- Advertisement -

Біртуар Баукең. бір кем дүние…

197

- Advertisement -

4сұрапыл соғысқа 207 рет қатысқан қолбасшы өмірінен тың деректер

Бауыржан Момышұлы  көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қазақ батыры болды. Бірақ кеңес өкіметінің қытымыр саясатының салдарынан тұтас бір халық батырға бағалап, төбесіне көтерген ардақты азаматқа көп жылдар бойы ол атақ ресми түрде берілмей, арнайы жарлықпен рәсімделмей келді. Ел өзегіндегі өкінішке айналған осы арман Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен тек қана 1990 жылы орындалып, Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшыларының бірі, гвардия полковнигі, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Батыр Баукеңнің қайшылыққа толы өмірі, қызметі, шығармашылығы әлі де терең зерттеу мен тың зерделеуді қажет етеді. Осыған орай, біз біртуар Баукеңнің артында қалған рухани мұраларын зерттеп, зерделеп, оларды жариялап жүрген белгілі бауыржантанушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлымен сұхбаттасқан едік.  

– Мекемтас аға, батыр Баукеңмен алғаш рет қалай таныстыңыз? Әлде туыстық жағынан о бастан ет-бауыр жақындықтарыңыз бар ма еді?
– Туыстық жағынан да жақындығымыз бар. Басқа жағдайлар да болды. Соғыстың басталған кезі. Ол кезде мен баламын. Атақ-даңқын естимін. Осы тұста мына мәселені естен шығармауымыз керек: ұлтық сана кеңес өкіметінің №1 жауы болатын. Оны сол кездегі білек сыбанған белсенді коммунистер мен атеистер жөргегінде тұншықтыруға тырысты. Мен қазір ойлаймын, міне, дәл сол тұста ер Баукеңнің есімімен бірге қазақтың қалғып бара жатқан ұлттық санасы селт етіп оянды. Содан бастап біздің кеудемізге от түскендей болды. Ұлт батырын көрсек, таныссақ, әңгімелессек деп армандап, сырттай қызыққан жұртта қисап болмады. Батыр туралы газеттерде, журналдарда не жазылады, соның бәрін оқып, біліп жүрдік. Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Өзбекстандағы Низами атындағы педагогикалық институтта қызмет істеп жүргенмін. Бір күні Баукең Сарыағашқа келіп, демалып жатыр деп естідік.  Студенттер «Ағай, батырмен кездесу жасайықшы» деп өтініп қоймады. Мұны кафедра меңгерушіміз де қолдап, Тілеуқұл дейтін досым екеумізді Баукеңе «елшілікке» жіберді. Қорқа-қорқа бардық. Өйткені  «мінезі жаман екен» деп еститінбіз, бірақ өзін көрген емеспіз. Барсақ, Сарыағаштағы бір жеке үйде мәшіңке басып отыр екен. Есікті ашып, «Ассалаумағалейкүм» деп кіріп баруға ойын бөліп, ашуландырып аламыз ба деп қорықтық. Бір уақытта жазу мәшіңкесінің тықылдаған үні тоқтады-ау деген кезде есіктің қоңырауын басып кеп қалдық. Ар жағынан еденді тарс-тұрс басып келді де, есікті айқара ашып: «Сендер кімсіңдер?» – деп айқай салды. Зәреміз ұшты. «Ташкенттегі педагогикалық институттың оқытушылары едік» деп күмілжіп едік, ештеңе деместен жұмыс істеп отырған бөлмесіне қарай бұрылып жүре берді. Біз соңынан ілестік. Бір үстелінде тағамдар мен ішкіліктер тұр екен. Бір үстелінің үсті бұрқыраған қағаз. Баукең орындығына отырып, темекісін тұтатқан соң:
– Ал, ағайын, шаруаңды айт, – деді.
– Осындағы педагогикалық институтта оқитын қазақ балалары Сізбен кездескіміз келеді деп өтініп отыр. Соны Сізге жеткізуге келдік.
– Әй, ана «сарттарыңнан» рұқсат алдыңдар ма?
Баукең  өзбектерді «сарт» деп сөйлейтін.
– Жоқ. Керек болса, аламыз.
– Рұқсат әкеліңдер, содан кейін барамын.
– Қай уақытта келейік?
– Ертең пәлен уақытта.
