Халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан мұртаза өмірден өт ті

Нұрсұлтан Назарбаев
Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды.
Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты.
Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Көңіл айту жеделхаты

Құрметті Батылжан Шерханұлы,
Алма Шерханқызы!
Шерағаның ет бауыр
жақындары мен туыстары!

Сіздерге алаштың арда азаматы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлтымыздың аяулы перзенті, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаұлының өмірден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақ-тасып,шын жүректен көңіл айтамын.
Отбасының ақылшысы, ардақты әке Шерхан Мұртазаұлы өзінің саналы ғұмырын ел тәуелсіздігінің тұғырлы болуына, әдебиет пен журналистика саласының дамуына арнады.
Шерағаның қаламынан шыққан «Табылған теңіз», «Мылтықсыз майдан», «41-жылғы келіншек», «Қара маржан», «Қызыл жебе» атты көркем әдеби және тарихи мұралар қазақ ұлттық әдебиетінің Алтын қорына енгендігі – дәуір ақиқаты.
Бар саналы ғұмырын ұлтына арнаған Шерхан Мұртаза нағыз ұлт патриоты, ана тіліміздің шын жанашыры еді.
Шерхан Мұртазаұлы егемен еліміздің ішкі және сыртқы саясатының өркендеуіне және ел экономикасының қарқынды дамуына айрықша үлес қосқан біртуар азамат болатын.
Қазақ әдебиетін дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін қаламгер ағамыз Қазақ КСР-ның еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы, Жамбыл облысының құрметті азаматы атақтарын иеленіп, «Құрмет белгісі», І дәрежелі «Барыс», «Отан» ордендерінің иегері болды.
Өмірде артында өшпес із қалдырған Шерағаның қазасын оның аса жоғары қадіріне ие болған Жамбыл жұртшылығы зор күйзеліспен қабылдады.
Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын. Артында қалған ұрпағы аман болсын.

Асқар Мырзахметов,
Жамбыл облысының әкімі.

Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. Қараорман қазақтың қамын күйттеп, ұлттың ұлы сөзін сөйлеп өткен намыс найзағайы Шерхан Мұртаза өмірден өтті. Қазан айының қара суығында келіп жеткен бұл қаралы хабар бәрібір алып бәйтеректі құлата алмайды, мөлдір бұлақты суалта алмайды.
Шерхан Мұртаза ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға. Оның шығармалары да өзі сияқты тағдырлы еді. Шерхан Мұртаза дүниеге келген күні ел әдебиетінің басына тәж орнаған. Дүниеден өткен күні де сол талант тәжі тағынан түсе қоймаса керек.
Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Шерхан аға көзден кетсе де, көңілден кетпейтін көрнекті тұлға. Аңыз адам, абыз азамат. Өз шығармаларындағы әрбір кейіпкердің қайталанбас тағдыры сияқты, Шерхан аға да өзгеше тағдырдың иесі еді. Енді бүгін сол бітімі бөлек тұлға, арыстандай ақырған айбарлы аға, ақылшы абыз фәниден бақиға көшті. Тіршілік деген осы екен. Бірақ өмірге кім боп келдім, кім боп кетіп барамын деген сауал саналы адамның санасында салмақ болып қала берсе керек. Ол көптің бірі емес, бірдің өзі еді.
Бақұл болыңыз, Аға. Иманыңыз жолдас болсын. Қазаққа қашанда Шерхан қымбат. Қайталанбас құбылыс аяулы…

Қазақстан Жазушылар одағы
Жамбыл облыстық филиалы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/