- Advertisement -

Биылғы мектеп бітіру балы қайда өтеді?

116

- Advertisement -

Мектеп бітірушілер үшін нағыз көңіл алабұртқан сәт келді. Бірер күнде олар үлкен өмірге жолдама алады. Бұған дейін Ұлттық бірыңғай тестілеуді ойлап қобалжыса, енді алдағы арман-аңсарларын ойлап алаңдаулы. Өйткені, осы сәттен бастап қамсыз балалықтың ауылы алыстай түсетінін біледі. Сондықтан, түлектер мектеп бітіру салтанатын ұмытылмастай етіп өткізгісі келеді, сол үшін дайындықты бірер ай бұрын бастайды. Бірақ… соңғы уақытта елімізде біраз жайт орын алды. Террористік қауіптің «сары деңгейі» жарияланғаны тағы бар… 

Мектеп бітірушілер де, ата-аналар да қобалжулы. Бәрінің көкейлерінде «Мектеп бітіру балы өте ме?» деген бір сұрақ тұр. Біз осы сауалды облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбековаға қойған едік.
– Білім және ғылым министрлігінің хатына сәйкес, республиканың барлық жалпы білім беретін мектептерінде мектеп бітіру кештері 17 маусымда өтеді. Бірақ, бұл салтанатты шара және жалпы орта білім туралы аттестаттарды табыс ету рәсімдері өз мектептерінде өткізіледі. Мектептен тыс жерлерде, яғни көңіл көтеретін ойын-сауық орындарында өткізуге рұқсат берілмейді. Облыс бойынша 315 жалпы білім беретін мектепте барлығы 8561 түлек түлеп ұшқалы отыр. Бұл олар үшін ерекше сәт екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан, мектеп бітірушілер үшін бұл кеш өз салтанатымен өтетін болады.
– Жыл сайын «Алтын белгі» және үздік аттестат иегерлерін, ҰБТ-да жоғары балл жинағандар қала, аудан орталықтарында өткізілетін салтанатты шараға шақырылатын. Түсінуімізше, биыл мұндай шара өткізілмейтін секілді?
– Оқу озаттары елеусіз қалмайды. Тараз қаласындағы және аудандардағы үздік түлектерді қала, аудан әкімдері күндіз қабылдап, аттестаттар мен бағалы сыйлықтарын тапсырады. Облыста ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 6065 мектеп бітірушінің 220-сы «Алтын белгі» орта білім туралы аттестатына үміткер болды. Соның 130-ы өз білімдерін дәлелдеп, үмітті ақтағаны белгілі. Оларға «Алтын белгі» тапсырылады.
– Ұйымдастыру ісіне тоқтала кетсек, жас түлектердің мектеп бітіру кештерін өткізуге кімдер жауапты?
– Жауапкершілік ең алдымен сол мектептің басшысына, ұстаздарына жүктеледі. Сонымен қатар, қала және аудан әкімдіктері мен білім бөлімдерінің басшылары да жауап береді. Сондай-ақ облыстық ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметкерлері өкілдерімен кезекшілік ұйымдастырып, барлық жағдайды бақылауда ұстайтын болады.
Мектеп бітірушілер үлкен өмірге жолдама алғанымен, балалықтары қалмаған. Сондықтан, біз оларды қадағалап отыруға тиіспіз. Бұған ата-аналар да үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Балалардың өміріндегі қуанышты сәттердің бірі ғой. Сол күнді жақсы өткізу – бәріміздің міндетіміз.
Рахмет!

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support