Халқымыздың Қисса–дастандары Еуропа архивтерінде жатыр

Моңғол шапқыншылығынан кейін бұрынғы Дешті Қыпшақ жері мен Орта Азияны алып жатқан үлкен империя Хорезм шаһтың территориясына Алтын орда деп аталатын алып патшалық құрылды. Дүниенің жартысын алып жатқан бұл империяның қазақ тарихына ғана емес, әлем тарихына орасан зор өзгеріс алып келгені белгілі. ХIII ғасырдың орта кезеңінде құрылған Алтын орданың ғұмыры ХV ғасырдың ортасына қарай кіші бес хандыққа ыдыраумен аяқталды. Екі ғасырға жуық үстемдік құрған орда тарихы көптеген құжаттардың жойылуына байланысты бізге бұлыңғыр болып қалды.

Әйтсе де Алтын орда дәуірінен бізге жеткен кейбір көне жәдігерлерден тарихтың шынайы келбетін көре аласыз. Сол дәуірде жазылып, сақталып қалған қисса-дастандар баршылық. Саяси жағдаяттарға байланысты бұл дастандардың түпнұсқалары Еуропаның дамыған елдері – Англия, Франция, Германия, Италия мен Түркияның үлкен кітапханалары мен архивтерінде жатыр. Бабамыздан жеткен мұралар өз қолымызда болмағандықтан, оны толыққанды зерттеу жүргізуге мұрша болмауда.
Дегенмен әдебиеттанушы ғалымдар Еуропаның кейбір басылымдарында үзік-үзік жарық көрген мақалалардан, қандас бауырларымыз түріктердің кітапханасынан, өзбек зерттеушілерінің мұраларынан алып, сол кезеңде нәзирагөйлік үлгімен аударылған дастандардың аздаған бөлігін ғылыми айналымға енгізіп, бұл мұраларға біздің де қатысымыз барын дәлелдеп бағуда. Осы мұраларымыздан қашан, қалай айырылып қалғанымызды білмейміз. Бірақ бұл мұраларды біздің бабаларымыздың жазғаны анық және кері қайтарып, толыққанды зерттеу жасау керек.
Біздің бабаларымыздың мұралары Еуропа жеріне қалай жетуі мүмкін? Осыны саралап көрсек. Бүгінгі Ресей екі ғасырға жуық Алтын орда империясының отары болғанын білеміз. Ауызбіршілігі жоқ орыс князьдіктерінің алып империяға ешқандай қарсылық көрсете алмасы белгілі. Дегенмен Мамайдың хандық кезеңінде езгіге шыдамаған князьдер бірігіп, талай уақыт теперіш көрген қыпшақтың атты əскеріне қарсы тұрып, бабасының кеткен кегін қайтарады. Жеңіске жеткен соң əскерлерін таратып, əрқайсысы өз жерлеріне қайтып, бұрынғы тіршіліктерін жалғапты. Көп уақыт өтпей Алтын орданың тағына отырған Тоқтамыс кішігірім əскермен орыс князьдіктерінің ең қуаттысы – Мәскеу əскерін талқандап, қаланы өртке орағанын да айтып жүрміз. Сонда құрамында қыпшақтың қалың қолы болған Мамайға қарсы тұра алған əскер қайда кетті? Əркім өз жеріне кетті делік. Орыс князьдері үшін қауіп тек Мамай жақтан төніп пе еді? Алып империяның бір қанатын қайырып, жеңіске жеткен, рухты əскер тарқай қояр ма еді? Жауын жеңгеннен кейін сенімдері артып, келесі шайқасқа дайындалып, біртұтас болар еді ғой. Олай болмаған күннің өзінде, Шыңғыс ханның тұқымынан келер қауіпті аңдамауы мүмкін емес. Қалай десек те, шым-шытырық тарих.
Түркітанушы, құмықтан шыққан Мұрат Əжі Мамай əскерін жеңген орыстар емес, Рим папасы жіберген неміс ацтектерінің атты əскері деген жорамал жасайды. Мамай əскерін талқандағаннан кейін, Еуропадан келген қалың əскер Отандарына қайтып, ал қорғансыз қалған орыстарды Тоқтамыстың оңай тізе бүктіруін тарихшы осылай түсіндіреді. Біз де Мұрат Əжінің ойына қосыламыз. Тоқтамыс Алтын орданың тағына келгеннен кейінгі Əмір Темірмен соғысуы, Дешті Қыпшақ даласы үшін жүргізілген үлкен ұрыстар мен таққа таластар, орыс халқының еуропалықтармен қарым-қатынасының беки түсуіне мүмкіндік туғызып, алып Ресей империясының құрылуына жол ашқан еді.
