- Advertisement -

Жамбыл, Хантау мақтаныштары

135

- Advertisement -

Ауданның мәдениет және өнер күндері аталып өтті

3 5Ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, кемел кеңдікпен, ерен елдікпен артындағы ұрпағына аманат етіп қалдырған қазақтың ұлан-ғайыр ұлы даласының әрбір аймағының өзіндік орны, өз ерекшелігі бар десек, облысымыздың 44 пайыз аумағын алып жатқан Мойынқұм өңірінің де орны бөлек. Бақ-береке дарыған қасиетті де құтты өлкенің бір қиыры Бетпақтың белімен, бір шеті Балқаш көлімен астасқан Мойынқұм құмы, Шу аңғары, Хантау, Жамбыл, Байғара таулары өңіріне орналасқан осы алып ауданымыздың атағы алысқа кеткен. Мұнда халқымыздың ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбылдың кіндік қаны тамған. Ол – құм төсін мыңғыртып малға толтырып, елінің игілігін еселеп арттырған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туған жері, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысып, Тәуелсіздігіміздің
ту ұстаушысының бірі атанған, «Халық Қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековті өмірге әкелген өңір.
Осынау киелі топырақ әлі де ел мақтанышына айналған өнерлі де өрелі ұлдардан кенде емес екен.

Тараз қалалық Мәдениет үйінің фойесіне қойылған сурет, фото, қолөнер көрмелері көптің көңілінен шықты. Онда Мойынқұм ауданының суретшілері мен қолөнер шеберлерінің жасаған дүниелері, тоқыған бұйымдары, салған сурет­тері тамашалағандардың қызығушылығын туғызды. Атап айтар болсақ, ауданның таңғажайып табиғатын, әрқилы тарихи кезеңдерін бейнелейтін белгілі суретшілер Бағдат Қапузин мен Мұрат Байжанның қылқаламынан туған туындылар қонақтардың ыстық ықыласына ие болды. Ұлттық нақышта жасалған шеберлердің домбыра, бесік және ер-тоқым секілді ат әбзелдері де көрменің көрігін келістіре түсті. Өз кезегінде ауданның мақтанышына айналған тұлғалар жайлы сыр шертетін фото және кітап көрмелері де өңірдің рухани айдынының қаншалықты тереңдігін дәлелдеп тұрғандай әсер қалдырды. Ал Жазылбек Қуанышбаев атындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайы алып келген экспонаттармен жасақталған көрме құдды бір Мойынқұмның табиғатын көз алдыңызға елестеді. Ондағы ұшқан құстың, жортқан аңның, өскен өсімдік-ағаштарының түр-түрлері қойылса, олардың ерекшеліктері туралы да қонақтарға кеңінен таныстырылып отырды. Мұражай директоры Ләйлә Қожагелдиева бұл шағын көрмеге отыз шақты экспонат әкелінгенін айтты.

