- Advertisement -

Міндет – жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу

104

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен дәстүрлі Тамыз кеңесі өткені белгілі. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан аса делегат жиналды. Президент қатысқан конференцияда білім саласындағы негізгі бағыт-бағдар айқындалып, осыған дейінгі жұмыстарға қорытынды, алдағы күнге жоспар жасалды. Қ.Тоқаев саладағы қордаланған мәселелер мен оны шешу бойынша Үкімет пен әкімдерге, сондай-ақ тиісті министрлікке бірқатар міндет жүктеді.

Мұғалімнің еңбегі
бағалануы тиіс

Ұстаздар қауымы бас қосқан ауқымды әрі маңызды жиында сөз алған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр адамның тәр­бие мен білім берген ұстаздарын қадірлейтінін айтты.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың мәрте­белі мамандық иелеріне деген ықы­ласы ерекше екенін өз­деріңіз жақсы білесіздер. Мен де бүгін сіздермен кездесу үшін осы жиынға арнайы келіп отыр­мын. Ең алдымен, білім және ғылым саласының барлық қызмет­кер­леріне шынайы ықыласымды біл­ді­ремін. Сіздер еліміздің бола­­шағы үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. «Білімдіден шық­­қан сөз, талаптыға болсын кез» деп ұлы Абай айтқандай, Ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұр­пақ тәр­биелеу – аса жауапты әрі күр­делі жұмыс. Сондықтан бола­шаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін ла­йықты бағалау – өте маңызды міндет, – деді. Мемлекет бас­шы­сының айтуынша, сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Осы ретте жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәр­бие­леу – осы күннің негізгі міндеті.
Қ.Тоқаев отандық білім беру жүйесінің үздік үрдісін сақ­тай отырып, бір орында тұрып қал­май, әрдайым даму жолын­да болу керектігін атап өтті. Пре­зи­­дент­тің айтуынша, бәсекеге қа­бі­летті балаларды қалыптас­ты­ру­да басты үміт мұғалімдерге арты­ла­­ды. Педа­гог­тердің, әл­бет­те ата-ана­лардың да міндеті – елі­міз үшін лайықты азаматтарды тәрбиелеу.
– Лайықты азамат – өз бі­лімін Отанымыздың игілігі үшін жұм­сайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жаста­рымыз еңбекқор болмаса, еш­қандай бәсекеге түсе алмайты­нын терең түсінуі керек, – деді Президент. Сондай-ақ Мем­лекет басшысы жаңа ұрпақты ал­дағы сын-қатерлерге дайындау қажеттігін, бұл ретте балалар еңбексүйгіштік идеялары мен құндылықтары негізінде тәр­бие­ленуі тиіс екенін тілге тиек етті.
– Бүгінде IT мен биотехнология саласындағы революциялар адамзаттың өмірін өзгертуде. Сондықтан білім беру жүйесі жаңа өмірге тез бейімделуі қажет. Әлемдегі жетекші мектеп­тер балалардың креативті әлеуетін дамытумен айналысады, сандық технологиялар мен нақты ғы­лым­дарға үйретеді, – дей келе, Қазақстанның дамыған ел қатар­ына қосылуының кілті сапалы, қолжетімді және заманауи білімде екенін айтты. Бұл үшін осы саланың дамуына жаңа, қуатты серпін беру маңызды.
– Бұл – ең алдымен мұға­лім­дердің біліктілігіне, оқулық­тардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оны шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек. Білім беру жүйесінің сапасына теріс ықпал ететін тағы бір кедергі – ұсынылатын реформаларда педагогтардың нақты қажеттіліктерінің есепке алынбайтыны. Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту Білім және ғылым министрлігінің сала­лық құрылымдары өткізетін курстар­мен және семинарлармен шек­теледі. Мұндай шаралардың қажет екені түсінікті. Дегенмен аталған курстарда мұғалімдер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер назарға алынбай қалады, – деді Қ.Тоқаев. 2018 жылғы сертификат­таудан өткізу нәтижесінде пед­а­гогтардың 35 пайызы шекті дең­гейден өте алмағанын, мұғалімнің дайындық деңгейін бағалаудың бюрократиялық, біржақты іске асырылатынын алға тартты. Мемлекет басшысы атап өткендей, жағымсыз нәтижелер жағдайында педагогтар оқу ошақтарының басшылығы тарапынан қысымға ұшырайды, себебі бағалар мектеп рейтингіне әсер етеді. Осы орайда Үкіметке аталған мәселелерді шешу бойынша шұғыл және түбегейлі шаралар қабылдауды шегелеп айтты.
– Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фара­бидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызмет­кер­лерінің бой түзер бағдары болуы тиіс. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар мемлекеттің озық инно­ва­цияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің ал­­дында тұрған маңызды мін­дет. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз та­ри­хыңа құрметпен қарауға тәрбие­леп, ұлттық құндылықтарды дәріп­теуі тиіс. Кең ауқымда өтіп жат­қан «Бірге – таза Қазақстан!» экологиялық акциясын дәл осындай бағыттағы өте қажетті, дұрыс бастама деп санаймын. Мұндай шараларға әрқашан қолдау көрсете береміз, – деді Мемлекет басшысы. Осы ретте балаларға экологиялық таным-түсінік беру арқылы таби­ғатты қорғауға тәрбиелеудің ма­­ңыз­ды екенін жеткізді.
– Мемлекеттік емес мектепке дейінгі шағын ұйымдарда тәрбие-білім беру процесі іс жүзінде жоқ. Тәрбиешілер мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарын әрдайым басшылыққа алмайды. БАҚ-тың материалдарынан біз балаларды ұрып-соғу жағдайлары туралы жиі білеміз. Үкіметке мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті, бұған қоса заңнамалық шаралар қабылдауды тапсырамын, – деген Қ.Тоқаев осыдан соң балалар мен жасөспірімдер ара­сындағы суицид мәселесіне тоқ­талып, оның себебі неде екенін ойлануымыз керегін тілге тиек етті.

– Орта білім беруді дамыту стра­тегиясын айқындау қажет. Бүгінде әлемде 12 жылдық білім беру­ге арналған жалпы орта білім берудің белгілі бір стандарты қа­лыптасты. Бастауыш сыныптарда оқыту ұзақтығын арттыру үр­дісі сақталуда, әлем мектеп­терінің 60 пайызында білім беру 6 жастан басталады, бұл бала­ның ерте интеллектуалды дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді. Үкіметке білім мен ғы­­лымды дамытудың 2025 жыл­ға дейін­г­і жаңа мемлекеттік бағ­дар­ла­­масын іске асыру шеңберінде 12 жылдық үлгіге әбден ойлас­тырып, бір қалыпты көшірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, кәсіптік-техникалық білім беру саласы қай бағытта қозғалып бара жатқанын түсінген абзал. «Жас маман» жо­басының да баяу қадаммен жүзеге асып жатқаны алаңдатады. Аталған жобаны іске асыру тетігі толық жүргізілмеген. Мамандықтар тізі­мі бекітілмеген. Жобаны іске қосу үшін Үкімет нақ­ты мер­зімдерді атап, нақты әре­кет алго­ритмдерін ұсынуы керек.
– Тағы бір өзекті мәселе – уа­қыт талабы мен еңбек нарығының қа­жет­тіліктеріне қарай арнаулы орта оқу орындарын жаңғырту. Тәжі­рибе көрсеткендей, қолданыс­тағы колледждердің материалдық-техникалық қайта жарақталуына басымдық беру – ресурстарды шы­ғындайтын тәсіл. Сондықтан Үкімет­ке колледждерді ірі кәсіп­орындар арқылы сенімді басқаруға көшіру, дуалды оқытуды дамыту, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріндегі стратегиялық бағ­дарларды айқындай отырып, типтегі ұйымдарды дамыту ісін кешенді түрде қарауды тап­сырамын, – деген Қ.Тоқаев кәсіп­орынның сенімді басқаруына кө­шірілген кәсіптік-техникалық оқу орнының жарқын мысалы ретінде Президент сайлауы қар­саңында жұмыс сапарымен бар­ған Атыраудағы мұнай-газ саласына кадрлар даярлайтын APEC PetroTechnic колледжін атап өтті.
