- Advertisement -

Көктал мәрмәрін кәдеге асырған серіктестік

66

- Advertisement -

осы аумақтағы мәрмәр тас кенінің қоры 100 жылға жетеді деп болжам жасалған

Қарт Қаратаудың қойнауы тұнған байлық десе де болады. Тек оны игере алсаңыз болғаны. Өңірде бағзы кездері осынау жерасты байлығы шикізат түрінде қарастырылып келсе, енді оны өзімізде өңдеп, дайын өнім етіп өндіруге мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де әбден жетеді. Талас өңірінде де қазба кен орындарын игеруді шағын және орта кәсіпкерлік нысандары қызу қолға алуда.
Солардың бірі – «Атамекен Мрамор Көктал» ЖШС-ның мәрмәр тас өндіріп, ел игілігін үстей бастағанына он жылдан астам уақыт өткен екен. Әлбетте, мұндай істі қолға алуға екінің бірінің тәуекел етуі екіталай. Ал серіктестік жетекшісі Шолпан Қырықбаеваның бұл салада жинақтаған тәжірибесі де, білім-білігі де мол. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженер-геологі мамандығы бойынша бітірген ол алғашқы еңбек жолын «Қаратау» өндірістік бірлестігінде бастап, «Жаңатас» кенішінде телім геологі, карьер геологі, «Қаратау» АҚ кен басқармасының мамандармен жұмыс бөлімінің инженері секілді қызмет баспалдақтарынан өткен. Оңтүстік өңірде туып-өскен қаршадай қазақ қызының кәсіптік-техникалық мамандықты таңдауына сол тұста әкесі Бармақтың «Ақсай» кенішінде басшылық қызмет атқаруы өз септігін тигізген екен. Жалғыз ол ғана емес, әулеттегі ұл-қыздардың барлығы да тау-кен саласында тер төгуді таңдап, әке жолын жалғастыруды өмірлік мұраттарына айналдырды десе де болады.
Шолпан Бармаққызы да «Атамекен-Мрамор-Көктал» ЖШС-ын құрып, Көктал ауылы маңындағы мәрмәр кен орнын игеруге тәуекел еткенде де өзінің көп жылдық тәжірибесіне, біліміне сенгені анық. Серіктестіктің негізгі айналысатын қызмет түрі мәрмәр тастан қабырғаларға арналған, еден мен табан жолдарға төсейтін тастақталар, баспалдақтар, «кірпішке» арналған табиғи тастар, бордюрлер дайындап, өткеруге бағытталған. Мұнда өндірілген өнімдер еліміздің Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Жезқазған қалаларында тұрғын үй құрылыстарына жоғары сұраныспен пайдаланылумен келеді. Тұтынушылардың басым көпшілігін өнімдердің айрықша сапалылығы қызықтыруда.
2008 жылдың мамыр айында серіктестік базасында мәрмәр өңдеу зауыты ашылған-ды. Көп өтпей-ақ аталған кәсіпорын облыс әкімдігімен «Қызылбастау» мәрмәр кеніші орнын барлау және игеру жөнінде ұзақмерзімді келісім де жасалған. «Қызылбастаудың» екі аумағындағы кен қоры 1598 мың текше метр көлемінде деп есептелініп отыр екен. «Алайда бұл іс өзім ойлағандай оңай шағыла қоярлық жаңғақ болмай шықты, – деп еске алады ол. – Ең алдымен кен орнында Алматыдағы «Бурмаш» компаниясы көмегімен барлау-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырдық. Бұрғылау ісінің нәтижесінде біз іздеген мәрмәр тасы 50 метр тереңдіктен табылды. Оны арнайы зертханаға жіберіп сараптама жасатып, негіздеме-қорытындысын алудың өзіне төрт жылдай уақытымыз кетті. 2013 жылы бизнес-жоспарымызды сәтімен қорғап та шықтық. Келесі жылында негізгі жұмысымызды бастағанбыз. Сол жылы айына 2500-3000 шаршы метрге дейін мәрмәр өңдеп шығаратын жаңа үлгідегі өндіріс құралдары Түркиядан әкелінді. Бұл зауыт өнімі бағасының тым қымбат болмауына, сондай-ақ отандастарымыздың бәріне бірдей қолжетімді болуына мүмкіндік беріп отыр. Жалпы Көктал аумағындағы мәрмәр тас кенінің қоры 100 жылға жетеді деп болжамдалған».