Хош, содан Алтын орда ыдырап, Ресей империя ретінде орнықты. XVI-XVII ғасыр аралығында бұрынғы Алтын орда империясына тəуелді болған жерлерді өзі иемденді. Ресей Батыс Еуропа елдерінен көмек алып отырды. Романовтар əулетінің таққа келуі, Ватикан арқылы шешімін тапқан оқиғалар – соның дәлелі. Ал Ресей империясындағы ең үлкен реформатор болып саналатын, I Петрдің шешесі – София ханым мен жұбайы Еуропаның ақсүйек əулетінен шыққандығын тарихшылар жазып жүр. Сондай-ақ ғалымдар Петр патшаның психологиялық ауытқуға ұшырағанын да дәлелдейді.
I Петр билігі кезінде империя астанасы Мәскеуден Петербургқа көшірілді. Жаңа астананы салуға татарлар мен буряттар, құмық, ғағауыз сынды түркі нəсілінен шыққан халықтар миллиондап жегілді. Суықта үсіп, мерт болған жұмысшылардың үстінен қаланған қаланың тұрғызылуы – сол кезең. Жаңа астананың атауының өзі немісше болуы Мұрат Əжі сөзін растайтындай. Сонда «есуас» Петр бұл реформаларды қалай жүргізді деген сұрақ туады? Бұл бастапқыда Петрдің шешесі арқылы, кейін əйелі арқылы Рим папасы жүргізген реформалар секілді. Оның ықпалымен құрылған Ресей империясын «III Рим» деп атайтын ғалымдар бар. Жорамалымыз бойынша, Алтын орда тұсында жазылған кітаптар, біз сөз етіп отырған аудармалар «III Рим» арқылы Еуропа жеріне өтіп кетуі мүмкін.
Екінші нұсқа – парсылар немесе Мысыр арқылы өту. Сол кезеңдегі саяси жағдаяттарға қарағанда, парсы мен Алтын орда арасындағы соғыспен, Кетбұға мен мəмлүктер қырқысынан кейін Бағдат, Шам, Мысыр қалалары XI ғасырға дейін əлемдік өркениеттің дамуына зор əсер еткен ислам ғылымының қайнаған ортасы саналған. Ислам ғылымы бұл кезеңдерде тоқырап тұрғанымен, Алтын орда билігі тарапынан қудалауға ұшырағандар осы қалаларға қашып кеткен. Бұған Əмір Темір шапқыншылығы тұсында көп қиындықтарға душар болған Сəйф Сараидың Мысыр жеріне кеткенін мысалға келтіре аламыз. Сондықтан Бағдат, Шам, Мысырдағы көне кітапханалар арқылы да бабаларымыздың мұрасы Еуропа жеріне жетуі мүмкін.
Қазақтың біртуар азаматы Таласбек Əсемқұлов «Аңыз туралы аңыз» мақаласында әдебиетіміздің Еуропаға баруының үшінші мүмкін жолы – Армениядағы Арарат тауының шыңында орналасқан Матенадаран Алтын орда империясының ғылыми кітапханаларының бірі болуы мүмкін дейді. Дəл осы кітапханалар арқылы да рухани жəдігерлеріміз Еуропа жеріне өтіп кетуі бек мүмкін. Қалай айтсақ та, үлкен мұраларымызды таққа таластың кесірінен жоғалтып алып отырмыз.
Орта ғасырлар – адамзат баласы тарихының бүлінген тұсы. Рас, орта ғасыр тарихына көз жүгіртсеңіз, бір-біріне қайшы келетін көптеген фактілер бар. Жауабын таба алмай сенделесіз. Əлемнің тең жартысын уысында ұстаған Алтын орда империясы мұраларының үш қайнаса сорпамыз қосылмайтын Еуропа жерінен бір-ақ шыққанына таңданасың. XVII ғасырда Шыңғыс ханның тұқымы Əбілғазы баһадүр өз еңбегінде: «Бабам Шыңғыс хан жайында жазылған 17 шежіре кітап қолымда тұр», – деп жазады. Бүгінде сол шежірелердің бірі де ғылыми айналымда жоқ. Айта берсек, таусылмайды, енді мақала жазуымызға арқау болған аудармалар жайында сөз қозғасақ.
