- Advertisement -

Саламаттылық — мықты денсаулықтың тірегі емес пе?

127

- Advertisement -

Денсаулықты сақтау үшін дене шынықтырудың қаншалықты маңызды екені жиі айтылады. Бірақ, солай екен деп ойлап, спорт залға баратындар аз. Сергектікті серік етіп, артық салмақ қоспай, дене бітімін бұзбауды қадағалайтындар көп емес. Тұрғындардың көпшілігінде енжарлық басым. Сонда көпшілікті саламатты өмір салтын ұстануға қалай шақырамыз?

Саламатты өмір салты дегенді базбіреулер спортпен шұғылдану, дене шынықтырумен айналысу деп қана түсінеді. Шын мәнісінде, бұл ұғымның ауқымы кең. Саламаттылық дегеніміз, тұрмыстық ахуалды жақсарту, отбасылық дәстүрді мейлінше жақсы жағына қарай өзгерту, шымыр болу үшін дене шынықтыру, өз денсаулығыңа деген жауапкершілікті сезіну. Яғни, ауру түрлері туралы неғұрлым көбірек ақпарат алу арқылы аурудың алдын алуға тырысу, жиі медициналық тексерулерден өтіп, дертті асқындырмау. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында әлеуметтік маңызы бар аурулар: обыр, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, сондай-ақ, инфекциялық дерттер мен туберкулезбен аурушаңдық деңгейін төмендету, ана мен бала денсаулығын сақтау, репродуктивті денсаулық, жыныстық жол арқылы таралатын дерттің, темекі тарту, маскүнемдік, нашақорлықтың алдын алу міндеттелген. Ал осы міндетті тұрғындар арасында саламатты өмір салтын қалыптастырғанда ғана орындай аламыз.
Біздің орталық тұрғындар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, дене белсенділігін арттыру, тиімді тамақтану, жұқпалы аурулардың алдын алу және саламатты өмір салтын насихаттау жұмыстарының үйлестірушісі болып табылады. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында халықтың денсаулығын жақсартудың негізгі 6 бағыты белгіленген болса, соның алғашқысы азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға арналған. Осы міндеттемені жүзеге асыру үшін біз балабақшаларда, мектеп, орта, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде семинарлар, акциялар, флешмобтар, дебаттар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіп, ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізіп тұрамыз. Былтыр осындай көптеген іс-шара өткізілді. Бірақ, бұл шараларға қатысқандардың барлығы бірдей өмір сүру дағдысын түзетіп, спортпен шұғылданып кете қойған жоқ. Бірлі-жарымы ғана жұқпалы дерттерден қалай сақтану керектігіне ден қойғаны болмаса, зиянды әдеттерден бас тартуға тырысқандары аз.
Насихаттың тиімдісі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілік санасын ояту екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, ауру салдары туралы мақалалар мен дәрігер кеңестерін басылым беттеріне жариялап, телеарна арқылы роликтер таратуды да қолға алдық. 2013 жылдан бастап, айына 2 рет облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының қатысуымен «Қазақстан-Тараз» телеарнасында «Ұлт саулығы» бағдарламасы түсірілімін ұйымдастырдық. Телебағдарламаның мақсаты – облысымыздағы медицина саласының жетістіктері мен әлі де шешімін таппаған келелі мәселелердің төңірегінде пікір-талас тудыру. Құзырлы орындардың өкілдерімен бірлесе отырып, оларды шешу жолдарын іздеу, түрлі аурулардың алдын алу жөнінде халыққа ақпараттық көмек көрсету.
