- Advertisement -

«Посылкамен» келген жеңеше

100

- Advertisement -

0002-001Мен келін боп түскен сонау 1975 жылдары көшемізде тұратын (Тараздағы Сухамбаев көшесінің 4-бұрылысы) Қатира апа, енем Әсіл апа, Тұрсынай апа, Зылиха апа, майданнан оралмаған қосағын үнемі есіне алып отыратын Рыскүл апа, соғыстың зардабынан шалға ұзатылған Алтын апа, Әлия апалар бір-бірінсіз ас ішпейтін абысындар еді. Қазір осы кісілердің ішіндегі көзі тірісі – Тұрсынай апа ғана.
Менің естелігім – көршіміз Шайжан ата мен Зылиха апа жайлы. Зылиха апаның ұлты татар болса да, енеме «абысын» деп сөйлейтін. Екеуінің сыйластығы ерекше болатын. Енем қайтыс болған соң, Зылиха апа менімен де жақын болып кетті. Шай үстінде сырласып отырып, бірде өзінің өмірі жайлы да айтып берген еді.
Зылиха апа 1926 жылы Татарстанның Стерлитамак қаласында дүниеге келеді. 1943 жылы соғыстың қызып тұрған шағында танк жөндеп жүрген Шайжан есімді қазақ солдатымен танысады. Сол таныстық махаббатқа ұласып, татар қызын Қазақстанға, Жамбылға жетелейді. Бір қызығы, Зылиха апа Қазақстанға сүйіктісімен емес, өзі келеді. Шайжан ата:
– Соғыстың аты – соғыс. Егер менімен отандасқың келсе, мекен-жайымды берейін, үйде кәрі әке-шешем бар, соларға бас-көз боп тұра бер, – дейді. Небәрі 16 жастағы жас қыз ары ойланып, бері ойланып, бауырларымен, туыстарымен қоштасып, «Жамбыл, қайдасың?» деп жолға шығады.
Мекен-жай бойынша Жамбылға, онда жазылған көшеге келіп, аңтарылып тұрғанында Тұрсынай апа жолығып, жөн сұрайды. «Олжабайдың үйін көрсетіп жібересіз бе?» – деп, әлгі қыз қолындағы қағазды көрсетеді. Сөйтіп, Олжабай атаның үйіне келін болады. Ал Тұрсынай апаны сол күннен бастап «абысын» атап, қазақтың салт-дәстүрлерінің денін содан үйренеді. Ал Шайжан ата Зылиха апа келін боп түскеннен кейін 5 жылдан соң, 1948 жылы, елге аман-есен оралады. «Жалғыз ұлымыз осы қыздың тілеуіне соғыстан аман келді» деп, Олжабай ата мен Ұлбике апа өмірден озғандарынша келіндерін жақсы көріп өткенінің куәсі болдық. Қайындары Зылиха апаны «мекен-жай жазылған бір жапырақ қағаз арқылы «Посылкамен» келген жеңеше» деп атап кетті.
Қазақтың қарапайым бір жігіті үшін туған елін, тума-туыстарын тастап, қазақ отбасының түтінін түтеткен Зылиха апа 10 баланы дүниеге әкеліп, «Батыр Ана» атанды. Еңбектен де қол үзген жоқ. Жамбыл резина бұйымдарын шығаратын зауытта жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шықты.
Шайжан ата болса, осы «Ақ жол» газетінде (ол кезде «Еңбек туы» деп аталатын) қызмет етті. Екеуі немере, шөбере сүйіп, ата, әже атанды.

Мейрамкүл ТЕЛЯЕВА,
зейнеткер.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support