Ертесіне айтқан уақытында жетіп келдік. Баукеңмен кездесуге құмартқан институт ұжымы мен студенттерді де алдын ала даярлап қойдық. Баукең бірден төрге озды. Кездесу екі жарым сағатқа созылды. Қазір ойлап отырсам, Баукеңнің өзі екі сағаттай сөйлепті. Жиналғандарды алғашқы сөзімен-ақ баурап алды. Қия шыңнан кең далаға көз салған қырандай қасқайып тұрып:
Қарап тұрсам түрі бір,
Сұрастырсам тегі бір,
Таудан шыққан күні бір,
«Алла!» десе діні бір,
Ән салғанда үні бір,
Бауырларым, амансыңдар ма?!. –
деді де, ғибратты сөзін бастап кетті. Жаңбырша жауған сұрақтарға да жауап берді. Содан есімде қалғаны «Қазақ тілінің жағдайы қалай болады, Бауке?» деген сұрақ болды. Баукең ойланып тұрды да:
– Мына сарттарды білесіңдер ғой, – деді. –Бұларға жан керек. Өздерінің бақшалары болады. Оны айналдыра тал-дарақ егіп, қоршап тастайды. Күзде сол талды бұтап, кесіп алады. Тандыр нан пісіру керек, үйін жылыту керек. Тал-дарақ келесі жылы тағы көктейді. Сарттар ақылды болады. Ештеңені босқа тастамайды. Тал-дарақты бұтаған сайын бой түзеп, жақсы өсетінін біледі. Өйткені талдың тамыры аман. Демек, әзірше біздің тілдің тамыры да, түбірі де аман…
Кездесу аяқталып, студенттер мен оқытушылар жапа-тармағай Баукеңнің қолын алып, қолтаңба жаздырып болған соң шын пейілімізбен қонаққа шақырып, қал-қадерімізше күттік. Бірақ Баукең көңілсіздеу отырды. Біз өздігімізден шешіліп, сөйлесе алмаймыз. Нар тәуекел деп сөз бастайық десек, бір сөзімізден ши шығып, батырға жақпай қаламыз ба деп қипақтаймыз. Бір кезде «Кетем» деді. «Кетем» деген соң дереу шығарып салдық. Жолда кетіп бара жатып менен:
– Сен кімсің, қайдансың? – деп сұрады.
– Қазақстаннан, Түлкібастанмын.
– Кімнің баласысың?
–Мырзахметтің.
Ойланып, бірер минут сөйлемей тұрды. Сөйтті де:
– Мен сені білем. Бірақ мен сенің үйіңе барған кезде сен жоқ етінсің. Мен сенің үйіңе 1928 жылы барғанмын. Менің әкем мен сенің әкең дос. Екеуінің ұсталығы, молдалығы, әншілігі бір-біріне жан дүниесін жақын еткен. Әкем маған Түлкібасқа жолың түссе, сол үйге бар деп айтқан болатын. Сөйтіп мен бірнеше рет сенің үйіңе қонғанмын. Сен мұнда не істеп жүрсің?
– Оқытушы болып жүрмін.
– Не, сарт болып кетейін деп жүрсің бе?
– Жоқ, Алматыдағы аспирантураға түсуге талаптанып едім, қабылдамады.
– Қой, бұлай болмауы керек, – деді де, үйіне кірген соң бірден телефонды алып, Алматыдағы Мәлікке қоңырау шалды. Ана жақтан Мәлік «Баукелеп» жаны қалмай жатыр.
– Мәлік, менің Мекемтас деген інім бар.
– Білем, өзім оқытқам, – дейді Мәлік аға телефоннан.
– Білсең, неге алмайсың аспирантураға?
– Ой, жоғарғы жақ жылда бір-ақ адам аласың деген шарт ұстанып отыр ғой.
–Мен ешқандай шартыңды білмеймін, давай келесі жылы аласың.
Содан кейін маған қарады.
– Әй, мен айтуын айттым, енді бармасаң өз обалың өзіңе. Әкең хабарласа алмады, енді сен хабарласып тұр.
Келесі жылы Алматыға жетіп бардым. Мәлік аға құшақ жая қарсы алды. Сөйтіп Баукеңнің арқасында арман болған аспирантураға түсіп кеттім. Айтпақшы, «Алматыға келсең ешқайда аялдамай бірден үйге келесің» деген Баукеңнің «бұйрығы» бар. Аспирантурада оқып жүрген үш жылда Баукеңнің үйінде тұрдым.
– Баукеңнің қаһарынан сескенетін үргедек қауым батырдан алыстан қашып жүрсе, Сіз ол кісінің үйінде қорықпай-үрікпей үш жыл тұрдым дейсіз? «Ішімдегіні тап» дейтін кірпияз кісінің тілін қалай таптыңыз?
– Тілін таптым-ау деймін. Психолог адам ғой, мені көп сынады шамасы. Ташкентте «Ұшаққа билет, жеңгеңе анау-мынау ал» деп бір буда ақшаны қолыма ұстата салды. Бәрін даярлап қойдым. Бірақ ұшақ екі сағат кешікті. Мен бұған Баукеңнің қасында аз да болса отырып, әңгімелесіп қалатын болдым ғой деп қуанып қалдым. Баукең болса мені думанханаға ертіп апарды да даяшыға тапсырысты аямай берді. Мен ол кезде ішпеймін. Өзі анда-санда алып қояды. Ұшақта жүретін қыздар болады ғой, қалай деуші еді әлгі…
– Стюардесса…
– Бір кезде стюардесса келе жатыр екен, Баукең соған қарап отырды да: «Әй, мына байтал жақсы екен» деп бір күлдірді. Ұшаққа шығар кезде:
– Аға, билетіңіз міне, жүгіңізді өткіздім, оның квитанциясы мынау тұр. Қалған ақшаңыз мінеки, — деп едім:
– Әй, бағанағыдан ақша қалды ма? Мынаған да жетеді ме? – деп думанхананың дастарханына қарады.
