, жетім-жесірлерге көмектесіп, мектепке баратын балаларға киім-кешек, оқулықтар әперетін. Алдына барған адам риза болып шығушы еді. Ол кезде айлық деген жоқ еді ғой колхозда. Жылына бір-ақ рет жылдық есептен кейін бидай, жүгері, қант беретін. Қызылшада жұмыс істейтін әйелдерге жағдай жасап, қосынның басына күрке тігіп, күніне бір рет ыстық тамақ, шай дайындап қоятын, емшектегі балалы әйелдерді түс мезгілінде арбаға салып ауылға жіберетін.
Басқарма төрағасының адамгершілігіне, қарапайымдылығына риза болып осындай әңгімелер айтып отырушы еді апаларымыз. «Базарбай деген бригадирымыз бар еді, сол кісіге: «Сен әйелдерге көп айқайлай берме, жетісіп жүргендері шамалы ғой, көбі күйеуінен, баласынан айырылған жесірлер, оларға жылы сөйлеп, мақтап жұмса, сонда шын көңілмен аянбай еңбек етеді» деуші еді. Жарықтық сондай білімді, тәртіпті, ашық-жарқын сөйлеп, елдің тілін табатын. Кейінде талай басшыларды көрдік қой, тек Бекмұраттай болған емес» деген әңгімелерін естіген сайын сол кісі туралы білсем, жазсам деп жүр едім. Жақында соның сәті түсті. Облыстық мұрағаттан біраз мәліметтер алған соң, ағайындарын іздестіріп, інісі Мұстафамен танысып, Бекмұрат ағаның өмірін толық біліп алған соң, қолыма қалам алып, Бекмұрат Бекмұрзаевтың өмірі мен атқарған қызметі жастарға үлгі болар деген ниетпен жазып отырмын.
Б.Бекмұрзаев 1917 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Георгиевка ауданында бақуатты отбасында дүниеге келген. Әкесі Бекмырза 1928 жылы кәмпескеге ілініп, бай-құлақ ретінде сотталып, жер аударылады. Бекмұрат сұңғақ бойлы, ірі денелі болған соң жастығына қарамай жаңадан құрылған колхозға мүше болып қабылданады. Байдың баласы болған соң ауылдағы белсенділер Бекмұратты онша жақтыра қоймайды. Содан бір ағайындары «сендерге бұл жерде күн көрсетпейді, келіссеңдер Бекмұратты Ташкентке алып кетіп оқытайын» деген соң анасы келісімін беріп Ташкентке кетеді, осындағы қазақ мектебінің 10 класын бітірген, қалада орыстармен араласып, көп кітап оқыған, білімді Бекмұратты Қаратас МТС-нің басшылары есепші жұмысына шақырады. Ұзын бойлы, әдемі, сұлу, келбетті жігітті ұжым мүшелері жылы қарсы алады.
Жас жігіт өзіне сеніп тапсырылған жұмысты тиянақты атқарып, ұқыптылығымен, жұмысқа деген ынтасымен көзге түседі. Бір-екі жыл жұмыстың қыр-сырын біліп, тәжірибе жинақтап, тәртібімен, білсем деген құлшынысымен басшылардың көзіне ілініп, жақсы қызметкер, жауапты маман ретінде танылады.
Көп ұзамай Бекмұрат Первомай МТС-іне аға есепші болып ауысады. Осында қызмет істеп жүргенде білімінің таяз екенін біліп, басшыларынан оқуға жіберуін сұрайды. МТС директоры ҚазССР Жер комиссариатының 1 жылдық курсына оқуға жібереді. Осында білімін толықтырып, бухгалтер-плановик деген мамандық алады. Оқу біткен жасты Жер комиссариаты Жамбыл облысының Одаққа бағынатын заготтранспорт мекемесіне аға бухгалтер етіп жібереді. 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, үш айдан соң денсаулығының нашарлығына байланысты Жамбылға қайтады.