– Үш ауысымды және шағын жи­нақты мектептер мәселесі өз шешімін табу керек. 7014 мектеп­тің 128-і үш ауысымдық, ал 31-і апат­тық жағдайда. 2019-2020 жылдары бюджет есебінен үш ауысымды оқыту проблемасын жою үшін 35 мек­теп және апатты мектептердің орнына 7 мектеп салу көзделген. Тәуелсіздік жылдары барлығы 1 мың 198 мектеп салынды. Біз халық санының артуына байланыс­ты демографиялық үрдістерді ес­кере отырып, мектептерді салу мен жаңғыртуды одан әрі жалғас­ты­рамыз, – деді Президент. Бұл үшін мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында инвесторларды тартып, жеке мектептерді салу көзделмек. Сонымен қатар Қ.Тоқаев күн тәр­тібіндегі өзекті тақырып ретінде үш тілді білім беру жүйесін енгізу мәселесіне тоқталды.
– Ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау тиімді болады деп санаймын. Ал жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайын­ды­ғына қарап жүргізу қажет, – деді ол. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы жөніндегі ойын ор­таға салды. Құжатта қарас­ты­рыл­ған ұстаздарды қолдаудың ке­шен­ді шаралары ретінде сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақыны екі есеге өсі­ру, еңбек демалысының мер­зі­мін 56 күнге дейін ұлғайту, магистр дәрежесі үшін үстемеақы төлеуді атап өтті. Сондай-ақ облыс басшыларына педагогтерді өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға жегуді доғару керектігін қатаң ес­кертті.
– Ақиқатын айту керек. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ең төмен деңгейде қалып отыр және экономика бойынша орташа жалақының 65 пайызын ғана құрайды. Біз әлбетте мұнымен келіспейміз. Сон­дықтан Үкіметке білім саласына білікті мамандарды тарту жә­не мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында жалақыны төрт жыл ішінде екі есеге көбейтуді тапсырамын, – деді Президент. Сонымен қатар жиында қала мен ауыл балалары арасындағы білім беру теңсіздігін жеңудің маңызын тілге тиек етті. Оның ойынша, білім беру стандарттары мен бағдарламалары бірыңғай болуы тиіс. Себебі барлық балалар тұратын жеріне немесе олардың ата-аналарының әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы білімге қол жеткізуі қажет. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімдеріне шара қолдану қажеттігін жеткізді.
– Ғылымды қаржыландыру ашық­тығын қамтамасыз ету қажет. Өткен конкурстардың қоры­тын­дысы бойынша гранттық қаржы­ландыруды бөлу Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысын жетілдіру жә­не толықтай алғанда ғылымды қаржыландыру ашықтығын қам­та­масыз ету қажеттігін көрсетті. Ғы­лыми ортада қаржыландыру жү­й­е­­сіне сенімсіздік, сонымен қатар егде және жас ғалымдар ара­­­сында белгілі бір жіктелу бай­қала­ды. Сондықтан Үкіметке нақ­ты тәжірибелік ұсыныстармен ғы­­лым­ды мұнан әрі институттық да­мыту тұжырымдасын әзірлеуді тап­­сырамын, – деді Мемлекет бас­­­шысы. Бұдан бөлек, ол бала тәр­­биесінде отбасы мен ата-ана­ның алар орны зор екенін атап өтті. Адам бойындағы негіз­гі құн­ды­лық­­тар отбасында қалып­та­саты­­­нын айта келе, ата-аналарды педа­гог­тердің еңбегін бағалауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңын:
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бас­тауы­мыз керек» деген сөзі бар. Осы­ған орай, барлық мақсат-мін­дет­тер Үкімет әзірлеп жатқан «Білім мен ғылымды дамытудың мем­лекеттік бағдарламасында» толық қамтылуы тиіс. Бұл бағдарламаның жобасын халықпен кеңесіп, кеңі­нен талқылау қажет. Бұған қажетті ресурстар жеткілікті. Баршаңызға жаңа оқу жылында табыс тілеймін! – деп аяқтады.

Тамыз кеңесі: білімнің
бүгіні мен болашағы

Тамыз кеңесіне жиналған жұрт алдағы оқу жылында енгізілетін өзгерістер мен болашақтағы жаңа­лық­тарды, сондай-ақ Мемлекет басшысының берген тапсырмалары қай бағытта орындалатынын баяндайтын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзін асыға күтті.