– Жетпек тұрмақ, асып кетеді, – деп, думанхананың «шығынын» төлеп, қалғанын қалтасына салып бердім. Бұл Баукеңнің мені бір сынағаны деп ойлаймын.
Екінші сынағаны – жеңгейдің ағасы келетін болды да, сол кісіні қой сойып, қонақ қылу үшін Баукеңнің өзі базарға шықты. Мал базарды аралап жүрміз. Баукең бір кезде өзі ұнатқан ең семіз деген қойдың қасына аялдап, иесінен бағасын сұрады. Анау Баукеңнің түр-түсіне қарап, көктен тілегенін Құдай жерден бергендей қойының бағасын аспандатып жіберді. Баукең маған «Бер, сұраған ақшасын» деп бұйырды. Мен «Бермеймін, қымбат» дедім. Батыр маған қолын бір сілтеді де кетті де қалды. Баукеңнің өзі-өз, көйлегі бөз болып базар базарлағаны осымен бітті. Мен болсам қойдың иесімен ары тәжікелесіп, бері тәжікелесіп, алтауға сұраған қойын төрт жарымға түсірдім. Үйге мақтанып келдім. Сөйтсем Баукең үйдегілерге мені көрсетіп «Әй, мынау таза сарт екен» деп, мұртынан күле-е-еп отыр.
Баукең мені кейде үш түрлі атайтын. Әдетте «Меке» деп отырады. Сәл ызғарлы айтса «Мекемтас» дейді. Онда қас-қабағына қарау керек. Жақпай қалсам «әй, сарт» дейді. Бірақ мен не десе де шыдаймын. Ол өстіп жүріп маған біржола сенді. Сенгені сонша бүкіл мұрағатын тапсырды. Басқаларға жасамаған жақсылығын жасады. Мысалы, ол кездің тәртібі бойынша Алматыға тіркеуге алмайтын. Баукең мені өзі ертіп апарып тіркеуге тұрғызды.
– Өз үйіне ме?
– Өз үйіне. Сөйтіп қайтыс болғанша қасынан алысқа ұзағаным жоқ.
– Баукең – бүкіл қазақтың мақтанышы. Қазақ халқының «паспорты» десе де жарасады. Ел-жұртын әскери атақ-даңқымен, қаламгерлік қабілетімен дүниежүзіне танытқан біртуар тұлға.  Бірақ ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң, ол кісінің басында да адамзат баласына тән қилы-қилы тағдырлар болды. Тағдыр дегеніміз – мінез. Әр адам өз мінезі арқылы өз тағдырын жасайды. Ұлы ақын Абайдың:
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес, –
деп, жан күйзелісін жырымен бөліспей ме? Сіз Баукеңнің көңіл-күйінің қилы-қилы сәттерінде қасында болдыңыз. Басына түскен қиындықты қалай қарсы алып, қалай жеңуші еді?
– Баукең Кәмәш жеңгейге үйленді ғой. Оған үйленгенге дейін бұрынғы жеңгеміз кетіп қалған. Үйде сопайып Баукең, мен және Мартай деген жиені үшеуміз ғана қалдық. Тамақ пісіру менің мойныма көшті. «Сарт» деген атым бар, палау жасаймын. Қайнатпа сорпа дейтін бар. Баукеңе, әсіресе, сол қатты ұнады. «Маған осыдан басқа берме» дейтін. Ал қайнатпа сорпаны жасау оңай. Бір қазан ғып қайнатасың да сақтап қоясың. Қарның ашқанда жылытып ал да, іше бер. Сөйтіп жүргенде Баукеңнің үйінде бір келіншек пайда болды. Тоңазытқышты азық-түлікке толтырып қоятынмын. Дереу дастарханды жасап, жайнатып жібердім. Бәріміз бірге отырып тамақтанып болған соң, мен өз бөлмеме кіріп, жатып қалдым. Таңертең ерте тұрып, жұмысыма кеттім. Кешке жұмыстан келсем, үй тап-тұйнақтай таза, тамақ болса даяр. Кешегі жұмбақ келіншек ас үйде жүр. Содан бір апта жүрді. Мен де Баукеңнен «Бұл кім?» деп сұрағаным жоқ. Неменеге сұраймын, ас-ауқат жасаудан қолым босап, жаным кіріп қалған. Менің ендігі міндетім тоңазытқышты уақытында азық-түлікке толтырып қою ғана болды. Бір күні үшеуміз дастархан басында бас қосқанда Баукең менен: «Мынау кім?» – деп сұрады. Мен: «Білмеймін, танымаймын»,– дедім. «Дурак, бұл сенің жеңгең болады. Таныс, біліс, сырлас!» – деді. Жеңгеме: «Енді мұнда қалғаным ұят болар, жатақханаға шығып кетейін», – деп едім, «Жоқ, тұра бер», – деді. Бір байқағаным жеңгей аурушаң екен. Ас-судан қолым босағанымен, үйдің ауыр жұмыстарына көмектесуді тоқтатқаным жоқ. Баукең бір күні «Біз кетеміз. Мына телефонда енді тыныштық болмайды. Мені сұраса, білмеймін деп айт!» – деді. Сөйтті де екеуі аттанып кетті. Телефоннан шынында да маза кетті. Сағат сайын шырылдайды. Мен желіні ажыратып тастадым. Өзіме керек кезде ғана жалғаймын. Біраз уақыт өткеннен кейін Баукеңдер келді. Келгеннен кейін арада үш күн өткенде Баукеңді жамандаған мақала шықты. Оны маған Мәлік аға көрсетіп: «Әй, Баукең туралы бір жаман сөз айтыпты ғой мына иттер»,  –деді. Газетті алып оқыдым да, үйге келдім. Түсім бұзылып кеткенге ұқсайды. Баукең: «Әй, не болды саған?» – деп қалды. «Жәй». «Айт». Газетті қолына бере салдым. «Ә-ә, мен туралы мақала ма?». Өзінің де жүрегі сезіп жүр екен. Газеттегі мақаланы оқып болған соң шылым шегіп, ары-бері жүрді де Абайдың «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деген өлеңін айтып, «Бұл иттің төбетін табу керек» деді.