Комиссариат басшылары Бекмұратты 1940 жылы Ақыртөбе МТС-іне бас бухгалтер етіп жібереді. Ал 1945 жылы туған жеріне келіп Қаратас МТС-інің бас бухгалтері болып бекітіледі. Аудан басшылары білімді, тиянақты, тәртіпті, жас партия мүшесін 1946 жылы аудандық қаржы бөліміне басшы етіп тағайындайды. Онда да көп отырмай Қаратас аудандық партия комитетіне нұсқаушы етіп бекітеді.
Тәжірибелі, өз ісіне мығым Бекмұратты Қазақ ССР Жер комиссариаты 1947 жылы Жамбыл облысының «Восток» колхозына бас бухгалтер етіп жібереді. Бір жылдан соң ұйымдастыру қабілетін байқаған аудан басшылары оны «Еңбекші» колхозының төрағасы етіп сайлайды. Бекмұрзаев басқарған колхоз қызылшашылары мен малшылары қызылшадан мол өнім жинап, мал басын молайтып, айтарлықтай табысқа жеткені үшін қызылша звеносының жетекшілері: К.Шыңбаева мен М. Бақашева «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, тракторист Сансызбай, түйеші Тоқабай және колхоз басшысы Бекмұрат «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Жақсы ұйымдастырушы, талабы биік азаматты облыстық партия комитеті халқы көп Меркі ауданындағы тұтынушылар одағының жұмысын жолға қою үшін төраға етіп сайлайды. Бекмұрат әрбір ауылда дүкен, жүн-тері жинайтын пункттер ашып, халықты киім-кешекпен, тамақпен, күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етіп, сауда жұмысына қолына іс келетін адамдарды тартып, жұмысты жолға қоя алады. Осындай қиын жұмысты қаймықпай, қажымай орындап, ауыл тұрғындарының ризашылығына бөленіп, тұрмыс жағдайларының жақсаруына көп еңбектенді.
Меркі тұтынушылар одағының жұмысын жолға қойған соң Бекмұрат Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы «Красный Восток» колхозының төрағасы болып сайланады, 1961 жылы тәжірибесі мол Бекмұратты облыс басшылары жұмысы төмендеп кеткен Жуалы аудандық дайындау мекемесіне басшылыққа жібереді. Жаңа ұжымдағы қызметкерлермен жете танысып, жұмыстың жағдайын тексере келе ұжым мүшелерін жаңаша еңбек етуге жұмылдыра біледі. Ауыл шаруашылық өнімдерін дайындауға бар мүмкіншілікті пайдаланып, қызметкерлердің тәртібін қатаң қадағалап, тапсырылған жұмысты дұрыс атқара білуіне көп көңіл бөліп, алдағы мақсатқа жұмылдыра білді. Соңғы жылдары Жуалы ауданындағы мал бордақылау совхозын көп жылдар басқарған. Осында абыроймен еңбек етіп, 1977 жылы зейнетке шығады. Бекмұраттың артында ұл-қыздары, немере-шөберелері бар, өсіп-өнген жандар. Бекмұрат сүйген жары Күлшария екеуі балаларына жақсы тәрбие беріп, білім алуларына жағдай жасағанының арқасында бір қызы Лола – жоғары дәрежелі дәрігер, Гүлзейнеті Алматы қаласындағы ядролық институттың қызметкері, немересі Махамбет Алматыдағы үлкен фирманың директоры, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Раушаны – мұғалім, Фатимасы – дәрігер, бір шөбересіне атасының есімін берген, ол кіші Бекмұрат Бекмұрзаев полиция қызметкері және басқалары әртүрлі қызметте. Естемес бидің ұрпағы, «бай-құлақ» Бекмырзаның Бекмұратынан тараған тұяқтары Қазақстанның түкпір-түкпірінде туған елінің өркендеуіне аянбай еңбек етуде.
Осы жылы елі үшін, туған жері үшін еңбек еткен, қандай қызметте болмасын өзінің биік талабымен, тазалығымен, турашылдығымен танылған, елінің құрметіне бөленген, әдемі де сымбатты, сұңғақ бойлы жігіттің сұлтаны Бекмұраттың 100 жылдығын ұл-қыздары, немере-шөберелері атап өтпекші.

Москау НоҚрабеков.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support