Елбасымыз 2011 жылғы Жолдауында халық денсаулығын жақсартудың жолы – профилактика екенін баса айтты. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» тиімді. Кез-келген ауруды асқындырмай емдесе, оған жұмсалатын қаржы көлемі аз әрі ем-шаралары да нәтижелі болмақ. Сондықтан, мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты профилактикалық іс-шараларды, скринингтік тексерулерді күшейту, негізгі әлеуметтік елеулі ауруларды ерте сатысында диагностикалау, емдеу және оңалтуды жетілдіруді көздейді. Бірақ, түсіндіру жұмыстарынсыз тегін жүргізілетін скринингтік жүйенің өзі салаға кедергісіз еніп кете алмағанын айта кету керек. Тек, соңғы кездерде ғана біз тұрғындарды скринингтік бағдарламаға қатысуға шақырып, насихаттау жұмыстарын жүргізуде біршама ілгерілеуге қол жеткіздік.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру жалғастырыла беретінін айтты. Еліміздегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының журналистеріне берген сұхбатында да денсаулықты сақтау үшін дұрыс өмір сүру салтын ұстанудың, спортпен шұғылданудың маңызды екеніне тоқталды. Елбасының сөздерінен, жалпы өмірлік тәжірибемнен түйгенім, салауатты өмір салтын жастар арасында көбірек насихаттау керек. Жастардың санасы сергек әрі еліктегіш. Олар қазір әлемдік ареналарда көптеген жетістіктерге жеткен замандастарына қарап-ақ, дене шынықтырумен айналысып жүр. Сол арқылы зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауда.
Осы басымдықтарды негізге ала отырып, біз облыста 5 жастар денсаулық орталығын аштық. «Жігер», Сарысу аудандық филиалының «Жасдәурен», №3 Тараз қалалық емханасының «Жастар», №2 қалалық емхананың «Жаннұр», №5 қалалық емхананың «Жастар» жастар денсаулық орталықтары бүгінде жастарға отбасын жоспарлау мәселелері бойынша жоғары мамандандырылған медициналық-психоәлеуметтік және тегін медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуде. Онда жасөспірімдер мен жастарға саламатты өмір салтын қалыптастыру, аурулардың алдын алу аспектілері бойынша интерактивті әдістермен (тренинг, дөңгелек үстел және т.б.) арнайы маман кеңес береді. Жуырда «Жігер» орталығында дүниежүзілік стандарттық талаптарға сай симуляция кабинеті ашылды. Ол қауіпсіз, сенімді тренингтерді оқып үйренуге және де келушілердің маскүнемдік, темекі тарту және нашақорлықтың шырмауына түскен жандардың бойындағы болатын өзгерістерді, болашақ ұрпағына тигізетін зияны туралы білімін жетілдіруге мүмкіндік беріп, қолдау көрсетуге арналған.
Адам өмірі – Алланың берген үлкен сыйы және аманаты. Аманатқа қиянат жасауға ешкімнің құқы жоқ. Демек, біз өміріміз үшін, денсаулығымыз үшін жауаптымыз. Темекіден, ішімдіктен, есірткіден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстану арқылы баянды бақытқа, жарқын болашаққа, асқақ арманға жете аламыз. Баға жетпес байлығымыз – денсаулығымызды бағалайық. Ол үшін, әрине, дәрігерлерге уақтылы қаралып, кезекті тексерулерден өтіп тұру қажет. Ақысыз жүргізілетін скринингтік тексеруді мүмкіндігінше пайдаланған дұрыс. Сол арқылы көптеген аурудың алдын алуға болады, мысалы, артериялдық гипертония, жүректің ишемиялық аурулары, қант диабеті, глаукома, «В» және «С» вирусты гепатиті, сүт бездері, жатыр мойны, тоқ ішек пен тік ішектердің қатерлі ісіктері секілді. Жалпы, скринингтік тексерулер жүргізілетін елдерде, жатыр мойны, сүт бездері және жуан ішек қатерлі ісігінен өлім-жітім күрт төмендегені жиі айтылуда. Яғни, аурудың алдын алу, ерте сатысында анықтау тиімді екені дәлелденді.

Гүлжан Иманбекова,
облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері орталығының директоры.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support