Бас педагог баяндағандай, конференция – 7 тамыздан бері жер-жер­лерде өткен Тамыз кеңес­терінің қорытындысы. Жаңа оқу жы­­лын­дағы басты жаңалық – «Педа­гог мәртебесі» туралы заң­ды қабыл­дау және 2025 жылға дейін­гі білім мен ғылымның жаңа мем­лекет­тік бағдарламасын әзірлеу. А.Ай­ма­ғам­бетов алдымен осыған дейін ат­қа­рылған істерге қысқаша тоқталды:
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Балаларды балабақшамен қамту 95,2 пайызға жетті. Ал барлық мектепке дейінгі ұйым­дар­дың саны 2 мыңға өсті. Бала­ны балабақшаға орналастыру облыс­тар мен ірі қалаларда авто­мат­тандырылған. Енді республика бойынша жолға қою керек.
Орта білім. Мектептер жаңар­тылған оқу бағдарламасына көшті. Мұғалімдердің 70-87 пайызы жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша курстардан өтті. Педа­­гогтерді аттестациядан өткізу­дің жаңа жүйесі енгізілді. Оқу­шыларды қосымша білім берумен қамту көрсеткіші жоғарылай түсті.
Кәсіптік-техникалық білім. «Баршаға арналған тегін кә­сіп­тік-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылды. Дуалды білім беру жүйесі 484 колледж­ге енгізілді. Демек, колледж­дер­дің 50 пайызында типтік оқу бағ­дар­ламасын жұмыс берушілердің қа­лауына қарай, кәсіби стандарт негізінде өзгертуге болады. Сон­дай-ақ колледждерге академиялық еркіндік жүйесі енгізілуде.
Жоғары білім. Былтыр шілде айында ЖОО-ларға академиялық еркіндік пен қаржылық дербестік беру туралы көптен күткен заң қа­­был­­данды. Шетелдік студенттер­дің саны 9 мыңға артып, бұл бар­лық ізденушілердің 4 пайызын құрады.
Ғылым. Қазақстан ғылымында нақты жетістіктер бар. Соның ішінде ғылыми еңбектер көптеп жа­зылды, ғалымдардың белді басы­лымдарға мақала жариялау белсенділігі жоғарылады.
Болашақтағы бетбұрыс қандай болмақ?
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Министрдің айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бас­­тап балаларды ерте жастан да­мыту бағдарламасы енгізіледі. Бүгінгі таңда 2 жастағы балаларды балабақшамен қамту мәсе­лесі өте өзекті. «Балалардың бала­­бақ­шаға бару кестесін қайта қарау қажет. 6 жастағы балаларды ба­ла­бақшадан мамыр айынан бастап шығару тәжірибесін тоқтатып, тамыз айына дейін ұзарту керек. Осы уақытты балалардың мек­тепке дайындығына арнаған абзал. Аталған өзгерістерге сай бағ­дарлама әзірленеді. Кедергісіз қам­ту ұстанымын жүзеге асыру арқылы мүмкіндігі шектеулі бала­лардың балабақшамен қамтылуын әрі қарай жалғастыру керек», – деді А.Аймағамбетов.
Мектепке дейінгі ұйым пе­да­гогтерінің біліктілігін арттыру мен жалақысын өсіру мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Елба­сының тапсырмасымен аталған сала қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға өскен болатын. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. «Қазір орта білім берудегі біліктілікті арттыру мен 30-50 пайыздық үстемемен жалақыны өсіру жүйесін мектепке дейінгі сала қызметкерлеріне енгізу жоспарланып отыр.
Бала­бақшалардың жұмыс сапасын арттыру мақсатында қоғамға жа­рия түрде мектепке дейінгі ұйым­дарды онлайн бағалау жүйесі енгі­зіледі», – деді ведомство басшысы.
Орта білім. Бұл білім сатысын­да ата-аналар мен ұстаздар әліппе мәселесін жиі көтеріп жүр. «Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өз­деріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсын­ұлының әдістемесі негізінде енгізіледі. Әліппе сынақ өткізетін алаң емес. Сондықтан ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеме бо­йынша әзірлейміз», – деді министр.