Негізгі шикізат зауытқа тиесілі кен орнынан тасымалданып жеткізіледі. Оның жарамдысынан тастақталар шығарылады. Ал жарамсызы ұнтақталып, құрылыс материалы – құрғақ қоспа түрінде тұтынушыларға өндіріс орны басында-ақ үздіксіз өткерілу үстінде. Жалпы мұндағы өндірістік жұмыстар көктем айынан басталып, жерге қар түскенше жалғасады екен. Өйткені дайын өнімдерге су тиіп, ылғал тартса, бұл оның сапасына кері әсер етуі ықтимал. Бүгінде зауытта Көктал ауылы мен Қаратау қаласының 15 азаматы жұмыс істеуде. Еңбек өтілі бар дайын тәжірибелі мамандар тапшы болуы себепті, олардың жұмыс барысында үйренуіне, тәжірибелерін ұдайы жетілдіріп отыруына да тура келген. Айта кету керек, былтырдан бері кәсіпорында 140 тонна мәрмәр қиыршық тас, 20 тонна ұсақталған мәрмәр тасын, 361 тонна мәрмәр ұнтағын өндірілуіне қол жеткізіліпті.
Ш.Қырықбаева өңірдің өндірістік саласына қосқан елеулі үлесі және көпжылдық еңбегі үшін Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерейтойлық медалімен марапатталған. Облыс, аудан әкімдіктері мен салалық басқармалар тарапынан берілген грамоталары да баршылық. Жалпы серіктестіктің еңбек ұжымы облыс көлемінде өткізілетін түрлі сайыстар мен «Өңірдің үздік тауарлары» дәстүрлі көрме-жәрмеңкесіне де үзбей атсалысады. Серіктестікте алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа «Қызылбастау-1» қара мәрмәр карьерін ашу ойластырылуда. Ол ашылған жағдайда мәрмәр ұнын, мәрмәр қиыршық тасы мен ұнтағын өндіру мен өткеру ауқымы да біршама ұлғайтылады деп күтіліп отыр.
Қытай елінен ұсақтау-сұрыптау қондырғысы мен диірменін сатып әкеліп құрастырып, орнату – алға қойылған мақсатты жүзеге асырудағы алғашқы қадам болмақ. Зауыт өнімдері еліміздің өңірлеріне ғана өткерілумен шектелмек емес. Бұл ретте оларға соңғы жылдары шетелдік компаниялар тарапынан да сұраныс жоғарылай түскені байқалуда. Өйткені табиғи төсемдік материалдар ғимараттар мен құрылғылардың іші-сыртын безендіруге бірдей пайдаланылады. Олар қажетті декоративті сапаға да ие, ұзақ мерзімге пайдалану, беріктік, тазалық, суыққа шыдамдылық талаптарына да жауап берерліктей деңгейде. «Бұл тұрғыдағы біздің мақсатымыз – осынау сұлулықты жарқырата ашу, өнімдерімізді әлемдік қалыптарға сай дайындап, оларды тұтынушыларымызға қолайлы да қолжетімді бағамен ұсыну. Алайда өкінішке қарай, көптеген сұраныстарды орындауға біздің шамамыз келе қоймайды. Өйткені бізде кәсіби білікті мамандар жетіспейді. Колледждермен бірлесіп керекті мамандықтар бойынша оқытуға сұраныс беріп тұрамыз. Ал жалпы еліміз бойынша мұндай мамандарды оқытатын оқу орындары жоқтың-қасы. Сондықтан да жастарға бұл кәсіпті қолымыздан келгенінше тікелей жұмыс орнында үйретудеміз. Қазір де бізге мәрмәрді ұнтақтау қондырғысының машинисі, тас кесу маманы, бұрғылау қондырғысының машинисі, тастың бетін жылтыратушы маман аса қат болумен тұр.
Алдағы уақытта да еліміздің, өңіріміздің көркеюіне өз үлесімізді қосып, кен-қазынамыздың халықтың игілігіне жаратылуына жағдай жасап, бұл жұмысқа жастарымызды да көптеп тартып, көмек көрсете беретін боламыз», – дейді Шолпан Бармаққызы.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support