Содан кейін маған «Жүр» деді, «Олар мәз болып жатқан шығар, Момышұлы суға түскен тышқан құсап үйінде бұғып отыр деп, барамыз». Жазушылар одағына салып ұрып жетіп бардық. Кіреберісте жазушылар қаптап тұр екен, бәрі Баукеңмен амандасып, елпілдесіп, желпілдесіп жатыр. Баспалдақтан бір қаламгер түсіп келе жатыр екен:
– Әй, – деді Баукең әлгінің атын атап, – бері кел.
Анау қып-қызыл болып, терлеп кетті. Баукең өзін сынап жазған әлгі жазушының қолын алып: «Сенің самый выдающий шығармаң осы, поздравляю!» – деді кекетіп. Жазушылар ду күлді. Анау жауап бере алмай жерге қараған күйі Жазушылар үйінен шығып кете барды. Мен білетінде Баукең бір қысылған жерінде тағдыр сынын осылай жеңіп шыққан.
Одан кейін, Баукең  – өте дархан адам. Бірақ мінезі өте құбылмалы. Қазақтар мұндай адамдарды «Көңілі түссе – көл, көңілі түспесе – шөл» дейді. Онысына талай куә болдым. Үлкен кісілермен аралас-құралас жүріп-ақ кейбір қылықтарын беттеріне аямай қатты айтып тастайтынын көрдім. Бірде Жазушылар одағына басшы сайлау керек болды. Мен Баукеңе ілесіп барғанмын. Баукең әп-әдемі сөйлеп келді де «Кәрі айғыр үйіріне ие бола алмайды. Байлаулы бұзау бота бола алмайды. Не істеп отырсыңдар сендер?» деп тарс еткізді. Зал гу ете түсті. Соның салдарынан ба, әйтеуір қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің кейбіреулерімен арасы онша жақсы болмады. Тағы бірде досы туралы «Әй, соны қойшы, ол ЦК-ның «носовой платогы» болып кетті ғой» деп салды…
– Мыңмен жалғыз алысқан ақын Абай мен аты аңызға айналған батыр Баукең рухани тағдырлас сияқты.
Байлар жүр жиған малын қорғалатып,
Өз жүзін, онан беріп, алар сатып,
Онан алып, тоқсаннан дәме қылып,
Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып?

Барып келсе Ертістің суын татып,
Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып,
Елді алып, Еділді алып есіреді,
Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып.

Әрі-бері айналса аты арықтап,
Шығынға белшесінен әбден батып.
Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа
Құдай құмар қылыпты қалжыратып.

Қорғаласа, қорықты деп қоймаған соң,
Шаптырады қалаға бай да аңдытып.
Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан,
Қолға түсер сілесі әбден қатып.

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып, –
деген Абай мұңы Баукең қасіретімен де астарласып жатыр.  Абай мұңының тастай болып түйілген осы бір түйінін Баукең өз көңіл-күйінің ауанына қарай қалай дәл тауып айтқан десеңізші?
