- Advertisement -

Жамбылдың ізі, Кененнің көзі

99

- Advertisement -

Шымкент қаласында өткізілген «Бірлігі жарасқан – «Мәңгілік Ел» атты халықаралық ақындар айтысында жерлесіміз Қанат Мырзахан әдемі айтыс жасап, жарқырап көрінді. Бұл айтысқа еліміздің бірнеше өңірінен бөлек Қырғыз, Қытай, Моңғолия елдерінен және Өзбекстаннан жыр дүлдүлдері қатысты. Осыдан-ақ, жүлдеге ілігудің бәсі қандай жоғары болғанын байқау қиын емес. Дегенмен, жерлесіміз Қанат Мырзахан жарады. Ол алғашқы айналымда түркістандық Тұрар Тілеулиевті жеңіп, келесі айналымда шымкенттік Қажымұқан Абзаловтан да айқын басым екенін байқатты. Шешуші айтыста Қанат сарыағаштық Жарқынбек Наушабековті жүлдеден ығыс­тырды. Бұл айтысқа үш автокөлік тігілді. Бас жүлде шымкенттік Анар Жапарқұловаға берілсе, жүлделі бірінші орынға астаналық Жандарбек Бұлғақов лайық деп танылды. Жүлделі екінші орынды даусыз иеленген жерлесіміз, жуалылық Қанат Мырзахан «Daewo Neхia» автокөлігін олжалады. Олжамен оралған жерлесімізді облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері қарсы алып, құрмет көрсетті. Орталық директоры Ғани Садырбаев жүлдемен оралған Қанат Мырзаханға Алғыс хат тапсырып, арнайы сыйлық ұсынды. Айтыскер Алтынкүл Қасымбекова шәкіртіне көрсетілген мұндай құрмет үшін облыстық шығармашылық орталығының ұжымына алғысын білдірді.

* * *

Сондай-ақ, Орал қаласында да ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып «Азаттықтың ақ таңы!» атты республикалық ақындар айтысы өткен болатын. Еліміздің әр аймағынан аузымен құс тістеген, таңдайына өлең ұялаған азулы айтыскерлер арасынан біздің жерлестеріміз де жүлдесіз қайтқан жоқ. Бұл аламанға Жансая Мусина, Нұрмат Мансұров секілді жүйріктер қатысқанын айта кетейік. Дегенмен, шешуші сәтте алматылық Айдана Қайсабекпен өрнекті айтыс жасай білген жерлесіміз Нұрлыбек Құрманов жүлделі үшінші орынға (500 мың теңге) лайық деп танылды. Тараздық тағы бір ақын Дархан Әбдіманат оралдық Айнабек Бейсенғалиевпен өрелі сөз сайысын өрбітіп, айтыс көрігін қыздырған болатын. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов 400 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйлығын жерлесіміз Дархан Әбдіманатқа тапсырды.
Осылайша, жамбылдық жас айтыскерлер сыртта өткен айтыс аламанында өңір намысын абыройлы қорғап, қос-қостан жүлделі болып оралды.

Есет ДОСАЛЫ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support