2 1 4– «…Азия құрлығының осы бір ұлы даласын шөлейтке шыдамды, жаны сірі жыңғыл өскен, қыл арқандай ширатылып, тарамыстай тартылып сексеуіл шыққан, қоянсүйек пен көкпегі, кекіресі мен изені жайқалған, күн сәулесі астында да алыстан алтын тоғайдай сағымданып, сылаңдап тұратын алтын сары шиі құлпырған, арасына кіріп кетсең, өзің де көрінетін, өзгені де көретін сұйық судыр ши басқан ұлы далаға әзір қауіп-қатер төне қояды-ау дегендей сезік те жоқ еді ғой…» деп заманымыздың заңғар жазушысы, әлемге әйгілі қырғыз қаламгері Шыңғыс Айтматов өзінің атақты «Жан пида» атты романында Мойынқұм өңірін осылай суреттеген еді. Бұдан артық өлкенің табиғатын бейнелеп ештеңе айтуға болмайтын шығар. Осынау құла түз, құмды өлкенің қойны андыздаған аң-құсқа толы болса, қойнауының, өзге елдер де көз тіккен қазына-байлығы, тіпті мол екені тағы белгілі. Біз мұндағы қабан, сарышұнақ, кірпі, бірқазан, үкі, ши, шеңгел, сексеуіл секілді тағы басқа табиғи экспонаттармен соның бір айғағын көрсеткіміз келді, – дейді Ләйлә Қожагелдиева.
Бұдан кейін жиналған жұртшылық қалалық Мәдениет үйінің үлкен залына ағылды. Көпшіліктің талғам тамырын тап басқан көрмеден соң өнер мерекесі ауданның өнерпаздары ұсынған «Құт дарыған өлке» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Салтанатты шараны залға лық толған қонақтармен бірге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов та тамашалады. Сондай-ақ, аудан әкімдері, мәдениет басшылары, басқа да белгілі азаматтар шараның құрметті қонақтары қатарын толтырып отырды.
Жұлдыз аттас жалғыз шаһар жердегі,
Таразым-ау, саған сәлем бергелі.
Жамбыл, Хантау баурайынан өзіңе,
Мойынқұмдық өреңдерің төрледі, – деген жыр шумағымен шымылдығы түрілген мерекелік шараның ашылу сөзі Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікеновке берілді.
– Құрметі тараздықтар! Биылғы жыл еліміз үшін мерекелі де берекелі жыл болмақ. Біз де жыл басын Қазақ хандығына 550, ауданымызға 75 жыл толуына орайластырылған осынау мерейлі шарамен бастағалы отырмыз. Облысымыздың жартысына жуық аумағын алып жатқан дархан даламыздың әнмен әуелеген, күймен көмкерілген ыстық сәлемін облыс орталығындағы жайсаң жұртқа ала келдік.
Мойынқұм – тек облысымыздың ғана емес, еліміздің елеулі аймақтарының бірі. Қазақстанның тарихи атамекені де осы арадан бастау алатыны бәрімізге белгілі. Олай дейтініміз, Қазақ хандығының алғашқы ту көтерген мекені де Мойынқұм жері екеніне ешкімнің таласы жоқ. Ендеше, үстіміздегі жылы тойланғалы отырған дүбірлі мерекенің бастауын осылай жалаулатқанымыз әбден дұрыс-ақ. Мәдениет – ұлттың мәйегі десек, шалғай аудандағы жергілікті өнерпаздар мен таланттардың кеңінен танылуына осылай мүмкіндік жасап отырған облыс басшылығына алғысымыз шексіз, – дей келе, Болат Асқарәліұлы қонақтарға мерекелік көңіл-күй тіледі.
Осыдан кейін сахна төріне көтерілген мойынқұмдық дарынды ұл-қыздар өнерлерін ортаға салды. Алдымен Мойынқұм ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы жергілікті сазгер Садыхан Әубәкіровтің «Өрлеу» күйі көптің көңілін бір серпілтіп алса, осы орындаудағы тараздық сазгер Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз», дәулескер күйші Дәулеткерейдің «Көроғұлы» күйлері де тыңдарманның жүрек тамырын жібіте түсті. Ансамбльдің сүйемелдеуімен Эльвира Боранбаева халық әні «Әгугай»-ды әуелетсе, Фарида Қаратереева «Әдемі қыз» әнімен көпке әдемі әсер қалдыра білді. Жас таланттардан құралған «Әйгөлек» бишілер тобы да мың бұралып, күй ырғақтарымен астасқан әсем билерімен көрерменнің көз қуанышына айналып отырды. Сондай-ақ, бағдарлама барысында мойынқұмдық ақын-сазгерлердің шығармалары, оның ішінде, «Жүрегім нәр алған ба, Мойынқұмнан», Қайрат Рысқұлбековке арналған «Батыр Қайрат», ауданды ширек ғасыр басқарған Айтбай Назарбековке арналған «Айтеке» әндері де шырқалып, шараны шат-шадыман ете түсті. Ал бір топ әншілерден жасақталған хордың орындауындағы «Жазылбекшілер маршы» жиналғандардың жанын еріксіз жадыратып жіберді. Тіпті, мерекелік бағдарлама соңы Шәмші ағамыздың «Мойынқұмда» әнімен түйінделгені де ауданның атын асқақтатып, көпшілікке әсерлі сезім сыйлады.
Ауданның облыс орталығындағы Мәдениет және өнер күндері облыстық қазақ драма театрындағы «Құралай сұлу» тарихи қойылымымен тиянақталды. Мойынқұм аудандық халық театрының өнерпаздары Иса Байзақовтың поэмасының желісі бойынша сахналаған спектальде жаугершілік замандағы Мойынқұм өңіріндегі өмірдің бір парасы көрініс табады. Сонымен қатар, қойылымда бүгінде осы өңірде моласы қалған Құралай сұлу жайлы аңыз-әңгіме тереңірек баяндалады. Хандық кезеңдегі көріністерді көз алдымызға алып келген спектакль театр мамандарының да, көрермендердің де көңілінен шықты. Бұдан соң, сөз алған облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев жиналған көпшіліктің қойылымға деген толассыз қошеметін негізге ала отырып, аудандағы халық театрының жоғары деңгейде өнер көрсеткенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол өнер мерекесі ағымдағы жылғы ел көлемінде, облыс аумағында аталып өтілер игі шаралардың бастауы екенін тілге тиек етіп, аудандардың облыс орталығындағы Мәдениет және өнер күндері мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support