- Advertisement -

125 балл!

154

- Advertisement -

6ҰБТ-да еліміз бойынша жоғары нәтиже көрсеткен
Гүлназ Ердосова – Тараздағы №45 гимназияның түлегі

Жалпы, қолда бар мәліметтерге сүйенсек, ҰБТ-ның алғашқы күні республикада үш жарым мыңға жуық оқушы 100-ден артық балл жинапты. Ал Тараз қаласы­ның оқушысы Гүлназ Ердосова – ҰБТ-ның алғашқы күнгі қорытындысы бойынша 125 балл алған жалғыз оқушы. Білім бәсекесінде озық шыққан, «Алтын белгіден» үміткер Гүлназбен кездесіп, тілдескенімізде ол осы жетістігі үшін ерекше қуанышты.

– Гүлназ, тест тапсырмалары қиын болған жоқ па? ҰБТ қалай өтті?
– Аудиторияға кіріп бара жатқанда Айша Бердешқызы: «Ал, қызым, «Алтын белгіңді» қорғап шық», – деді. Ол кісінің маған үлкен сенім артып тұрғанын түсіндім. Қолыма тест кітапшасы тиген сәттен бастап, бас көтермей, сұрақтарға жауап беруге кірістім. Өзгесіне көңіл аударған жоқпын. Тест тапсырмалары мен үшін қиындық туғызған жоқ. Барлығы оқулықтарда кездесетін сұрақтар. Тек қана Қазақстан тарихы пәнінен келген бір сұраққа берген жауабыма күмәнді болдым. Кейін үйге келген соң, кітапты ашып қарап, дұрыс жауап бергеніме көзім жетіп, көңілім жайланды. Байқау тесттерінде 120-дан жоғары балл жинап жүргем. Соңғы екеуінде 123-125 балл алғанмын.
– Тест тапсырушылардың көбісі «Қазақстан тарихынан» келетін сұрақтардың біразының жауабы екіұшты ойда қалдырып, шатастырады» деп шағым айтып жатады. Өзің де осы сынақтан шықтың, қалай ойлайсың, замандастарыңның сөзінің жаны бар ма?
– Өзіме ондай сұрақ кездескен жоқ. Жалпы, тестке сынақ кітапшаларымен емес, оқулықтар бойынша дайындалған дұрыс. ҰБТ-да белгілі тақырыпқа қатысты сұрақ, байқау тесттеріндегідей емес, екінші қырынан қойылуы мүмкін. Тест жаттаған оқушы оның жауабын білмей шатасады. Кітапты оқыған адам оның жауабын біліп тұрады.
– ҰБТ-да түлектер қиналатын пәндердің бірі – математика. Есеп шығарып отыру қиынға түскен жоқ па?
– Жоқ, қиналған жоқпын. Менің апам Сара Бөлегенова – осы қаладағы ең мықты математиктердің бірі. Зейнетке шыққанға дейін №45 гимназияда мұғалім болды. Бірнеше жыл қатарынан түлектерді математика бойынша тестке дайындады. Тәжірибелі, білікті ұстаз. Әкем Жандос та математикадан жақсы оқыған. Анам есепші болып жұмыс істейді, мектепті күміс медальға бітірген. Осыдан кейін айтыңызшы, менің есеп шығарғанда қиналатын жөнім бар ма?!
– Үйдің үлкенісің бе?
– Алдымда әпкем бар, №45 классикалық гимназияның түлегі. Қарағанды медициналық институтында оқиды. ҰБТ-дан жоғары балл алған, мемлекеттік оқу грантының иегері. Өзімнен кейін бір сіңілім, екі інім бар. Сіңілім мектепте оқиды. Інілерім әлі кішкентай. Көп балалы қарапайым отбасымыз.
– Арманың қандай?
– Невропатолог дәрігер болсам деймін. Себебі, біздің облыста невропатологтар аз. Жалпы, отбасымызда бұл салаға бетбұрған ешкім жоқ. Әпкем екеуміз ғана. Қазір қай оқу орнының рейтингісі жоғары, қайсысының оқытушылық-профессорлық құрамы күшті, соны зерттеп жүрмін. Жақсы, сапалы білім беретін оқу ордасында оқығым келеді. Әпкем медицина қиын дейді. Бірақ, мен қиындықтардан қашпаймын.
Тілші түйіні: Негізі бір мектептің түлектері ҰБТ-ны бірге тапсырады. Аудиториялары ғана бөлек. Топ-тобымен ішке беттеген балаларға сырттай тілеулес болып тұрған топтың ішінде Тараз қаласындағы №45 классикалық гимназияның директоры Айша Ниязбекова өз шәкірттерін түстеп танып: «Ал, балалар, ең бастысы қобалжымай, барлық назарды тест тапсырмаларына аударыңдар», – деп өз тілегін білдіріп жатты. Ұстазының сөзі қамшы бола ма, олардың жүздері сол сәт жадырап сала бергендей көрінген. Алғашқы лек бойынша қорытынды шығарылып, республика бойынша 125 балл жинаған талапкер Гүлназ Ердосованың тура осы білім ошағының бітірушісі екенін естігенде, аса таңғалған жоқпыз. Бірнеше жыл қатарынан ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан мектеп шәкіртінің үздік шығуы заңдылық секілді.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support