- Advertisement -

«Ертістің» есебі түгел

25

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының төртінші туры аясында Павлодарға қонаққа барған «Тараз» футбол клубы жергілікті «Ертіс» командасына қарсы жасыл алаңға шығып, қарсыластарына есе жіберді.
Кездесу барысында алаң қожайындары көбінесе қарсы шабуылдарға иек артуға тырысты. Салған жерден бірінші нөмірде ойнауға күш салған жоқ. Бразилиялық легионеріміз Еливелто кездесу басында жақсы бір мүмкіндікке ие болған еді. Алайда орындаушылық шеберлігі жетіспеді. Ойынның 17 минутындағы кездейсоқ гол «Ертісті» есепте алға шығарды. Алаң қожайындарының қапталдан асырған пасын қайтармақ болған Игорь Пикалкин жоқ жерден өз қақпасына гол соғып алып, жанкүйерлерді кәдімгідей жабырқатып тастады.
Бұдан кейін «Тараз» футболшылары шабуылға көшкен болатын. Тіпті таразы басын теңестіретін бірнеше мүмкіндік те туындатқан еді. Алайда ұрымтал сәттерді ұтымды пайдалана алмады. Ойын барысында «Тараз» футбол клубының қорғаушысы Рахымжан Розыбакиев бір емес, екі сары қағаз иеленіп, алаңнан қуылды. Бір ойыншысы кем «Тараз» командасы енді ойынды құтқарады дегенге сенудің өзі қиындай түсті. Жерлестеріміз мұнан соң екінші голды жіберіп алмау үшін қорғанысқа көңіл бөле бастады. Дегенмен арагідік қарсы шабуылдар ұйымдастыруды да ұмытқан жоқ. Әсіресе Элгуджа Лобжанидзе «Ертіс» қақпашысымен бетпе-бет шыққан кезде есеп теңеседі-ау деп те ойлаған болатынбыз. Алайда ол мүлт кетті.
Бұл күні сәттілік «Ертіс» футбол клубына қарайласты десек, артық айтқандық емес шығар. Әйтпесе, «Тараз» командасы қарсыластарынан ойын барысында кем түсті дей алмаймыз. Ойынның 69-минутында тағы бір күтпеген жағдай орын алды. Командамыздың қақпашысы Самат Отарбаев өз қақпасына гол соғып алды да, «Ертістің» есептегі басымдылығын үстемеледі. Екі бірдей автоголдың арқасында үш ұпайды қоржынына салған «Ертіске» бұл күні сәттілік серік болды демеске шараң жоқ.
Төрт турдың қорытындысы бойынша жерлестеріміз, «Тараз» футбол клубы тоғызыншы орында келеді. Олардың еншісінде әзірге бар болғаны – үш ұпай. Көш тізгіні бес кездесу өткізген Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» командасында. «Астана» футболшылары артық ойын өткізу есебінен ғана көш бастап тұр. Елордалықтар соңғы кездесуді сырт алаңда өткізіп, қызылордалық «Қайсармен» тең түсті. Алматының «Қайраты» турнир кестесінде екінші орынға орнықса, Қостанайдың «Тобылы» үздік үштікті түйіндеп тұр. Қарағандының «Шахтері», Көкшетаудың «Оқжетпесі», Ақтөбенің «Ақтөбе» командасы әзірге көш соңында келеді.
«Тараз» футболшылары алдағы турларда жақсы ойын өрнегін көрсетіп, ұпай қорын молайтпаса, «қауіпті аймаққа» құлдилауы мүмкін. Әзірге «қауіпті аймақтан» бір саты ғана жоғары тұр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support