- Advertisement -

Өзіне сенген өкінбейді

113

- Advertisement -

Бұл – Жаңабек Сұлтанбеков ағамыздың өмірлік ұстанымы. Пікірлесе қалсаңыз, ұстамдылығын, байсалдылығын бірден байқаймыз. Азаматтығы басым, адамгершілігі жоғары. Еңбегімен елге елеулі болған ағаның өмірлік ұстанымы – тазалық. Еңбекте адалдығымен қадірі артты, бастысы – өмірлік жары Күмісай жеңге екеуі саналы ұрпақ тәрбиеледі, әулетінің дәулетін тасытты. Төбе көрсеткен жерде төңірегіндегілер төріне шығарды. Жағымпаздықты жаны сүймейтін жаны таза Жаңабек ағаны ағайын да іздеп тұрады. Ініге жөн көрсетіп, ағаға құрметін жасап, бауырына ыстық ықыласын танытатын ел ағасы атану да оңай емес.

Бұл даңғыл кешегі Есқожа әкесінің өнегелі өмір жолынан сабақ алған ұлдың, текті ұлдың тегіне тартқан азаматтық жолы. Еңбек жолын сонау 1966 жылы «Жамбылсельстрой» мекемесінде қарапайым жүргізуші болып бастаған Жаңабек аға араға екі жыл салып №2581 автоколоннаға ауысып, жиырма жылға жуық табан аудармастан осында еңбек етеді. Тіпті Жаңабек Сұлтанбековтің бүгінде отыз жылдық тарихы бар жергілікті «Jambyl» телеарнасының қалыптасу кезеңінде де өзіндік қолтаңбасы барын біреу білсе, біреу білмес. Өйткені телеарна алғаш ірге көтеріп, құрылған жылдары, яғни 1997-2009 жылдары аралығында Жаңабек аға осында жүргізуші болып еңбек етіп, зейнетке шығады. Сөйтіп, ата кәсіпті серік етіп, қожалық ашып, төрт түлікті түлетіп, балаларымен тірлігін түзеп отыр. Бір қарағанда балалық шағы, жастық кезеңі қалада өткен, бүгінде ел ағасы атанып отырған Жаңабек ағаның шаруаға икемділігі – еңбекқорлығынан болуы керек. Жаңабек өткен күнді былай еске алады:
– Менің балалық шағым осы Сүлейменов көшесінде өтті. Әкем Есқожа жарықтық 1916 жылдары Таластан қалаға келген екен. Ол өзі бір зобалаң кезең болса керек. Ал 1932 жылы ашаршылық кезінде «Құзар кітап» деген мекенге барыпты. Білуімше, бұл өзі Ауғанстанмен шекаралас елді мекен. Бала кезімізде әкеміздің кей әңгімелерін құлағымызға құйғанмен, көбі есте қалмады ғой. Саудамен айналысып, кейін колхоздастыру жылдары осында табан тіреп қалған екен. Өзім әкеден жалғызбын. «Ертерек үйлен. Алла берсе, төліңнің басы өзіңнің ініңдей, бауырыңдай болып кетеді. Сүйенерің, тірегің, қолқанат болады», – дегенді жиі айтатын әкем. Құдайға шүкір, бүгінде ұл-қыздың да, немере-шөберенің де қызығын көріп отырмыз. Шаруашылығымызды шалқытып отырғанымыз да осы бірліктің, ынтымақтың арқасы.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы басты мақсат – уақыт талабына сай келетін өміршең жобаларды жүзеге асыру екенін Жаңабек Сұлтанбеков әу бастан түсінді. Тіпті бұл тұрғыда мемлекет аграрлық саланы дамытуға арналған көптеген инвестициялық жобалар мен бағдарламалар дайындап отырғанын да білді. Субсидия бөлу, лизингке техникалар алудың арқасында шаруасын шалқытып, тірлігін түзеген ағайынның тірлігі бұл отбасының да қолынан келіп отыр. Жаңабек басшылық жасап отырған Жамбыл ауданындағы мүйізді ірі қара мен уақ мал өсірумен айналысатын «Бірлік» шаруа қожалығының табысты тірлігі – осының бір көрінісі. 2002 жылы құрылып, 2007 жылы заңды түрде тіркелген қожалықтың ет, сүт бағытында мал ұстауға ден қойғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Жалпы оның иелігінде 700 сиыр, 900 уақ мал бар. Ірі қараның 143-ін сүт бағытында болса, қалғаны ет бағытында өсіріп отыр. Шаруа қожалық төрағасы мүйізді ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасы мен мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізу мақсатында мемлекеттен – 45 миллион, мал алу үшін – 33 миллион, фермаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 48 миллион теңге несиені «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы алғанын айтады.