– Айтса айтқандай, кейін Баукеңе ырылдаған иттің «төбеті» де белгілі болды. Баукеңнің жақсы қасиеттерінің бірі істеген жақсылығын, көрген қиындығын өмірі ешкімге айтпайтын. Мен ылғи «Баукең отставкаға неге кетті екен?» деп ойлайтынмын. Өзі айтпайтын. Сөйтсем генералитеттегі ақ жағалы әскери шенеуніктердің көбі Баукеңнің бетің бар, жүзің бар демей шындықты бетке айтатын тік мінезін ұнатпайды екен. Тіпті маршал Гречко аты аңызға айналған батырды күндегені сонша артына аңду қойып, оның бірде-бір жұмысқа алынбауын қатаң бақылап отырыпты. Қонаевтың заманында Баукең батыр атағына ұсынылып, Брежнев «Мақұл» деп уәдесін беріп тұрған кезде маршал Гречко «Через мой труп» деп қасарысып отырып алған. Қисынға келеді. Өйткені әскери академияны бітірген кезде генерал шенін бермеді. Одан кейін Сібірге жіберіп, ұсақ-түйек қызметпен алдамақ болды. Кейін Дмитрий Снегиннің кітабы шықты. Сонда ол «Баукеңнің жауы көп болды. Соның бірі Кеңес Одағындағы – Гречко» деп жазыпты. Баукең содан кейін өзінің ұстазы, генерал Чистяковқа «Менің армиядағы жолым кесілген сияқты, сірә отставкаға кетуім керек шығар, қандай ақыл-кеңес бересіз» деп хат жазған. Бірақ жауап жуырда келе қоймағандықтан, өз ұйғарымымен отставкаға шығып кеткен. Кейін Чистяковтан хат келіпті. Пендешілік дейміз бе, басқа дейміз бе, тіпті атақты Жуковтың өзі жауынгер-жазушы Александр Бекке «Сен Момышұлыдан басқа адам таппадың ба?» деп ұрсыпты. Сол Александр Бектің белгілі «Волоколамск тас жолы» повесін лауреаттыққа ұсынып, құжаттар Сталиннің үстелінде жатқанда Жуков «Бұл мәселені қарауға болмайды» деп, кейін қайтартып алыпты. Міне, Баукенің бойында қара нар ғана көтеретін осындай қайсар мінезбен бірге өте үлкен қайшылықтар да болған. Бұл ретте Баукеңді мыңмен жалғыз алысқан Абаймен теңеуің өте орынды.
– Атақты «Волоколамск тас жолы» повесінің Александр Бектің көнбістігі мен Бауыржан Момышұлының біртуар тосын мінезі, әскери талапшылдығы және әңгімені жүйе-жүйесімен көркемдеп айта білетін талантының арқасында дүниеге келгені ақиқат қой?
– Баукең Александр Бекке «диктовка» жасап отырған. Мысалы, өзіміздің Әзілхан ағамыз да роман-диалогын солай жазды. Мен Әзілхан аға интервью алуға алғаш рет келген күні Баукеңнің қасында болғанмын. Баукең, Шерхан, мен үшеуміз отыр едік, қоңырау соғылды. Жүгіріп барып есікті ашсам, тәпелтек қара кісі «Мен «Жұлдыздан» келген журналист едім, Баукең рұқсат етер ме екен? – деп, әдеп сақтап тұр.
– Ой, кіре беріңіз, – деп жатырмын.
– Жоқ, — деп ол да тұрып алды.
Мен Баукеңе  қайта келіп:
– «Жұлдыздан» келіп тұр, – деп едім:
– Кірсін онда, – деді.
Сосын Әзекеңнің шығармашылық төзімі мен адами қасиетін психологиялық тұрғыдан біраз сынап алды. Бір уақыттарда Баукең әңгімені бастап кеп жіберіп еді, Әзекең батырдың аузынан шыққан әр сөзді «желге ұшырмастан» қойын дәптеріне судыратып жаза бастады. Баукең кейін «мынау стенографистен жақсы жазады» деп риза болды. Содан «интервью аламын» деп келген Әзекең әңгімеден әңгіме туындап, батыр Баукеңнің мол қазынасына кенелді де қалды. Сөйтіп интервьюдің аяғы мақала, мақаланың соңы хикаят, хикаяттың ақыры «Аңыз бен ақиқат» деп аталатын тағылымы мол, салмақты роман-диалогқа айналды.
– Ақындар айтысында немесе бокс өнеріндегі жекпе-жекте бір мықты екінші мықтының қабілет-қарымын ашып, бағын жандырып жатады. Александр мен Әзілханның шығармашылық жолындағы мықты қаһарман ер Баукең болған сияқты…
– Ондай жағдай болады. Кейін Баукеңнің мұрағатын ақтарып отырып Александр Бекпен жасаған шарттарын тауып алдым.
– Мәке, Абай мен Баукеңнің рухани жақындығына қайта оралайықшы. Сіз ғылымға Абайтанумен келдіңіз. Ал енді осы Абайтану мен Бауыржантанудың арасынан қандай үндестікті байқадыңыз?
– Абай нағыз көшпелі, қазақтың қазақы қалпы, табиғаты әлі бұзылмаған дәуірінде өмір сүрді. Абай дәуірінен бастап біздің қазақ халқының психологиясы өзгере бастады. «Орыс тілі, жазуы – білсем деген таласы, Прошение жазуға, тырысар келсе шамасы» дейтіні бар Абайдың. Бұрынғы қазақтар арыз жазу дегенді білмеген. Кейін болыстыққа таласудан барып мінез-құлқы бұзылды ғой. Баукең болса, мүлде басқа заманның адамы. Әскери тұрғыдан алғанда, қазақта теңдесі жоқ тұлға десе де болады. Оның үстіне, өзі – дарынды адам. Ақындығы, жазушылығы һәм бар. Бірақ ол өзі туралы нағыз жазушымын деп өмірі айтпаған. Сонда «мануфактурный период ведение войны» және «машинный период ведение войны» деп қарастырсақ, Баукеңдікі соңғысына жатады. Бірақ Баукең бұл тұста да адамды бірінші орынға қояды. Ол «темір соғысады, бірақ онда да бәрібір адам тұрады, адамның рухы тұрады, сол соғысады» дейді. Баукең, міне, осы дәуірдің адамы.