Оның айтуынша, жаңартылған оқу бағдарламасына көшуді жал­ғас­тыру керек. Биыл 4, 9, 10-сынып­тар осы жүйеге көшеді. Ал келесі жылы тек 11-сыныптар көшіріледі. Сонымен 2021 жылы білім берудің жаңартылған мазмұны толықтай тәмамдалады.
Кейбір пәндердің оқытылуына қатысты пікір білдірген бас педагог кәсіби бағдар беретін пән 7-сыныптан басталу керектігін, осыған орай нақты шаралар қабылданатынын жеткізді. «Шағын жинақты мектептерде бір мұғалім 5-6 пәннен сабақ береді. Сапасы қандай болады? Сондықтан мұндай мектептердің қаржыландыру жүйесін қайта қарау қажет. Екіншіден, ауылдық жерлерде кадрлар тапшылығын қысқарту үшін біз «мобильді мұ­ға­лім» қанатқақты жобасын енгі­земіз», – деді министр. Оның ай­туынша, жаңа мектептер салынады, 5-7 жылдан кейін елді мекендер жабылып, мектептер бос қалады. «Сондықтан ауылдарда модульдік мектептер салынады, оны қажетіне қарай бөлшектеуге, ауыстыруға және мақсатқа сай пайдалануға болады», – деді А.Аймағамбетов.
Ведомство басшысы баян­да­ғандай, латын графикасына өту асықпай, кезең-кезеңімен жүргі­зіледі. Ал үштілділікке қатыс­ты жұмыстар Мемлекет басшы­сы­ның жоғарыда айтқан тапсырмасы негізінде жүзеге асырылады. Енді педагогтердің аттестация­дан өтуі Үкімет порталы арқылы авто­маттандырылады. Мұғалім өтіні­шін мектеп директоры мен орын­басарының қолынан өткізбейді.
Ұстаздар күткен жаңалықтың бірі: мұғалімдер енді 5 күн жұмыс істейді. Өйткені мектептер 5 күндік оқу жүйесіне көшкен. Олар алтыншы күнді өз қалауына қарай жеке уақыты ретінде пайдаланады. Тағы бір өзгеріс – оқу жетістіктерін сырт­тай бағалаудың енді болмай­тыны. Бұл жоғары білімге де қа­тыс­ты. Бірақ сырттан бақылау бәрі­бір болады, оның орнына тестілеу енгізіледі.
Кәсіптік-техникалық білім. «Кәсіптік-техникалық білімнің ең негізгі екі міндеті бар. Көп адам колледждер тек мамандар даярлаумен айналысады деп ойлайды. Әрине бұл – негізгісі. Ал білім берудің бұл сатысындағы маңызды міндет – әлеуметтендіру», – дейді А.Аймағамбетов. Ол осы салаға қа­тысты «Жас маман» жобасының Президент тарапынан сынға алынуын орынды деп санайды. Онда­ғы негізгі түйткілдердің түйінін тарқату үшін қандай қажетті ма­ман­дықтар бар екенін егжей-тег­жейлі қарау қажет. Соған сәйкес ең керекті жабдықтар алынуы тиіс.
Жиында колледждердегі жалпы мамандықтардың қатары екшелу керектігі де айтылды. Министр­­дің мәлімдеуінше, бірқатар ескір­ген кәсіп түрлері қысқар­тылып, оның орнына жаңа ма­мандықтар қосылады. Десе де кәсіп игергісі келе­тіндерге арналып осымен 3-ші жыл іске асырылып келе жатқан «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жалғасады.
Президент атап өткендей, колледждерді сенімді басқаруға беру – өте маңызды. Алайда мұн­да да нақты басқара алатын, ірі инвесторлар мен оқыту бағдар­ла­маларын өзгертуге әзір кәсіп­орындарды лайықты таңдау керек. Бұл өз кезегінде еңбек нарығын біліктілігі жоғары кадрлармен қам­тамасыз етуге септеседі. «Кол­ледждерді жабу мәселесі де түпкі­лікті зерттеуді қажет етеді. Ондағы студенттер саны аз болғаны үшін жаба салуға тағы келмейді. Мә­се­лен, бір ауданда жалғыз кәсіптік-техникалық білім ошағы болса, ба­лалар қайда барады? Бұл өз кезе­гінде кәсіпке ұмтылмайтын жеткіншектер мен жұмыссыз жас­тар қа­тарын көбейтеді», – деді А.Айма­ғамбетов.
