- Advertisement -

НИККОЛО ПАГАНИНИ ҚҰПИЯСЫ

310

- Advertisement -

Ұлы музыкантты неге «перілер скрипкашысы» атаған?

Порт жүк тасушысының ұлы Никколо Паганини бүкіл әлемге танылған атақты музыка шебері болумен қатар, оның өнері көптеген аңыз әңгімелерге де арқау болды. Сондай сөздердің көбінде ол жын-перілермен шарт байласқан, скрипкасының шектері шебердің жолында қиналған әйелдердің ішегінен жасалған деген нұсқалар айтылады. Паганинидің орындаушылық шеберлігі, шынында, адамның мүмкіндігінен тыс таңғажайып еді. Соның арқасында ол әйелдер арасында да өте беделді болды.
Әкесінен мандолина мен скрипкада ойнауды үйреніп, Дж.Коста және А.Ролла, Д.Пиретти, Ф.Паэр сынды өнерпаздардан сабақ алған. 1793 жылы Генуя жұртшылығы 11 жасар Паганинидің жеке концертін тамашалайды. Ол 1797 -1798 жылдары Солтүстік Италия аймақтарында жиі өнер көрсетіп, 1801-05 жылдары соло скрипкасына арнап 24 каприччио, гитара, шекті аспаптардың сүйемелдеуінде скрипкаға сонеттер жазады. 1815 жылы Миландағы өнер сапарында Паганини мен француз Ш.Лафон скрипка сайысын ұйымдастырады. Бұл сайыс ескі классикалық мектеп пен жаңа романтикалық бағыттың тартысы іспеттес болатын. Паганини жеңіске жетеді. 1828 жылдан Еуропа елдерінде ұласқан концерттік сапары Паганиниға атақ-даңқ әкеледі. Ол скрипкада өнер көрсетудің жаңа тәсілдерін ойлап тауып, бұл аспапта ойнаудың қазіргі техникасының негізін салды. Паганинидің композиторлық шығармашылығы да өзгеше. Скрипкаға арналған 6 концерт, квартеттер, концерттік пьесалар, 24 каприччио, сонаталар, көптеген вариациялық топтамалар, тағы басқа көптеген өнер туындыларын жазды. Паганини гитарада да жақсы ойнаған. Гитараға арнап 200-ден аса пьеса жазған. Г.Берлиоз, Ф.Лист, Ф.Шопен, Р.Шуман, секілді бірқатар композиторлар Паганиниді үлгі-өнеге тұтқан. Ол туралы көптеген көркемсуретті фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылды. 1954 жылдан Генуяда скрипкашылардың Паганини атындағы дәстүрлі халықаралық байқауы өткізіліп тұрады
Паганинидің атақ-даңққа жету жолы кедергісіз болмады. Бала кезінен ол әкесінің қаталдығына төзуге мәжбүр болды. Әкесі оны далаға шығармастан күндіз-түні музыкамен айналысуға міндеттейтін. Тіпті, ауа жетпегендіктен бозбала есінен танып қалған болатын. Сол кезде ата-анасы оны өлдіге санап, көмудің аз-ақ алдында қалған. Ол ауруынан аздап айыққан соң да музыкамен айналысуын тастамады. Соның арқасында Паганинидің атағы өзі туып-өскен Генуяның шекарасынан асып, әлемді шарлап кетті.
8 жасында-ақ ол бірнеше күрделі тақырыпта скрипкалық сонаталар жазды. Ол өзінің атақты каприччиоларының көп бөлігін жас кезінде өмірге әкелген. Ал скрипкада ойнауда оның он саусағынан өнер тамған таңғажайып орындаушы болды. Сөйтіп, скрипканың дәстүрлі машықтарын әбден меңгерген Паганини түрлі тәжірибе жасай бастады: ол адам күлкісі мен құстардың ән салғанын, флейта мен өзге де саз аспаптарының үнін, сиырдың мөңірегені секілді жануарлардың даусын, түрлі дыбыстық эффектілерді қолданды.
19 жасында ұлы скрипкашы алғашқы және ең шынайы махаббат сезімін бастан кешіреді. Алайда, оның кім екенін ол ешқашан ешкімге айтпаған. Олардың махаббат хикаясы аз ғана уақытқа созылғанымен, өмірінде өшпестей із қалдырады. Сол кезден бастап музыканттың бойын үнемі жалғыздық сезімі билейді.
Бірде Паганини әлдекіммен екі ішекті скрипкамен-ақ оркестрді басқара алатынын айтып бәстеседі. Ол келісілген бәсті жеңіп қана қоймай, атақты Наполеонның әпкесі Элиза Бонапартқа ерекше әсер қалдырады. Шебердің өнерінен сұлу естен танып қалған деседі. Осылайша, олардың арасында сүйіспеншілік туындап, арақатынастары жақындай түседі. Екі ішекпен оркестр басқарған былай тұрсын, Паганини Наполеонның туған күнінде бір ішекпен ғана өнер көрсетіп, көпшілікті таң-тамаша қалдырды. Алайда, музыканттың Элизаға деген сезімі тез суып, оның көңілі Наполеонның басқа қарындасы – Полина Боргезеге ауады. Ол екеуінің арақатынасы да ұзаққа созылмады.
Паганини әйелдердің жүрегін қалай тез жаулап алса, ол қалалар мен елдерді де солай оп-оңай тамсандыра алатын еді. Оған Италия, Австрия, Германия, Франция, Англия, Ирландия секілді көптеген елдер құрмет-қошемет көрсететін. Оның махаббат хикаясы мен өнері жайлы Генрих Гейне «Флорентий түндері» естелігінде: «Иә, досым менің, негізі дұрыс айтады, Паганини Луккада оркестр басқарып жүріп театрдың қас сұлуына ғашық болады да, оның көзіне шөп салғанын көтере алмай, ғашығын жаншып өлтіріп, сол үшін Генуяға айдалып кетеді. Сол жақта ол ұлы скрипкашы болу үшін жанын сайтанға сатады» деп жазады.
Венада өткен бір концертте тыңдармандардың бірі оның арт жағында жын-шайтанның тұрып, оның қолдарын басқарып тұрғанын көргенін айтады. Бұл сөзді журналистер шын ақпарат ретінде таратады. Сондай-ақ, ел арасында оның дұшпандары музыкантты жүрегі жоқ, майда, ниеті тар адам ретінде көрсетуге тырысатын. Өле-өлгенше Паганинидің соңынан өсек-аяң арылмады.
Тіпті, ол өлгенде Ницца эпископы оны жындармен байланысы болғаны үшін айыптап, діни рәсімдеп көмуге тыйым салады. Оның денесі өлімінен 56 жыл өткенде ғана жер қойнына тапсырылған. Жерлеу рәсімінің куәгерлері Паганинидің денесі сол уақытта да бұзылмай, оның қабірінен музыка әуені естіліп тұрғанын айтқан. Ол көз жұмғаннан кейін де түрлі аңызға толы әңгімелердің кейіпкері болып қала берді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support