Содан кейін ол біздің қоғамның кемістігін де, жетістігін де бар жанымен сезініп өскен. Баукеңдегі ең үлкен күш– өзінің ұлтына деген шексіз махаббатында жатыр. Мен кейде сол махаббат қайдан пайда болған деп ойлаймын. Біріншіден, оған өзінің өскен ортасы, өз сөзімен айтсақ «Ұшқан ұясы» әсер етті. Сонымен бірге Баукеңнің дүниетанымы мен адамгершілігі жағынан қалыптасуында әкесінің қанымен сіңген бір қасиет бар. Ол – халық шығармашылығына деген құрмет. Сол кезде «Сұрмерген» дейтін жыр болған. Бұл өзі – екі түрлі жыр. Біреуі – Есімбет ақынның жыры. Баукеңнің жазып алып жүргені кімдікі екенін білмеймін. Бірақ мәселе онда емес. Осы жырды апасы, қарындасы және өзі жаттап алып, қыстыгүні үйме-үй жүріп айтып береді екен. Жыр, әсіресе, балаларды жастайынан қанағатшылдыққа тәрбиелеу үшін таптырмайтын дүние. Баукеңнің мұрағатында осындай да жыр жатыр. Үндестік те осында.
Екіншіден, Баукең анау қараптан-қарап «халық жауы» атанып атылып, айдалып, арманда кеткен әдебиетшілеріміз бар ғой, соларды оқып өсті. Олардың өлеңдерін көп біледі. Тіпті жатқа айтатын. «Сіз қалай бәрін біле бергенсіз?» деймін мен. «Әй, – дейді Баукең, – ол кезде солардың дүниесінен басқа оқитын нәрсе жоқ болатын. Сендер мұны білмейсіңдер». Шын мәнісінде, бұл Кеңес өкіметінің қиямпұрыс саясаты болатын. Анау «Алаш» деп аттандаған қазақ халқының рухани идеологтарынан құтылмаса, анау өздері «Ұлтшылдар» деп қара күйе жаққан Алаш серкелерін атып, айдатып көздерін жоймаса, кейінгі ұрпақ соған ілесіп, тәрбиеге көнбей кетеді деп қорықты. Сөйтіп екі ұрпақтың арасын үзіп тастады. Біз үзілген ұрпақтың өкіліміз. Баукеңнің ерекшелігі – сол үзілмеген ұрпақтың бірегей өкілдерінің бірі болды.
– Мағжандардың соңғы тұяғы дейсіз ғой?
– Сондықтан Баукең – ұлтжанды ағаларының ұстанған ұранын да, кеңес өкіметінің шөре-шөре саясатын да бір-бірімен салыстырып, терең зерделей білген адам. Одан кейін әскери оқу орындарында тарихты оқытқанда Баукең біздің түркі халықтарының елдігін, ерлігін, батырлығын сезініп, соны өздерінікін үлгі тұтқызып, еріксіз тықпалаған елдермен салыстырып, өз елінің ірілігіне, ешкімнен кем емес екеніне іштей масаттанып, рухтанып отырған деп топшылаймын. Бірақ кеңестік саясат Баукеңнің ұлттық рухты жанитын өр мінезін басқаларға үлгі ретінде мақтанышпен көрсетудің орнына, тентек-теліге балап, қасақана төмендетіп келген. Мысалы, Баукең соғыс кезінде командирмін деп шыбын жанын сақтап қалу үшін штабта бұғып отырған жоқ, ылғи қоян-қолтық, бетпе-бет майданда, алғы шепте жүрген. Рас болса, «алғы шептегі армияға түркі халықтарынан генерал шығармаңдар» деген орталықтың құпия қаулысы да болған деседі.
Баукең досқа адал, сатқындыққа жан-тәнімен қас еді. Мәлік Ғабдуллинді Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынып, қазақтан қаһарман жасаған – Баукең. «Батыр атағына бірнеше рет ұсындым, өтпеді. Бөлімге бір күні Кутузовтың немересі ме, шөбересі ме, біреу келіп, соғысқа даярлығымды көріп, қатты риза болды.  Сосын қазақтың қонақжай мінезімен әбден күттім. «Сендер майдан даласында көшпелі ресторанды қайдан тапқансыңдар?» деп таңғалады. Өзбегім палауды басып, дастарханды жайнатып қойса керек. Әбден ішіп-жеп, көңілденген соң «Не  тілегің бар?» деп сұрады. Әдетте командирлер қосымша солдат, қару-жарақ сұрайды, мен «Ештеңе сұрамаймын, мына хатты тиісті орынға беріңіз» дедім. Ұстап тұрды да «Не туралы?» деді. Мен Мәлікті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғанымды, бірақ жоғары жақтағылар өткізбей жатқанын айттым. «Мен хатыңызды тиісті жеріне жеткіземін, бірақ оны іске асырам деп уәде бере алмаймын» деді ол әдеп сақтап. Осыдан кейін бір апта өткенде Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры атанып шыға келеді» дейтін Баукең.