Жоғары білім. Гранттардың ашық әрі әділ бөлінуіне кепілдік беру мақсатында ҰБТ электронды фор­­матта өткізіледі. «Оқушылар түр­лі әдіспен жүйені «алдап соққы­сы» келетіні жасырын емес. Теле­фон алып кіреді, балды өз білімімен емес, әлдеқандай құралдардың кө­мегімен жинау туралы көбірек ой­лайды. Сондықтан біз ҰБТ тапсыру жүйесін біртіндеп электронды фор­матқа көшіруді жоспарлап отыр­мыз», – деді ведомство басшы­сы.
Студентке өз грантымен жағ­дайға қарай қалаған университетке ауысуына мүмкіндік беріледі. «Қазір, мысалы, Павлодардағы ЖОО-да грант ұтып алған студент белгілі бір уақытта Еуразия Ұлт­тық университетіне ауыса ал­майды. Сондықтан бұл мәсе­лені сарапшылармен бірге талқы­лаймыз. Грант иегері мәжбүр­лікпен келесі бір қалаға көшсе, грантымен ауыса алатындай мүм­кіндік қарастырылады», – деді А.Аймағамбетов.
ЖОО-ға қабылдаудағы қа­жет­сіз құжаттардың сұралатыны жақында ғана біздің басылымда көтерілген болатын. Тамыз конференциясында министр қабылдау жүйесі автоматтандырылатынын, іш пыстыратын құжаттар тізімі қыс­қартылатынын айтты.
«Мемлекеттік грантта оқып, бітірген түлектер өз мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс істеуі керек. Осы талаптан қашып құтылу үшін студенттер 4-курсқа өткенде гранттан өз еркімен бас тартып, ақылы оқытуға өтіп жатады. Бұл келеңсіздіктің алдын алу мақсатында бұдан былай бас тартқандарға қалған 3 жылғы оқытудың да ақысын өтеу талап етіледі», – деді министр. Оның ай­туынша, елімізде 86 ЖОО педа­гогикалық кадрларды даярлайды. Оның барлығы бірдей сапалы маман даярлауы мүмкін емес. Аталған университеттер сертификаттаудан өтеді, осының негізінде іріктеледі. Ал жалпы ректорлар қоғам алдында есеп береді. Қа­зақстан «Білім хабы» болуы керек. Шетелдерден студент тарту жұмысы жалғасады.
Ғылым. «Мемлекет басшысы ғылымның дамуына айрықша көңіл бөледі. Қ.Тоқаевтың тапсыр­ма­сымен келесі жылы ғылымды қаржыландыруды өсіру қарас­тырылған. Жақында ғана Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысында бөлінетін қаржы кө­лемі белгіленді. Алдағы міндет – ғы­лымның қаржыландырылуын ІЖӨ-нің 1 пайызына дейін жет­кізу», – деді министр.
Спикер баяндағандай, грант­тардың бөлінуі бойынша Ұлт­тық ғылыми кеңестің (ҰҒК) айна­ласындағы проблемалар өзекті болып тұр. Осыған орай ҰҒК талап­тарын өзгерту қажет. Өзгерістер ға­лымдармен бірге талқылаудан кейін енгізіледі. ҰҒК құрамына қа­тысты сыни ойлар ескеріледі, онда шын мәнінде жоғары нәти­жеге қол жеткізген ғалымдар болуы тиіс.
«Антиплагиат бойынша алда үлкен міндеттер тұр. Бүгінде диссертациялар отандық еңбектер қоры негізінде тексерістен өтеді. Ал оны шетелдік жұмыстан көшіріп, аударып беруі мүмкін. Сол себепті халықаралық дәрежеде анти­плагиат­тан өтеді», – деді А.Ай­ма­ғамбетов.
Тамыз кеңесі қарапайым мұға­лім­дердің ұстаз туралы бір ауыз сөздері жазылған бейнероликтерді назарға ұсынылуынан басталды. Алуан пікірдің тоғысқан тұсы «Ұстаз – әрдайым жас, көңілі қартай­майды. Себебі осы бір қа­сиетті мамандық иелерінің айналасында балауса-балдырғандар мен жаны мөлдір жасөспірім, жастар жүреді. Ұстаз болу үшін жүрек керек», – дегенге саяды.
