- Advertisement -

Нахмановичтің өзін еңбекке баулыған мейірман

95

- Advertisement -

даңқты қызылша өсіруші Мейірман Бекмұратұлы облыста тәтті дақылды өсіруді алғашқылардың бірі болып қолға алған еді

Жергілікті тұрғындар қант қызылшасын егуді қолға алды. Шаруашылықтар ұйымдасып, ел жаппай қызылша өсіруге жұмылып, күндіз-түні қайнаған еңбек қарқын алды. Құрылысы жүріп жатқан қант зауытына 105 разъезден темір жол үздігі тартыла бастады. Жаңадан тұрғызылып жатқан құрылыстың маңайында елді мекен пайда болды.
Бекмұратовтар жанұясы жаңадан ашылған шаруашылыққа жұмысқа орналасып, Талас өзенінің жағалауында тұрып жатты. Төрт ағайынды азаматтың үлкені – 1887 жылы Тараз қаласының іргесіндегі Ақбұлым ауылында дүние есігін ашқан Мейірман Бекмұратұлы Кеңес үкіметі орнағаннан кейін артельге мүше болады. Кейіннен шаруашылықтар ашыла бастағанда арнайы бригада ұйымдастырып, қызылша егетін құрал-сайманды түзеп, жер жырту үшін тракторшы орыс жігіттерін жұмылдырды. Осылайша дихан қауымы ерте көктемнен дала жұмыстарына кірісіп кетті. Қызылша көктеп шыға бастағанда дақылды жекелеу жұмысы басталады. Ақ ұлпа қар кетісімен 40 гектар жердегі егістікке дән себілді. Бригадаға тоғаннан су келіп, егістік толық суарылды. Мейірманның бригадасы алға шығып, еңбектері жанды.
Еңбек майданына жарқын жол ашқан бригадада еврей ұлтының өкілі Александр Нахманович еңбек етеді. Ол алғашқыда сушы болды, арба айдады, қызылша жекеледі. Еңбек ете жүріп жергілікті ұлттың тілін үйреніп, салт-дәстүріне қанықты.
Мейірман күніне атқарылған жұмысқа тиісті бағасын беріп, қайнаған еңбектің ортасында жүрді. Өзі орыс тіліне шорқақ болған соң, көбіне аудан, шаруашылық басшыларына Александр Нахмановичті жұмсайтын. Ол әрбір тапсырманы тиянақты орындап қайтатын. Мекеңнің 40 гектарға еккен қызылшасынан жыл сайын мол өніп алынып, жоспарды артығымен орындады.
1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. КСРО Тамақ өнеркәсібі халық комиссариатының шешімімен «Үздік» төсбелгісін иеленді. 1940 жылы Мейірман Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне тағы да қатысып, Кеңес одағының астанасынан кеудесіне күміс медаль тағып қайтады.
Қазақ даласында ер жетіп, еңбектің тайқазанында қайнаған, білім алып есейген А.Нахманович осы Жамбыл қызылша кеңшарының директоры болып тағайындалды. Ал ағайынды қызылшашылар – Бекмұратовтардың атағы жер жара бастады. Әр гектардан 500-520 центнерден өнім алып келген олар соғыс басталған 1941 жылы еңбек өнімділігін гектарына 558 центнерге жеткізіп, рекорд жаңартты. Оларды мақтаған мақалалар мен суреттері облыстық «Сталиндік жол» және республикалық «Социалистік Қазақстан» газеттерінің бетінен түспеді. Ол кезде қант зауытына өнім ат және өгіз арбамен жеткізілетін. Түрлі басылымдар «Еңбек Қызыл Ту» орденін қазақтан тұңғыш алған М.Бекмұратов» деп жазды. Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне 5-6 рет қатысқан ол өңірде қызылша өсірудің негізін қалаған қарапайым еңбек адамы ретінде есімі облыс тарихына жазылып қалды.
Мәкеңнің бригадасында сушы болып, арба айдаған Александр Нахманович «Гродеково» ұжымшарын басқарды, 1960 жылдары өзі сұранып артта қалып келе жатқан ұжымшарға басшылыққа барып, оны «Трудовой пахарь» атымен атайды. Шаруашылықтың даңқымен қатар, шаруашылық басшысының да аты аспандады. Социалистік Еңбек Ері атанды.
…Жетпісінші жылдары облыс орталығындағы «Қайқармет» кәсіпорнының басшысы Нұрғали Мейіржанұлы А.Нахмановичпен кездейсоқ жүздесіп қалады. Александр Львовичті бірден Нұрғалидың тегі қызықтырып, жөн-жосық сұрай бастайды.
– Бекмұратовтардан кімдерді білесің?
– Мейірман менің атам,інісі Мейіржан әкем болса, Керімжан ағам. Ал кенже інілері болса қан майданнан қайтқан жоқ.
– Мейірман Бекмұратұлы ақылын айтып, көмек қолын созған өте қарапайым, асыл азамат еді. Маған өмір сүруді үйретіп, үлкен өмірге баулыды. Ол кісіні қашанда өзіме ақылшы, ұстаз санадым. Қарапайым еңбегінің арқасында мемлекеттік, республикалық және облыстық дәрежеде талай рет марапаттарға ие болды. Ол кісінің рухына бас ием, – дейді атағы жер жарған Александр Нахманович.
Жарық дүниеден өтер алдында оның ұжымдастарына қоштасу ретінде айтқан аманаты «Алладан мейірім тілеңдер. Менің денемді мұсылмандар мен христиандар зиратының арасындағы ашық алаңға қойыңдар. Мен қазақ халқына өте ризамын.Осында ер жетіп, арманыма жеткен адаммын».
Түймекент ауылдық аймағындағы зиратқа о дүниелік болған адамдардың рухына тағзым етіп, еске алу үшін барған мұсылман немесе христиан дінін ұстанатын адамдардың назарына А.Нахмановичтің қабірінің басында тұрған құлпытаста кеудесі Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызы бастаған орден-медальдарға толған шаруашылықтың даңқты ұйымдастырушысының бейнесі түседі. Алдыңғы толқын Александр Львовичті еңбекке баулып тәрбиелеген асыл азамат Мейірман Бекмұратұлындай асыл азаматты еске алады.

Әбдуәлі ДАНАЕВ,
қарт теміржолшы, еңбек ардагері.

Жамбыл және
Байзақ аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support