– Абай, Мұхтар және Баукең еңбектері Сіздің санаңыз арқылы өтіп жатыр? Бәрінің білімі мен білігін ортақтастыратын бір арна бар ма? Бар болса, ол не?
– Абайдың нәр алған үш бұлағы бар. Мұхтар Әуезов мұны 1934 жылы айтқан. Сол кезде ғалымдар үшін нағыз ғылыми концепция осы болатын. Бірінші – қазақ халқының тұрмысы, екінші – шығыс, үшінші – орыс әдебиеті мен мәдениеті. Кеңес философтары саясатқа саламыз деп, мұның бәрін быт-шыт қылып, бірінші орынға – орыс әдебиеті мен мәдениетін шығарды. Сөйтіп бүкіл ғылыми қорғау жұмыстарының барлығы Абай мен орыс арасында болып кетті. Ал Абайдың ең терең тұсы – шығыс мәдениеті мен поэзиясы болатын. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» дейтін өлеңінде «Мұны жазған білген құл, Ғұламаһи Дуани, солай депті ол шыншыл, сөзін оқы және ойла, тез үйреніп, тез жойма, жас уақытта көңіл – гүл» дейтін жолдар бар. Сөйтсек, бұл өзі ХV ғасырда өткен тегі парсы, ирандық ғұлама ақын екен. «Ақылаһи Жалали» деген кітабы болған. Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дегенінің бәрі сол шығыс даналарынан келеді. Бұдан шығатын қорытынды, Абайдың шығысшылдығы мен Баукеңнің шығысшылдығында рухани байланыс бар. Баукең де шығыспен жақсы шұғылданған. Шығыс ақындарын өте көп оқыған. Баукеңнің «Әй, осы бір иттің қолына түсіп кетпесін, сақта» деп, маған берген 200 кітабы бар. Қазір қолымда тұр. Соның ішінде шығысқа байланысты орысша көп жазылған.
Баукеңнің ерекшелігі – туған халқының табиғатын, мінез-құлқын терең біледі. Орысты өзінен артық білді. Көркем шығарманы қазақша және орысша жазған жалғыз Баукең ғана. Екі тілділер бар. Бірақ олар Баукеңдей екі тілде көркем шығарма жазған жоқ.
– «Қараңғы түнде тау қалғыпқа» қатысты Гете, Лермонтов және Абайдың поэзиялық «үштігі» бар ғой. Сол үш жырды Баукеңнің қалай бағалағанын айтып қалып едіңіз бірде…
– Баукең осы өлеңді немісшеге, немісшеден қазақшаға, орысшадан қазақшаға өзінше аударма жасапты. Сөйтіп Гетеге «үш», Лермонтовқа «төрт», Абайға «бес» қояды. Бұл қызықты «баға» Баукеңнің 1945 жылғы жазбасынан табылды.
– Жақсы жазылғанына қарамастан «Ұшқан ұяның» жолы ауыр болыпты. Бұл жайында не білесіз?
– Ол 1956 жылдары жарық көрді ғой. Баукең ол кезде әскери академияда оқып жүрді. Баукеңнің шығармасына қатты көңіл бөлген Вера Павловна деген бір кісі болған. Көбінесе сол редакциялаған, ақыл-кеңес берген. Сөздің тоқетері, «Мынау керемет дүние болады» деп, Баукеңнің «қыр соңынан» қалмай қойған. Бірақ Қазақстан баспалары мұны баспай қойды. Себебі, романда қалың мал туралы, ескі әдет туралы баса айтылған. Сол кезде М. Әуезовтің «Абай жолы» туралы «анонимный» сын мақала шығып, кемеңгер жазушыны «нұқыл ескілікті аңсаушы, сол өмірді жақсылап көрсеткен, Абайдың айналасындағылардың бәрі анандай да мынандай» деп жатқан еді. Орталық комитеттің «жас ұрпақты ескі әдет-ғұрыптан сақтау керек» деген мазмұндағы сыңаржақ қаулысы да бар болатын. Сөйтсек, бұл бізді мәңгүрт жасаудың бірден-бір жолы екен. Біз тарихымызды, ескі әдет-ғұрпымызды білмей, кеңес өкіметі не айтса, соны істеп жүре беруіміз керек екен. Айтпақшы, «Ұшқан ұяны» Тұтқабай аударды. Ой, бірақ Баукең Тұтқабайдың да «жанын» мұрнының ұшына келтірді. Ер екен, Тұтқабай да шыдады. Баукеңнің мінезіне күліп қойып,  әдемі аударып шықты. Енді Баукеңнің мұрағатынан сол «Ұшқан ұяға» қатысты тағы 80 беттей материал табылды. Баукең, сірә, ары қарай жалғастырмақ болған. Бірақ түрлі жағдайлармен бітпей қалған.
– Баукеңнің басқа шығармалары айғай-шусыз басылды ма?