Бұдан кейін Тамыз конференциясында білім және ғылым саласын басқару мәселелері талқы­ланып, инновациялық идеялар мен бас­тамалар ұсынылатыны ай­тылып, солардың бір парасын мін­бер­ден айтуға келген баян­дама­шыларға кезек берді.

Ата-аналар қауымдастығын құру керек

Ақмола облысынан келген алғашқы спикер, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дамир Сұ­рағанов Президенттің әр өңір­ден жиналған педагогтердің ортасына келуін білім саласына деген қамқорлыққа балады.
– Білім берудің сапасы пе­да­гогтерге ғана емес, мамандардың ата-аналармен қарым-қатынасына байланысты. Ал қазіргі ұйым­дас­тырылатын ата-аналар жиналысына келетіндер қатары өте аз. Оның бір себебі – ата-аналардың жұ­мысбастылығы болса, екінші себебі – бұрыннан қалыптасып қалған ата-аналар жиналысының қазір өзектілігін жойып алуы, – деген Дамир ата-анамен жұмыс фор­матын өзгертіп, дебат, семи­нар, бетпе-бет әңгіме, тренинг түрінде ұйымдастырудың қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, спикер педа­го­гикалық мамандықтарды даярлайтын жоғары оқу орын­дары­ның санын азайтып, сапаға көші­руді, сондай-ақ мемлекеттік бі­лім гранттарын оқыту тіліне емес, жи­наған балына қарай бөлуді ұсынды.
Ал петропавлдық бастауыш сынып мұғалімі Анжелика Кач­ки­на «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын қабылдауға пәрмен берген Елбасына барша әріптестерінің атынан алғыс айтты.
– Дәл осы заң негізінде мұға­лім­дердің жалақысын арттыру мә­селесі қарастырылды. Педа­гог­тер­дің еңбекақысы елдегі ең төмен жалақының бірі екені жасы­рын емес. Бала өз жолын бала­бақшада үлкен білім әлемінен бастайды. Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің жауапкершілік жүгі ауыр. Ал олардың айлығы көңілге кірбің ұялатады, – деген баян­дамашының айтуынша, тәрбие­шілер бүгінде орта есеппен 76 мың теңге, бала күтуші 67 мың теңге алады.
А.Качкина цифрлы технологиялар заманында өмір сүргенімізбен, жасанды инетеллект пен онлайн курстар кәсіби әрі майталман мұғалімнің орнын алмастыра алмайтынын айтады. Сондықтан педагогтің еңбегі бағалануы керек.
Тамыз кеңесіне жылдағы дәстүр бойынша ата-аналар да шақырылған. Елімізде 3 мил­лионнан аса оқушы барын ескерсек, балабақша мен ЖОО-ларды санамағанда, ең кемі 7 млн-ға жуық ата-ана бар. Осынша өкілдің атынан сөз алған оралдық Клара Есқалиқызы жастар арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюі, зиянды заттарға әуестенуі, ата-аналар мен ұстаздарын сыйламауы белең алып бара жатқанына алаңдайтынын, білім ошағы мен ата-ананың мәселені бірлесіп шешудің орнына кінәліні іздей­тінін тілге тиек етті.
– Педагогтердің еңбегін ба­­ға­­лап, құрметпен қарауымыз қажет. Бала тәрбиесінде отба­сы­ның рөлі зор. Қазір барлық өңірде ата-аналарды қолдайтын ресурс­тық орталықтар бар. Бірақ біз келең­­сіздіктердің салдарымен ғана кү­ресу­деміз. Ал отбасы құнды­лықтарын бала бойына жастайы­нан сіңіру керек. Осы мақсатта «Жас отбасы» мектебін ашуды ұсынамын, – деген ол бұған қоса ата-аналар мен ұстаздар бірігіп ата-аналар қауымдастығын құру керектігін айтты.
Ұлттық биотехнология орта­лығындағы Адам генетикасы зерт­ханасының меңгерушісі Мақсат Жабагин жас ғалымдарға мемлекет соңғы жылдары лайықты көңіл бөле бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, алғаш рет жас ғалымдардың жобаларына үш жылға 9 миллиард теңге бөлініп отыр. Десе де ғылымды үдемелі дамыту үшін қаржыландыруды ұлғай­тумен қатар, жүйелі негізде қолдау көрсету, яғни жыл са­йын ғылыми жобаларды қаржылан­дыру бойынша конкурс өткізу маңызды.
