- Advertisement -

«Астана» Киевте бір ұпай иеленді

130

- Advertisement -

Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңі басталды. Аталмыш аламанда ел намысын Қазақстан чемпиондары, жалғыз «Астана» футбол клубы ғана қорғайтыны белгілі. Жалпы, соңғы жылдары тек «Астана» командасы ғана еурододалардың топтық кезеңіне жолдама алып жүргені баршамызға мәлім. Отандастарымыз топтық кезеңнің алғашқы ойынын Украина астанасы Киев қаласында жергілікті «Динамоға» қарсы өткізіп, тең нәтижеге қол жеткізді.
«Астананың» осы маусымдағы топтық кезеңдегі алғашқы кездесуін жанкүйерлер асыға күткені жасырын емес. Бірақ қазақстандық команда үшін сырт алаңдағы ойынның алғашқы минуттары сәтті бастала қойған жоқ. Кейбір сәттерде қорғаушыларымыз абдырап қалып жатқанын көз көріп, ішіміз қылп ете қалған болатын. Ал алаң қожайындары болса, төреші ысқырығы естіле салысымен өткір шабуылдар ұйымдастырып, жылдам гол соғудың жолдарын қарастырды. Жасыл алаңда аянып қалмайтындары байқалып тұрды. Осылайша қонақтардың мысын басуға тырысып бақты. Олар ойынның он бірінші минутында өз мақсаттарына жетті. «Астана» қорғаушыларының әлсіз тұсын таба білген Виктор Цыганков есеп ашып, командасын жеңіске жетеледі. Әйткенмен «Динамо» футболшыларының қуанышы ұзаққа созыла қойған жоқ. Жылдам гол жіберіп алған қазақстандық команданың футболшылары еш сасқан жоқ. Арада он минут өткенде «Астана» футбол клубының қорғаушысы Марин Аничич баспен әдемі гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті.
Бірінші кезең тең нәтижемен түйінделетіндей көрінген еді. Алайда үзіліске санаулы секундтар қалғанда қазақстандық команданың қақпашысы Ненад Эрич өте өрескел қателікке бой алдырып, қолындағы доптан айырылып қалды. Нәтижесінде Денис Гармаш алаң қожайындарын қайтадан есепте алға шығарды. Бұл ойында «Астана» ойыншысы Марин Томасов асқан белсенділік танытқанымен, бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алып жатты. Кездесу барысында жақсы ойын өрнегін көрсете білген алаң иелері жеңіске жетуге сәл-ақ қалған болатын. Алайда соңғы сәттерде шабуылға иек артқан «Астана» футболшылары «Динамоның» футболшылары мен жанкүйерлерін сан соқтырып кетті. Төреші қосқан қосымша уақыттың бесінші минутында ұлттық құраманың шабуылшысы Роман Мұртазаев мергендігімен көзге түсіп, қазақстандық жанкүйерлерді желпінтіп тастады. Қорытынды есеп – 2:2.
Бұл топтағы екінші ойын Францияда өтті. Чехияның «Яблонец» командасын қабылдаған франциялық «Ренн» футбол клубы 2:1 есебімен жеңіске жетіп, маңызды үш ұпайды қоржынға салды.
Бірінші турдың қорытындысы бойынша Францияның «Ренн» командасы өз тобында көш тізгінін қолға алса, «Астана» мен «Динамо» командалары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісіп тұр. Әрине, бірінші кезеңнің қорытындысы әзірге ештеңені шешпейтіні аян. Қазақстан чемпиондары топтық кезеңде әлі бес ойын өткізеді. Қалған ойындарда мүмкіндігінше ұпай қорын молайта берсе, келесі кезеңге өту мүмкіндігі артатыны да анық. «Астана» футбол клубы 4 қазан күні екінші тур аясында Францияның «Ренн» командасын өз алаңында қабылдайды. Ел чемпиондары маңызды ойында жеңіске жетуге тырысатыны сөзсіз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support