Тарихи құндылықтармен танысты

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында және Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Тарихқа тағзым» атты облыстық саяхат сапарын ұйымдастырды. 250-ден астам жастарды қамтыған шара «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығынан бастау алды. Жиналғандар алдында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен сөз сөйлеп, тарихтың тағылымынан сыр шертіп, экскурсия құрамындағыларға ақ жол тіледі.

Мұнан соң тарихи жерлерге саяхатты мақсат тұтқандар Қарахан, Дәуітбек кесенелерін аралады. Ерте ислам дәуірінен мирас болған мешітке жол таратып, «Төрткүл» керуен сарайы кешенінің кереметтеріне куә болды. Бұл делегация құрамында спортшы және жұмысшы жастар, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, еріктілер, балалар үйінің тәрбиеленушілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Сондай-ақ бұл шараға Өзбекстанның Қазақстандағы жылына орай 15 Өзбекстан азаматы қатысуда. Әрине, студенттердің көпшілігі Тараздағы тарихи орындарға үнемі жолдары түсе бермейді. Енді делегация құрамымен осындай орындарды аралаған студенттер көнеден жалғасқан құндылықтарға қанық болды, өткеннің сабағын ұғына түсті. Қазақ хандығының 550 жылдығы монументі, Б.Момышұлының мемориалды мұражайы, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелерінің тағылымдары да жастарды жақсы әсерге бөледі. Делегация мүшелерін Т.Рысқұлов ауданының аумағындағы Ақыртас кешені мен Құлан қалашығының, Жуалы ауданындағы Қошқар ата тарихи орнының архитектуралық құрылымы мен тасқа басылған тарихы қызықтырды.
Делегацияны облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы студенттік жастар және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Ділмұрат Хамрақұлов көршілес Түркістан облысына бастап кетті. Жамбылдық жастар онда Бәйдібек ата мен Домалақ ана кесенелеріне барады. Сондай-ақ Қазығұрт, Бәйдібек аудандарындағы тарихи кешендерді аралап, Ақмешіт әулие үңгірдің қасиетінен сыр түйеді. Студент жастарға бұл саяхат сапарының берері мол.

«Aq jol-Ақпарат».

Comments are closed.

https://4store.com.ua/