– Мал бордақылау алаңы 3 мың басқа арналған. Алдыңғы жылы 1500 ірі қара семіртілсе, былтыр 1200 бордақының 600-ге жуығы сойылды. Негізінен етке өткізілетін малды өзімізден бөлек, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы өзге шаруа қожалықтардан да сатып аламыз. Сойылатын әрбір еркек малға мемлекет субсидия төлеп отыр. Етін базарға немесе өзге ет комбинаттарына өткіземіз. Ал 100 басқа арналған тауарлы сүт фермасы жаңадан салынды. Жақын күндері сауыншы әрі бұзауға қарайтын 6-7 адам жұмыспен қамтылмақ. Жасым жетпістен асты. Бес ұлымның екеуі шаруашылыққа қолғабыс етіп жүр. Соның бірі – осы мал бордақылау алаңының ісін жүргізіп отыр. Шаруашылығымыздағы Байзақ, Жуалы, Талас аудандарына қарасты 900 гектар жайылымдық жерді орман шаруашылығы мекемесінен жыл сайын келісімшарт жасасу арқылы жалға алып отырмыз. Сонымен қатар Жуалы ауданында 200 гектар шабындық, 75 гектар суармалы жерде жоңышқа егілген. Жамбыл ауданының Ерназар ауылдық округінде – 200, Қаратөбе ауылдық округі Бектөбе ауылында 48 гектар жоңышқа бар. Соңғы аты аталған ауылда 25 гектарға жүгері, арпа, 8 гектарға қарбыз егілген. 30 гектар алқапты күздік бидай үшін дайындап қойдық, мұның бәрі малдың жемшөбі үшін қажет, – дейді Жаңабек.
Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, уақ мал мен ірі қара негізінен Мойынқұмда қыстатылып, сонда төлдейтін көрінеді. Тек көктемде тана-торпақ пен бұқалар Жуалы жайлауына жайылымға жіберіліп, соның ішінен мал бордақылау алаңына, тауарлы сүт фермасына іріктеледі екен. Малшы, сиыршы ретінде 3-4 отбасыдан бөлек, он шақты адамды жұмыспен қамтып отырған «Бірлік» шаруа қожалығының иелігінде техника да жоқ емес. Екі «Беларус» тракторының бірі лизинг арқылы алынса, тіркемесімен бірге «Урал» жүк көлігі, шөп оратын, тайлайтын, дәнді дақылдарды жемшөп үшін уақтап, турайтын және өзге де бірқатар техникалар бұрыннан бар екен. Ата кәсіпті дамытуды көздеген Ж.Сұлтанбеков Талас ауданының Қызыләуіт ауылында бұрын совхоз, кейінірек акционерлік қоғам болып қайта құрылған, бірақ кейінгі кезде шаруасы шатқаяқтап қалған ірі «Керімбай Оязбеков» атындағы «Көктал» ЖШС-ін жері, техникасы, малымен қоса өз қарамағына өткізіп, 68 пайыз құрылтайшысы болып отыр. Жалпы мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланып, шаруасын жүргізе білген серіктестік бұл тірлікті де алға бастырып, ауқымын ұлғайтатыны анық. Сондай-ақ Байзақ ауданындағы «Арғын қамалған», Мойынқұм ауданының жайылымында 37 сиырды сүт бағытында ұстап, сауып отыр. Ірі қаралар қысы-жазы сонда. Сүтті «Көкжиек» қожалығына өткізіп, екі сауыншыға 45 мың теңгеден жалақы төлеп отыр. Жаңабек Сұлтанбековтің иелік етіп отырған қожалығы – отбасылық кәсіп. Ұлдарының үлкені – Әбіл құрылыс саласында кәсіпкер, екінші ұлы Әзім Әбіл екеуі бір салада. Ал Орынбасары Түркістан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жауапты қызметте. Құманбек пен Әділ бүгінде «Бірлік» шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп, әкелеріне қолғабыс етуде. Кенже қызы Толқын да ата-ананың өнегелі тәрбиесін алып, бүгінде бұл әулеттің дәулеті тасып отыр. Жаңабек аға мен Күмісай жеңге кіндігінен тараған ұл-қызынан отыз шақты немере-шөбере сүйіп, шаттыққа бөленген шаңырақтың иесі атануда.
– «Жұмысты кім болса да бастайды, тек соның үдесінен шыққан азаматты айт» дегендей, енді осы ісімізді ары қарай жандандырып, шаруашылықты кеңейтсек деген ойымыз бар. «Біреуді ұрып саймен жүргенше, таяқ жеп қырмен жүр» дейді бұл қазақ. Сол айтпақшы, осы кәсібіміз бала-шағамыздың нәсібіне, ұрпағымыздың еңбеккештігіне қарай дами түсті. Ол да үлкен еңбекпен келеді. Еңбек еңсені көтереді. Сондықтан балаларыма адал еңбектің наны тәтті екенін үнемі айтудан жалыққан емеспін, – дейді Жаңабек аға.
