Кәсіпке икемді буын қалыптасып келеді

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Қазір талапшыл жастар көп. Менің ойымша, олар алдыңғы буынға қарағанда еркін ойлы, іскер, батыл, ізденімпаз, тәуекелшіл, жаңашыл. Жақсы өмір сүруге талпынады және оған қалай жету керектігін біледі. Содан да болар, қақ-соққа, артық ауыз әңгімеге, бос селтеңге жоқ. Мен оларға таңданамын! Таңғаламын! Риза боламын! Мейлі ол ауыл, мейлі қала баласы болсын.
Өз ауылымдағы інілерімнің де бос жүргенін көрмеймін. Жоғары оқу орнын бітірер-бітірмес түрлі бағдарламалар арқылы мал санын көбейтіп, сүтін өткізіп, әр минутын бос жібермей әрекет етуде. Облыс орталығынан пәленбай шақырым қашықтықта болса да, қос қабатты үй салып, кезінде қалаға ғана тән болған өркениетке бәрі өз шаңырақтарында қол жеткізген. Көліктің де түр-түрін таңдап мінеді. Ата-анасын демалыс орындарына жіберіп, өздері шетелге саяхаттауды жоспарлайды. Арасында қайырымдылық жасауды да ұмытпайды. Ал кәсіпке икемі жоқ жастар болса, әлем әдебиетін парақтап, қарымын қаламдарының қуаты арқылы көрсетуде.
Жақында жас кәсіпкерлерге бөлінген грантты ұтып алған жастармен сөйлестім. Олардың біразының жобаларымен таныса отырып, «мұндай да бар екен ғой» деп таңдандым. Жастарымыздың еңбекқорлығына тәнті болдым. Өзімнің әрекетсіз өткізген уақыттарым үшін ұялдым…
Мәселен, тараздық Азамат Әзімхан әзірге облысымызда жоқ, Германиядан шыққан құрылыс материалы – икемді тастың (гибкий камень) дайындалу технологиясын Ресейден 580 мың теңгеге сатып алыпты. Ерекшелігі сол, ол материалды үйдің ішкі де, сыртқы да әрлеу жұмыстарына пайдалануға болады. Өте қатты суыққа да, +65 градус ыстыққа да төзімді бұл материалға берілетін кепілдік мерзімі – 60 жыл (!) екен. Бағасы да қолжетімді, табиғи тастардан әлдеқайда арзан.
Азамат қаржысы қолға тиісімен бастапқыда 3 адамды жұмыспен қамтымақ.
Мен тілдескен тағы бір жас кәсіпкер – Нұрсұлтан Жарылқасын қазіргі кәсібімен айналысуды 9-сыныпта оқып жүріп-ақ бастаған екен. Анасының қоқысқа лақтырғалы жатқан былғары сөмкесін сұрап алып, өзіне әмиян тігіп алады. Содан қызығушылығы артып, хобби ретінде тігіп жүреді. Бірде досының туған күні болып, соған өз туындысының біреуін сыйға тартады. Сол жерден ол 5-6 әмиянға тапсырыс алады. Содан бері премиум класты былғары әмиянның айына 25-30 данасын тігіп, сатумен айналысыпты. Кейіннен әмиянмен бірге ұялы телефон қаптағышы мен кілттерге брелок та жасай бастайды. Енді Нұрсұлтан Алматыдан былғары кесетін аппарат пен тігін машинасын сатып алмақ. Қазірдің өзінде оған Санкт-Петербургтан, Алматыдан тапсырыстар түсуде. Аппараттарын алып келген соң 2 адамды жұмысқа қабылдамақ. «Оларға былғары тігудің қыр-сырын өзім үйретемін» деп құлшынып отыр.
Ал бұл кәсібін дөңгелетіп алған соң дизайнерлік киімдер тігіп, оны қазақстандық брендке айналдырсам деген де арманы бар екен. «Мемлекет бізге не берді?» деп емес, «Біз елімізге не бердік?» деп ойлануымыз керек», – дейді ол.
Ал Азамат болса, «Жастарда идея көп, тек осылай бізге қолдау көрсетіп отырса болғаны. Біздің жобамызды жүзеге асыруға мүмкіндік берген облыс әкімдігіне алғысымыз шексіз. Енді біз тек өсу, өркендеу, даму бағытында жұмыс істейтін боламыз», – дейді.
Ниеттеріне жетсін!

Comments are closed.