- Advertisement -

Жыр алыбы — Жамбыл

276

- Advertisement -

Қазақ халқы – табиғатынан ақын, жыршы халық. Белгілі шығыстанушылар, білікті орыс ғалымдары мұны талай мойындап, жазған.

Есте жоқ ескі замандардан бергі ел тарихының көркем шежіресін үздіксіз жасаушылар – сөз зергерлері ақындар. 

Ғасырдан-ғасырға жалғасып, атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ сөз өнерінің екі үлкен айшықты мектебі бар тәрізді.
Бірі – өмір, замана жайында толғана жазатын шешендік, пәлсапалық, данышпандық мектеп. Мұның аты сақталып бізге жеткен түпкі атасы – Асан қайғы, одан бұл өнер ғасырлар аттап кешегі ұлы Абайдың қолына тиді.
Екіншісі – өле-өлгенше көмейі күбірлеп, жағы талмаған, дария-даңғыл жыраулар мектебі. Мұның әзірге біз білетін, аты мәлім түпкі атасы – Сыпыра жырау. Оған іліктес Шалкиіз, Бұқар, Шөже, Майкөт жыраулар аталады. Сондай жыраулардың ең соңғы үздігі – Жамбыл.
Ақындық өнердің табиғатын, сипатын, дәл танып, оның тарихы мен бүгінгі болмысын терең зерттеген дәуіріміздің ғұламасы, білімпаздардың бірі, академик Мұхтар Әуезов ақындықтың бірнеше саласын ажыратады. Эпик ақындар – бұған Марабай, әнші-ақындар – бұған Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, айтыс ақындары – бұған Шөже, Құлмамбет, халық мұңшылары Асан қайғы секілді ақындар тобын жатқызады. Ақындықтың осындай әр түріне, Әуезов атаған ақындардың үстіне толып жатқан майталман жүйріктердің тізімін келтіруге болады.
Бір ғажабы, қазақтың ақын-жыраулары жорғалықтың табанын қыздырып, әбден төселіп, кемеліне келгенше домбыраның құлақ күйін қайырған бапты күйшідей ұзақ сонар жырлаған. Міне, осының бәрі түптеп келгенде, импровизаторлық (табан астында қиып айту) өнердің құдіретін танытады.
Кенен Әзірбаевтың Жамбылға арнаған «Жамбыл-жыр» атты поэмасында мынандай жолдар бар.

«Ұлы жүз ұлағат қылған Сүйінбайды,
Өлең – жыр Сүйінбайсыз бұйырмайды.
Ақындар Сүйінбайды атамаса,
Баяғы басқан ізді шиырлайды.

Ұстазы Сүйінбайдың – Қабан ақын,
Бас иген Ұлы жүзде тамам ақын.

Нағашысы Жалайыр Қабанды деп,
Жамбыл атам айтатын маған атын.

Атағың үлкен еді, Қабан жырау,
Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.
Жиені Сарыбас ақын сөйлерінде,
Әдеті мұртын қағып, құлақ бұрау»

Импровизатор ақындарда өзі табынған ақынға еліктеу әдет болған. Қабан – Сүйінбайдың да, Сарыбастың да нағашысы. Сүйінбайдың, Сарыбастың, Кененнің жыр айтарда аспанға қолын сермеп, құлақ бұрауы сол Қабаннан қалған.
«Өлең кірген түсіне, Жөргегінде мен болам, – деп өзі айтқандай, Жамбыл ана құрсағынан ақын болып түскен. Өсе келе тыңдаудан, үйренуден жалықпаған.
Жамбылдың тікелей ұстазы – Сүйінбай. Десе де, Жамбыл шығармашылығының арналары мен тарихи тамырлары өзінің алдындағы Махамбет, Сүйінбай поэзиясында ғана емес, Мұхтар Әуезов ескерткен, кейінірек Есмағамбет Исмайылов дәлелдеген, ғасырлар құрдымындағы эпостар мен хикаяларда жатыр.
Бұл өнердің ерекше даналары болатынын біз жақсы білеміз. Сондай поэзияның данасы, қиялды шындыққа айналдырған осы заманның Гомері Жамбыл еді.
Жамбыл – әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, абыз, жырау, әрі жауынгер жыршы. Ол – шын мағынасындағы биік, парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзиямыздың жасаушысы. Жамбылдың ұлылығы оның тек шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда халық ақындарының жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен өлшенеді.
Жамбыл дәстүрін Шашубай, Нүрпейіс, Кенен, Нартай, Орынбай, Омар, Дөскей, Қалқа, Қуат, Үмбетәлі, Нұрхан, Саяділ секілді халық ақындары жалғастырды. Осындай халық творчествосының асыл маржанын жасаушылар есімі беріректе ғана бағаланды.
Жамбыл импровизациясының тіпті бөлек екені әлемге аян. Десе де, өзінің халық алдындағы азаматтық, ақындық міндетін толық өтеп кеткен Жәкеңнің ұлы мұрасы алдында әлі де белшеден қарыз болып келеміз.
Бар өкініш – көмейінен жыр қоздаған жыраудың, қара өлеңнің таусылмайтын бұлағындай, жырдың асыл кеніндей, тіккен туындай ақынның жыр майданындағы сол ұлы сүре даңғылдығын, даналығын, өлеңді өрнектеп төккен, жырдан ұрық сепкен, жырдың өрісін ұзартқан, өлеңге қанат байлаған құдіретін әлі де толық аша алмай келе жатқанымыз.
Жәкең дүние салар сәтінде әдеби хатшысы Әбділда Тәжібаевқа:
– Әбділда, енді мен оңалмаспын. Үнемі жанымда бірге жүретін, Сұраншы табыс еткен жолбарысым үш мәрте айқайласам да қарамай кетті, – депті.
Осы әңгімені Әбекең кейіннен белгілі әдебиетші Виктор Шкловскийге айтса керек. Мәскеуде болған бір үлкен әдеби жиында В.Шкловский:
– Досым Әбділда маған Жамбылдың жолбарысы жайында ғажап әңгіме айтты. Талантты, дара ақындардың дәл сондай өз жолбарысы болуы керек. Онсыз ақын ақын емес! – деп ұран салыпты мінбеден.
Былай қарасақ, ертегі сияқты. Бірақ, Жамбылдың жолбарысы деген сөз оның ақындық құдіретіне өте үйлесіп тұр.
Қырандай алғыр, кеудесін жыр кернеген осы бір ұғымтал ақындардың бас арнасы – Жамбыл.
Жамбылдың ақындығын баулыған өнер, жыр ортасы, ақындық төңірегі әлі толық зерттелген жоқ. Жыр семсерін шыңдаған, жас қыранды баулып қияға ұшырған орта мен ақындық мектепті толық ақиқаттау – жауапты міндеттердің бірі.
Жамбылдың ізінше Шашубай, Нүрпейіс, Кенен, Нартай, Орынбай, Омар, Дөскей, Қалқа, Қуат, Үмбетәлі, Нұрхан, Әбдіғали, Саяділ секілді көктемгі нөсерден соңғы қырдың көгіндей қаулаған қалың ақынның аз уақыт ішінде лап қоюы әдебиетіміздің тарихындағы аса бір елеулі құбылыс еді. Үлкен ақындық арнаның бастауында жыр алыбы Жамбыл тұрды.

Мырзатай Жолдасбеков.

Астана.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support