Қарапайым азамат қайырымдылық шараларға да үнемі қолдау көрсетіп келеді. Сүлейменов көшесіндегі 500 адамға арналған «Құлбай баба мешітінің» құрылысын Жаңабек аға балаларымен бірге жүргізіп, ел игілігіне бергелі де бірнеше жылдың жүзі болды. «Әкемнің салып берген үйі ескірген соң, оның үстіне бала-шағамның бақытына орай жаңа баспана құрылысын 2005 жылы бастаған едік. Айтайын дегенім, бірнеше рет қариялардың Төрткөл маңындағы ескі мешіттің орнына жаңа мешіт тұрғызсақ деген тілегін естіп жүретінмін. Мен облыстық телеарнада жұмыс істеп жүргенде көп балалы отбасы ретінде баспанаға кезекке тұрған болатынмын. Кезегім келіп, төрт бөлмелі пәтер де алдым. Алайда бала санына қарай ол пәтер тар болып, сол кездегі қала әкімі Алдияр Түсіповтің қабылдауында болып, мүмкіндігіне қарай Сүлейменов көшесіндегі ескі Калинин мектебінің жерін беруді өтіндім. Үй салармын деген ой еді. Әрине, бәрі Алланың қалауымен. Ол ескі үй Калинин мектебі атанғанға дейін белгілі революционер Қарынбай Қошмамбетовтің үйі болған деген де әңгіме бар ел ішінде. Сөйтіп балалармен ақылдасып, үйдің құрылысымен қатар мешіттің де құрылысын бастадық. Сабақты ине сәтімен. 2007 жылы Ораза айында Құлбай баба мешітін ел игілігіне бердік. Үйді кейін бітіріп алдық», – дейді қашанда қарапайымдылығынан айнымайтын Жаңабек аға. Жақында Арыстағы ағайындарға да ол бас болып, отбасымен көмек көрсетті. Қазір оның басшылығымен Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылында 50 адамға арналған монша мен спорттық алаңның құрылысы жүріп жатыр. Ендігі жерде шаруашылығын кеңейтіп, кооператив құру да қожалық төрағасының ойында жүрген дүние. Алдымен отбасылық кәсібінің керегесін кеңейтпек. Олай дейтініміз, Талас ауданында Жаңабек ағаның Қазына деген шөбересінің атында «Қазына», немересі Кәусардың атында «Кәусар» шаруа қожалықтары ашылып, жұмыс жасап отыр екен. Енді осы қожалықтардың басын қосып кооперативке біріктіру жоспарында бар екен. «Оған өзге де ұсақ шаруашылықтар кіреміз десе, қолдау білдіремін», – дейді Жаңабек Сұлтанбеков.
Бүгінде облыс орталығында 53 кварталдық комитет болса, соның ішінде №40 кварталдық комитетті соңғы 20 жылдың көлемінде Жаңабек басқарып келеді. Қоғамдық жұмыста да белсенді. Төрткөл аумағы тұрғындарының жанайқайын, талап-тілегін билікке жеткізіп, қала берді аумақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуда тынбай еңбек етуде. Бірде жарық, ал бірде ауызсу, енді бірде жол мәселесімен осы аумақтан сайланған облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттарымен қоян-қолтық жұмыс жасап, көптеген мәселелердің түйінін тарқатуға сүбелі үлес қосып келеді. Шаттыққа кенелген шаңырағындағы бірлік, ынтымағымен көпке үлгі болып отырған Сұлтанбековтер әулетінің сыйы, беделі төңірекке белгілі. Жаңабек ағаның елі үшін жасаған еңбегі, облысымыздың агрокешен саласын дамытуға қосқан үлесі әрдайым ескеріліп, еленіп отыр. «Еңбек ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Астананың 20 жылдығы» және «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медальдары Жаңабек Сұлтанбековтің еңбегіне берілген баға. Жәкең әлі де тың. Ширақ. Әлі де талай істің ұйытқысы болып, ел құрметіне бөленеді. Бізбен болған сұхбатында шаруашылығына алаңдап, асығып отырған ағаның уақыттың қадірін біліп, бағалайтынын білдік. Нағыз еңбек адамы деген – осы!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support