- Advertisement -

Жасай бер, жасампаз елім менің!

107

- Advertisement -

«Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске, айта бергім келеді, айта бергім» деп ақындар жырлағандай, еліміздің еркіндігін, азаттығын қанша толғанып жазсақ та артық емес. Тәуелсіздік деген тәтті ұғымның көңілімді қалай қуанышқа бөлейтінін сезіне білу қандай бақыт десеңізші!

Қастерлі Тәуелсіздіктің келуіне әр адамның тілегі, ниеті, үлесі бар. Батырлардың қарулы білегімен, бабаларымыздың арман тілегімен келген – еркіндік бұл. Әркімнің де атасы, ағасы, бауыры кешегі көтерілістерде, ашаршылық жылдарында, Ұлы Отан соғысында опат болды. Аңсаған армандарына жете алмай, қасірет жұтты. Сол бабаларымыздың арманы –Тәуелсіздік еді ғой. Аталар жете алмаған бақытты күнге, міне, біздер, ұрпақтары жетіп отырмыз. Сондықтан, мұндай күннің қадірін шын жүрегімізбен, шынайы сезінгеніміз жөн дер едім.
Мен көп әріптестерім секілді Тәуелсіз елдің жалынды ұрпақтарын тәрбиелеумен айналысып келемін. Шәкірт тәрбиелеу жеңіл міндет емес. Мұны әр күн сайын сезінудеміз. Күн сайын алдымызда көңілі қардай кіршіксіз оқушылар отырады. Олардың сәби кезінен қалыптасуы, зейінді болуы, жақсы тәрбие алуы біздің міндетіміздегі жұмыс. Менің осы мамандықпен еңбек еткеніме он жылдан асты. Сонда да әр күн сайын жұмысымды бүгін бастағандай жауапкершілікпен келемін. Себебі, бала тәрбиесі ешқашан оңай болған емес. Бір дана кісіден екі жасар сәбиі бар ана «Ата, айтыңызшы, мына сәбиімді әуел бастан дұрыс тәрбиелегім келеді, қалай тәрбиелегенім жөн» деп сұрапты. Сонда әлгі дана қария: «Қарағым, сен балаңды тәрбиелеуге екі жыл кешігіп қалдың» деген екен. Демек, тәрбиешілердің қоғамда алатын орны бөлек. Бала – біздің бақытымыз, бүгінгі бүлдіршіндер – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан, бала тәрбиесі жолында еңбек етуден аянып қалмаймыз.
Ал Тәуелсіздіктің ғажайып құндылығын, қымбат байлық екенін шәкірттердің жүрегіне құюдан жалыққан емеспіз. Бүгінгі бүлдіршіндер отаншыл, патриот болып өсіп келеді деп айта аламын. Себебі, олар Тәуелсіз Қазақстанның төл перзенттері. Осындай өркендеуге бет алған, ынтымағы жоғары, бірлігі бекем елдің перзенті болу біздер үшін зор мақтаныш. «Жасай бер, Тәуелсіз елім, өркендей бер өз елім!» дегім келеді.

Нұрсұлтан Алтынбеков,
Тайшапов атындағы орта мектеп директорының орынбасары.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support