– «Музей апа» дейтін шығармасы бар. Ирониясы өте күшті, астарын аңғарып отырсаң кеңес өкіметінің тіл туралы саясатына іштей қарсылығы менмұндалап тұрады. Онысын сездірмей көркемдік тәсілдермен бүркемелеп жібереді. Сол әңгіме әрең дегенде жарық көрді. Газет редакторы «Әні басамыз, міні басамыз» деп жүріп, әйтеуір Баукеңді сыйлағанынан шығарды. Басқа біреудің әңгімесі болса баспайтын еді.
– Орталық комитетке жазған қазақ тілі туралы хаты мен майданнан демалысқа келген кездегі лекцияларының тағдыры туралы білесіз бе?
– Мұрағатын ақтарып отырып таптым ғой. Бірде өзінен себебін сұрадым. 1943 жылы жазылыпты. Баукең соғыстан жаралы болып келген екен. Яғни, жаралы болып жүрсе де ойын қағазға түсіріп, ОК тапсырған. Кейін соны тауып, жариялату үшін, ол кезде Баукең қайтыс болып кеткен, Шерхан Мұртазаға алып бардым. Колбиннің келіп жатқан кезі болса да жариялап жіберді. Баукеңнің сол хаты туралы кезінде Орталық партия комитетінде үлкен шара қолдануға ниет болыпты. Баукең бір хатында «осындай тамаша құжат жасалды, баспаға шығады, көресің» деп қуанышын жазыпты. Бірақ сауысқандай сақ біреулер сыбырлап қойған болуы керек, соңы сиырқұйымшақтанып кеткен. Орталық комитеттің істемек болған сол іс-шарасы не? Енді соны іздестіріп жүрмін. Бірақ таба алмай отырмын. Жаңа сен Абай, Мұхтар, Бауыржан деп байланыстырып айтып қалдың. Бауыржан Момышұлының тегін емес, текті, орашолақ емес, ойлы екенін танып қадірлеген қазақ зиялыларының ішінен ең алдымен Мұхтар Әуезов болыпты. «Бауыржан Құдай сыйлап елге келді. Ертең соғысқа қайта кетеді. Соны бір сөйлетіп, жиған-терген ойларын, ішкі сырын ақтарып алып қалайық» деп Орталық комитетке шығып, кіл жайсаңдар мен қасқалардан тұратын тыңдаушыларды жинап, лекцияны ұйымдастырған Мұхаң екен. Оны стенографистка жазып алған. Баукең стенографистка келіншек туралы «маған қырындаймын деп отырып, көп сөзімді жазып үлгере алмай қалыпты құрғыр» деп, қалжыңдап күліп отыратын. Кейін Баукеңнің лекциясының бәрін Мұхтар Әуезов 1 том қылып конспекті жасап алыпты. Қазақша, орысша ескертпелерін қоса жазып қойыпты. Соғыс тақырыбына кітап жазбақшы болып ниеттенген шамасы. Бірақ іс оңына келмеген болуы керек. Одан кейін бір әңгімесі бар, жазылған хаттары бар, қарындашпен жазылған 1 томдық қолжазбасы бар, соны «Бауыржан Момышұлынан алынған Мұхтар Әуезовтің конспектісі» деп жариялауға болады. Сосын… қағазға келгенде Баукеңдей құнтты адамды көрмедім. Мен мұрағатқа деген тиянақтылықты, қағаз сақтауды сол кісіден үйрендім. Баукең өз қолымен «артымда архивный «крысам» Мекемтас бар ғой» деп жазып та кетіпті. Қолжазбаларының арасында «Мекемтас, етек-жеңді жию керек. Қазақша 3 том, орысша 2 том даярлау керек» деген жазба да жүр.
– Бұл сол кездегі ойы ғой.
– Біз Қазақстандағы Баукеңе қатысы бар мұрағаттардың барлығын түгел қолға алдық. Жеке адамдардың қолдарындағы мұрағаттарды да іздестіріп, сұрастырып жатырмыз. Мәскеуге де бардық. Подольскідегі әскери мұрағатта Баукеңе қатысы бар 8 мың бет дүние тұр. Егер соны қолымызға түсірсек, Баукеңнің дүниесі түгелденеді.
Баукеңнің 1928 жылдан бастап жазған неше түрлі дүниелері бар екен. Одан кейін Баукең жазған хаттар да сұмдық көп. Эпистолярлық жанр дейміз ғой, хаттарының өзі бір томнан асып кетеді-ау. Баукеңе жазылған хаттар мен жауаптар одан да көп. Олардың ішінде Баукеңнің өмірі мен әскери қызметіне, шығармашылығына тікелей қатысы бар хаттар да бар. Әскери карталары да табылды.
Баукең – 207 рет соғысқа қатысқан батыр. Суреттердің өзі 2 мыңнан асады. Бір ерекшелігі – барлығы да Баукеңнің өзінің қолымен жазылған түпнұсқа құжаттар. Соғыс кезінде блокнотқа жазған ойлары да бар. Асығыс жазылғандықтан әрпін әрең дегенде ажыратамын. Қазақша, орысша, арабша, латынша, яғни көңіл-күйіне  қай тіл дөп келсе сол тілде жаза берген.
– Рахмет, Мекемтас аға. Жұмысыңызға жеміс тілейміз!

Әңгімелескен

Көсемәлі Сәттібайұлы.

Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support