- Advertisement -

Егемендіктің арқасында елге танылғандар

160

- Advertisement -

Шетелде оқу дегенде, ең алдымен «Болашақ» бағдарламасы ойға оралатыны анық. Елбасының тапсырмасымен қабылданған бағдарламаның көптеген жастарға жол ашқаны шындық. Сондықтан болар, көпшілігі жастар басқа мемлекетте оқып жатыр десе, бірден «Болашақ» стипендиясының иегері деп қабылдайды. Жоғары оқу орындарында ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық, сонымен қатар «ERASMUS+», «MEVLANA», «DAAD» сияқты бағдарламалар барынан көпшілік хабарсыз.
Студенттерге әлемдік стандарттар деңгейіне білім алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар – тәуелсіздігіміздің жемісі. Олай дейтін себебім – бұрынғы кеңестік кезеңде мұндай мүмкіндік берілмейтін. Сол кездерде қызмет еткен аға буын ол шақта шетелге шығу деген бір орындалмас арман болғанын айтады бүгінде. Ал қазір өнер үйреніп, білім аламын, спортпен шұғылданамын деген жастарға барлық жағдай жасалған.
Біздің факультетіміздің студенттері мен жас оқытушылар мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдалануда. Атап айтатын болсақ, соңғы үш жылда факультеттің үздік оқитын 7 студенті мен магистранттары Польшадағы Лодзинск университеті мен Люблин политехникалық университетінде, Түркия еліндегі Кастамону университетінде, АҚШ-тағы Гринридер колледжінде, Литваның Вильнюс және Каунас технологиялық университеттерінде, Германиядағы Дойла-Нинбург аграрлық-техникалық академиясында білімдерін шыңдап қайтты. Биыл тағы 4 студентіміз академиялық ұтқырлық және «ERASMUS+» бағдарламалары бойынша Польша (Лодзинск университеті), Португалия (Браганса политехникалық институты), Түркия (METU университеті) және Германия (Хоф университеті) елдерінің үздік оқу орындарында білім алуда. Олар: «Математика» мамандығының 3-курс студенті Асылай Бекмұрзаева, «Информатика» мамандығының 4-курс студенті Асқар Шардарбеков, «Есептеу техникасы және бағдарламалық жабдықтау» мамандығының 4-курс студенті Әділет Әліпбеков және осы мамандықтың 3-курс студенті Қайсар Мұсабеков. Португалия елінің Браганса университетіне білім алуға кеткен Асқар Шардарбеков аталған университетке Қазақстаннан барған алғашқы білім алушы болғанын айта кету керек.
Тәуелсіз еліміз жоғары білім беру жүйесін әлемдік стандарттары деңгейіне жеткізуді көздейді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, соның ішінде ақпараттық жүйелер, автоматика және телекоммуникация факультеті бұл іске өз үлесін қосуда. Атап айтар болсақ, университетіміз 51 шетелдік ЖОО-мен келісімшарт жасасты. Меморандумдарда көрсетілген міндеттер нақты орындалуда. Мысалы, 2013 жылдың 4 мамырында университет тарихында тұңғыш рет Польшадағы Люблин политехникалық университетінің ректоры Пиотр Кацэйко мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков қос дипломды білім беру жүйесіне көшу туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы келіссөздің нәтижесінде биыл «Автоматика және телекоммуникация» кафедрасының магистранты Ербол Тұрғынбеков қос дипломды білім беру магистрлік бағдарламасын табысты аяқтап, екі университеттің дипломдары мен академиялық магистр дәрежесін алды. Қазір ол оқытушылық қызмет атқаруда.
Ерболдың табысы жас оқытушылардың шетелдік жоғары оқу орындарында өз біліктіліктерін көтеруге деген ынтасын оятты. Кафедраның жас оқытушысы Айбек Қабанбаев Испания елінің Кастилья-Ла-Манча университетінде жарты жыл бойы өз білімін шындап келсе, Лаура Есмаханова Люблин политехникалық университетінде PhD докторантура бағдарламасы бойынша білім алуда. Лаураның докторантураны табысты бітіріп, жақын арада доктор PhD атағына ие болып, өз білімін, күш-жігерін жас Қазақстанның өркендеуіне жұмсайтынына сеніміміз мол.

Гаухар МҰРАТОВА,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
Ақпараттық жүйелер, автоматика және
телекоммуникация факультетінің деканы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support