- Advertisement -

Шаруалар үкімет қолдауын ұтымды пайдалануы керек

128

- Advertisement -

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келді. Премьер-Министрдің орынбасары өңірдің ауыл шаруашылығы жағдайымен танысуды Байзақ ауданындағы Ботамойнақ ауылындағы жеке кәсіпкер Хафиз Зуфаровтың шаруашылығымен танысудан бастады. Елордадан келген өкілмен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірге жүрді.

img_6692 img_6716Премьер-Министрдің орынбасарының Ботамойнаққа атбасын бұруы бекер емес. Былтыр ұсақ шаруа қожалықтарды біріктіріп, ауыл шаруашылық кооперативтерін құру жөнінде заң қабылданғаны белгілі. Ол заң талаптары аудан, ауылдардағы шаруа қожалықтарға, жеке кәсіпкерлерге түсіндірілген. Енді, міне, 21 жеке кәсіпкердің бірігуінен бұл ауданда «Талас-16» кооперативі құрылып отыр. Біріккен кооперативке енді техника алу да, несие алу да жеңілге түседі. Мәселен, «Талас-16» кооперативі алдағы уақытта сүт бағыты бойынша мүйізді ірі қараны 510 басқа жеткізуді көздейді. Хафиз Зуфаров министрге атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады. Өздеріне үнемі қолдау көрсетіп отырған Елбасына алғысын білдірді. Бұл кісі осыдан үш жыл бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 3 миллион теңге несие алған екен. Оған мүйізді ірі қара сатып алыпты. Бұл күнде сиырының саны 75-ке жеткен. Несиесінен де құтылған. Алдағы уақытта 6 миллион теңге несие алып, ірі қара санын молайтуды көздейді.
Асқар Мырзахметов осында жиналған «Талас-16» кооперативінің мүшелерімен және өзге де шаруа қожалық жетекшілерімен кездесіп, әңгімелесті. Шаруалар жайылымдық жердің тар екенін де мәселе етіп көтерді. Министр алдағы уақытта жайылымдық жерді пайдалану туралы заң шығатынын, әзірге шаруашылықтар бір-біріне селбесу қажеттігін, біріккен шаруа қожалықтардың ұлғайған алқабы жерді ауыспалы негізде пайдалануға да мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ, бұл аудандағы «Бақытжан-16» кооперативі тәулігіне 720 литр, «Агали» шаруа қожалығы тәулігіне 500 литр сүт өндіруді көздеп отыр. Асқар Исабекұлы ірі қараға арналған қора жайларды да аралап көріп, белсенділігі үшін Хафиз Зуфаровқа ризашылығын білдірді.
* * *
Көне Тараз тарихи-мәдени орталығында салынған «Достық» үйінде Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Мырзахметовтің қатысуымен ауыл шаруашылығына қатысты мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіруге арналған аймақтық семинар- кеңес өтті. Сондай-ақ, семинар-кеңеске оңтүстік облыстардағы облыс әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері қатысты. Семинарды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашты. Ол өз сөзінде өңірде кейінгі жылдары 6 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылғанын, 700 адам жаңа жұмыспен қамтылғанын, жұмыссыздар саны едәуір азайғанын айтып өтті.
Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы өнімдерінің 90 пайызы өзімізде өндірілгенімен, өнімді өңдеумен шұғылданатын зауыттардың жұмысы сын көтермей тұрғанын айтты. Мәселен, өнімді өңдеуге арналған зауыттардың қуаты 15 пайыздан аспай отыр. Ауыл шаруашылығы жоғары сатыға көтерілу үшін бұл көрсеткіш 70-80 пайызға жетуі керек. Сондай-ақ, ол қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру жөнінде де әңгіме қозғады.
Мұнан соң Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов мал шаруашылығына төленетін субсидиялар жөнінде айтты. Мәселен, осы кезге дейін шетелден әкелінген асыл тұқымды малдан төл алу арқылы мал басын асылдандырудың тиімділігі, 100 бас асыл тұқымды қойы бар шаруашылыққа да субсидия төленетіндігі, сүт бағытында жұмыс атқаруды көздейтін кооперативтерге сиырды сауудың электронды құрылғысын пайдалану қажеттігі жөнінде кеңінен ой қозғады. Құс шаруашылығын дамытудың тиімділігі жөнінде де айтып өтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова егін шаруашылығы бойынша төленетін субсидиялар жөнінде айтып өтті. Қант қызылшасын өсіруші шаруашылықтарға өте жақсы қолдау болатынын қозғады.
Бұдан кейін жиынға қатысушылар сұрақ қойды. «Заң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дүйсенбек Ыбыналиев жылқының аналық басына субсидия төленсе деген ұсыныс айтса, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров тыңайтқыш өндіруде туындайтын мәселелерге тоқталды. «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Халит Базаралиев те мал шаруашылығын дамыту, облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова жас кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі ұсыныс тілектерін жеткізді.
Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қолдау жұмыстары жалғасатынын, мүмкіндікті пайдаланып қалу қажеттігін айтты. Семинар-кеңес жұмысын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қорытындылап, Асқар Мырзахметовке және қатысушыларға ризашылғын білдірді.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support