- Advertisement -

Бір қойдың жүні 5 келіден айналуда

156

- Advertisement -

Шопандар ауылына барған сайын «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген аталы сөз ойға орала береді. Шындығында, шелді мал төлді келеді емес пе? Оның үстіне, еті ғана емес, жүні де кәдеге асатыны тағы бар. Көделі көктеуінде болға­нымызда, қой қырқу науқанының үстінен түстік.  іске білек сыбана кіріскен қырықтықшылардың еңбегіне риза болмасқа амалың жоқ. Қайшының сырылы, мотордың гүрілі, қорадағы қойдың шуы, еңбек адамдарының емен-жарқын даусы төңірекке жан бітіргендей. қай жағыңа қарасаң да қызу еңбек. Жұмысшылардың бірі қой қырқу қамына кіріссе, екіншісі жүнді таразыға тартып, енді біреулері жүнді сұрыптап, тайлап буу үстінде.

– Биылғы қой қырқынына 3000 бас қой түсті. Науқанды іс аяқталды. Әр қойдан 4,5-5 келіден жүн алынуда. Бағылан Төребеков, Мұрат Дәуітбаев, Нұргелді Алтынбеков, Өскен Оспанов, Алмат Жолшаев сынды қырықтықшылар еңбегі ерекше, олар күніне 100-110 қойды жабағысынан арылтуда. Таразышы Қанағат Жолтаевтың, моторшы Нұржан Ноғайбаевтың, тайлаушылар Жүніс Қуанышбек пен Орал Байтақовтың, жүн сұрыптаушылар Мұрат Дәуітбаев пен Нұргелді Алтынбековтің тиянақты тірліктеріне көңіл толады. Әрине, әр қойдан 4,5-5,0 келіден жүн қырқылуы – жоғары көрсеткіш. Өнімнің мол алынуы Жарқынбек Қазыбаев, Сандыбай Сәрсенбаев, Досжан Мұраталиев, Серік Есімбаев, Нұрбол Қаржаубаев, Елдос Ізтілеуов, Болат Сәрсенбаев, Берік Төлебеков секілді аға шопандарымыздың еселі еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондай-ақ, Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Сәлімбаевтың еңбегі ерекше. Ғылыми зерттеулері әрқашан оң бағасын беріп келеді. Биылғы көрсеткішіміз соның жарқын айғағындай, – деді бізге «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов.
Шаруашылық басшысының айтуынша, облыс орталығындағы жүнді алғашқы өңдеу мекемесімен арадағы келісім-шартқа сәйкес жүннің әр келісі 400 теңгеден өткеріліп, әр басқа 130 теңгеден субсидия төленуі тиіс. Алайда ПОШ мекемесі уәде үдесінен шыға алмауда. Күні бүгінге дейін тиісті қаражаттың 60 пайызын ғана төлеумен шектеліп отыр. Бүгінгідей қаржы дағдарысы тұсындағы уақытша қиындықтардың ықпалы да бар болар. Десек те, басшының да, шопанның да көңілдерінде күдіктен гөрі үміт басымдау.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support