- Advertisement -

Абайдың 200-ге жуық өлеңін жатқа оқып…

134

- Advertisement -

– Міне, қарағым, Абайдың 200-ге жуық өлеңін жатқа оқитын балам осы. Атасынан аумай қалған, құлыным, сол. Сөз сап­тағаны да, өлеңге құмарлығы да атасы Қамшыбекке тартқан.

Ахметтің апасы Мәдина қуаныштан ішкі толқынысын ірке алмай, сам­бырлап сөйлеп отыр. Сөз тізгінін ешкімге берер емес. Немересінің республикалық «Абай оқулары» байқауынан бас жүлдені жеңіп алғанын бір айтып, оған қалай дайындалғанын екі айтып, әңгімесін тауыса алмауда.
– Былтыр «Абай оқуларына» қатысатын болып, көптеген өлеңін жаттап, жақсы дайындалған. Ауданда Ахметіме тең келер ешкім шыққан жоқ. Бірақ, облыстық байқауда жолы болмады. «Абайдың өлеңдерін менен де көп білетіндер бар екен», деп ұнжырғасы түсіп, көңілсіз оралды Тараздан. Баламның жайын түсініп, «ештеңе етпейді, сен де сонша өлеңді жатқа оқитын боласың. Қамшыбектің немересі осындай сәтсіздікке бола жасиды ма?!» – деп қайрап қойдым. Биыл 170-тей өлеңін жаттады. Қара сөздерін де жатқа біледі. Немеремнің жолын кесті ме деп күдіктенгенім бекер екен. Облыстық білім басқармасының мамандары биыл байқаудың республикалық кезеңіне Ахметті жібереміз депті бірауыздан, – деп бір тоқтады. – Әй, есіңде ме, Қамшыбек жиын-тойларда ақындардың өлеңін жатқа оқып, арасында суырып салып, сөз тізгінін ешкімге бермеуші еді ғой…
Өткен күндері есіне түсті ме, Мәдина апай ендігі сәтте қуаныштарына ортақтаса келген замандасы екеуі ұзын-сонар естеліктердің тиегін ағытып, өзді-өзі болып кетті. Біз бағанадан бері апасының сөзін бөлмей, үнсіз жымиып қарап отырған Ахметті сөзге тартпақ болдық. Абай өлеңдеріндегі сабырлылық жас жеткіншектің бойына дарығандай. Ауыл баласына тән ұяңдық та бар. Ахмет байқаудан бас жүлдемен оралам деп ойламағанын айтты.
Оқушылар арасында мұндай байқау жыл сайын өткізілетіні белгілі. Бұған дейін бұл жарыста жүлдегер атанған жамбылдықтар көп болғанымен, бас жүлде бұйырмаған еді. Биыл Құлан ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Ахмет Қамшыбек жеңімпаз атанды.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support