– Өкінішке қарай қазақстандық ғылым қазір тек осыған дейін жоғалтқанын қайта түгендеумен айналысып жатыр. Мысалы, 90-шы жылдардың басында ғылыми қызметкерлер саны 50 мың адамнан асты, ал ҒЗТКЖ-ға (Ғы­лы­ми-зерттеу және тәжірибелік-конс­трук­торлық жұмыстар) жұм­са­ла­тын шығындар ІЖӨ-нің 0,8 пайы­зын құрады. Қазір қаржыландыру 0,12 пайызбен ең төменгі ше­гіне жетті. Ғалымның орташа жа­лақысы айына 120 мың теңгеге тең. Сол себепті бүгінде ҒЗТКЖ-да тек 22 мың адам ғана жұмыс істейді, – дейді ол. Генетиктің пікірінше, осы ретте қоғам мен бизнес тарапынан қолдау арқылы ғылымды көтеруге үміт бар, бірақ бұл үшін саланың жүйелі проблемаларын шешу қажет.
Баланың өмірін сақтау мен құқығын қорғау ісі тәрбие, бі­лім беру саласымен тікелей бай­­ла­нысты. Бала құқықтары жөнін­дегі уәкіл Аружан Саин педа­гог қауым­ның еңбегін ерекше бағалайтынын айта келе, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ол балалар қауіп­сіздігі мен өміріне қатысты пікірлері алдағы Президент Жолдауында ескеріледі деп сенеді.
Уәкіл балаларға жасалған зор­лық-зомбылық жағдайының артуы­­на істің облыстық деңгейге жетпей жабылып қалуының әсері барын айтады. Сондықтан балаларға қатысты қылмысты облыстық прокуратура қарауы керек. «Балаларға зорлық-зомбылық жасалса, тараптарға татуласу мүмкіндігін бермеу керек», деген А.Саинның айтуынша, мұндай істерге келгенде отбасыларға қоқан-лоқы көрсету немесе ақша беріп құтылу жағдайларымен бет­пе-бет келіп отырмыз. Ақы­рын­да жәбірленуші тарап зардап шек­се де арызын қайтарып алады. Ал ба­ла­лар­дың құқығы таптала береді.
Мәскеу болат және қорытпалар институты Ұлттық зерттеу техно­логиялық университетінің даму жөніндегі директоры Нұр­лан Қиясов Қазақстанның зият­кер­лік мектептер жүйесін қалып­тас­тырғанын атап өтті. Көп жылдан бері ресейлік білім беру саласында жұмыс істеген Н.Қиясов білім беру саласындағы басты проблемалардың бірі балалардың мүмкіндігі мен қабілеті түрлі болатынына қарамастан, оларға бірдей көзқараспен қарау, бағалау, үйрету екенін айтады. «Біз қатып қалған сабақ кестесімен жүреміз. Барлығын тез меңгеріп алған үздік оқушы уақытын келесі тақырып өтетін күнді күтумен өткізеді», деген ол цифрлы технологияның мүмкіндігін балалардың әрқай­сысына өз деңгейіне сай тапсырма беруде, дамытуда қолдануға болатынын жеткізді.
Конференция соңында Прези­дент отандық білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар ұстазды марапаттады. Атап айтқанда, «Құрмет» ордені­мен – Павлодар қаласының №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің мұғалімі Анатолий Би­лида, Алматы облысы Іле ауданы №13 орта мектебінің мұғалімі Гүл­нар Казербаева, «Ерен еңбегі үшін» медалімен – Орал қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мек­теп-лицейінің мұғалімі Гүл­зихан Таскарина, Түркістан облысы Кентау қаласының А.Югнаки атындағы орта мектебінің мұға­лімі Дәнегүл Қуатбек, «Шапағат» ме­далімен – Қарағанды қала­сын­дағы Н.Нұрмақов атындағы №2 облыстық мамандандырылған мек­теп-интернатының мұғалімі Ека­терина Нипрук марапатталды.
(«Егемен Қазақстан»,
19 тамыз, 2019 жыл).

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support