- Advertisement -

Чемпион Батыр Жүкембаев жерлестерімен жүздесті

116

- Advertisement -

Бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев жуырда Давид Лемье мен Карим Ашурдың арасында өткен кездесудің андеркартында өнер көрсетіп, кезекті жеңісіне қол жеткізген болатын. Оңтүстік Америка аймағының және WBC ұйымының күміс белбеуінің иегері аргентиналық Джонатан Хосе Энизбен жұдырықтасқан жерлесіміз қарсыласын жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, WBC ұйымының Америка аймағы бойынша чемпионы атағын жеңіп алды.
Спорттық мансабындағы ірі жеңісіне қол жеткізген жерлесіміз жарқын жеңісінен кейін туып-өскен жеріне оралды. Осыған орай, Шу ауданына қарасты Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі Найман Сұлтанбаев былғары қолғап шеберіне ақ боз ат мінгізіп, сый-сияпат көрсетті.
Күннен-күнге танымал-дылығы артып келе жатқан жерлесіміз алматылық боксшы Абылайхан Құсайыновпен бірге Балуан Шолақ ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауыл халқына өз ризашылықтарын жеткізді. Алақандай ауылдан шығып, Канада мен америкалық бокс жанкүйерлерін тамсандырып жүрген жерлесімізге тұрғындар шапан жауып, лайықты құрмет көрсетті. Батырдың айтуынша, оның келесі жекпе-жегі алдағы екі аптаның көлемінде белгілі болады екен.
– Бүгінге дейін 13 кездесу өткізіп, оның 11-ін мерзімінен бұрын аяқтадым. Осының барлығы жанкүйерлерімнің қолдауы деп ойлаймын. Туған жерімді сағынып келгенде осындай сый-құрмет көрсеткен жерлестеріме алғысымды айтамын. Алдағы жоспарларыма келер болсам, өте ауқымды. Ең алдымен, қыркүйек айында WBC ұйымының Америка аймағы бойынша чемпионы атағын қорғауға тиіспін. Бұл жекпе-жектегі қарсыласым алдағы екі аптаның ішінде анықталады, – дейді боксшы.
Шу ауданы Шоқпар ауылдық округіне қарасты алақандай Еспе стансасында дүниеге келген Батыр – бүгінде Канадада танымалдылыққа ие болған боксшы. Ендеше қазақтың жүректі ұлы дүниежүзін таңғалдырып, жерлестерін жарқын жеңістерімен қуанта берсін дейміз.

Ерғали Қартайған
Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support