Қазір оқып жүрген тарихымызды бізді мұраларымыздан айырғандар жазған. Енді тәуелсіздік алған кезеңде, рухани бостандыққа жеткен заманда өз тарихымызды өзіміз жазуға тиіспіз. Тарих – құбылмалы дүние. Деректерді қалай исең, солай құбылады. Ал шындыққа жету үшін бабаларымыздың мұрасын түсінуіміз керек. Алтын орда кезеңіндегі жазылған дастандар жай ғана аударма ғой дейтіндер де табылуы мүмкін. Бірақ бұл дастандар тура аударма емес, нәзирәгөйлік дәстүрмен аударылғандығын ескеруіміз керек. Ғалымдар дастандардың түпнұсқадан өзгешелігін, аудармашылар өз ойларынан кейбір сюжеттерді қосқанын айтып келеді. Құл Ғали, Құтб, Хорезми, Сәйф Сарай, Дүрбек сынды шебер аудармашылар өз жадынан осындай дастандар тудыра алмайды деуге бола ма? Әрине, ешкім тудыра алмайды деп айта алмас. Осындай шеберлердің төл туындысының болмауы сол кезеңдегі саясаттың салқыны деуге толық негіз бар.
Енді жоғарыда айтқан сөзімізді қолда бар деректерге сүйене отырып дәлелдеп көрсек. Әзірбайжанның ұлы ақыны Низамидың «Хұсырау уа Шырын» дастанын түркі тілінде сөйлеткен Құтбтың аудармасынан бастайық. Дастан Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы. Құтб – ХIV ғасырда өмір сүрген ақын. Нақты өмір сүрген жылдары белгісіз және шығармашылығы мен өмірі туралы ешқандай дерек жоқ. Ал енді дастанның оқиға желісінде Иран елінде Хормуз атты патша өмір сүргені баяндалады. Мұрагері болмағандықтан, жатса-тұрса Құдайдан бала сұрайды. Тілегі қабыл болып, ұл сүйіп, есімін Хұсырау қояды. Ұлы ер жеткенде ең данышпан адамның тәрбиесіне береді. Содан ол білімді, өнерлі болып өседі.
Хұсыраудың Шапур есімді суретші досы болады. Шапур оған Мехинбану деген әйел басқаратын тамаша ел туралы айтады. Мехинбанудың өте сұлу Шырын атты сіңлісі барын әңгімелейді. Бұл әңгімені естіген Хұсырау Шырынға сырттай ғашық болып, досынан ғашығымен көрісуге көмектесуін сұрайды. Шапур уәде береді.
Шапур суретші болғандықтан, Хұсыраудың бірнеше суретін салып, Арменияға жол тартады. Шырын өзі серуендейтін бақта ілініп тұрған белгісіз адамның суретін көреді. Шырын да Хұсырауға сырттай ғашық болады. Шапур Шырынға суреттегі өзіне ғашық Хұсырау екенін айтып, өзімен кездесуге ынтығып жүргендігін айтады. Қыз келісімін беріп, кездесуге уәделеседі. Бірақ Хұсыраудың әкесі қайтыс болып, Шырынға жолыға алмай кері қайтады.
Кейін Хұсырауға Бахрам есімді адам жала жауып, елден қуып, тақты тартып алады. Арменияға қашып барған Хұсырау Шырынмен кездеседі. Дегенмен Шырын Иран тағына қайта отырған шақта ғана бірге болатынын айтады. Қолында ешқандай билігі жоқ Хұсырау Византия патшасынан көмек сұрап тақты тартып алады. Алған көмегі үшін Хұсырауға императордың қызы Мариямға үйленуге тура келеді.
Осы кезде Шырын өмірінде де бірқатар өзгерістер болады. Мехинбану қайтыс болып, билік Шырынның қолына өтеді. Алайда Шырын тақтан бас тартып, Хұсырау еліне кетеді. Таудағы салдырған үйіне тоқтап, Хұсырауға хабар береді. Оның келгенін естіген жігіт Мариямнан қорқып, жасырын кездеседі. Бірақ екеуі қосылып, бақытты ғұмыр кешпейді. Оқиға шиеленісіп, ұзақ уақыт қиындық көреді. Кейін бас қосқанымен, Хұсыраудың Мариямнан туған ұлы Шеруя әкесін өлтіріп тақты алып, Шырынға үйленбекші болады. Сүйгенінен айырылған Шырын өзіне қол жұмсап өледі. Міне, дастанның қысқаша мазмұны осындай.
Дастанның аудармасы жасалған уақытты ғалымдар 1341-1342 жылдардың аралығы дейді. Енді тарихқа көз салсақ, бұл уақыт Алтын ордада өз әкесі Жәнібекті қылқындырып өлтірген баласы Тыныбектің ел басқарып тұрған кезіне тұспа-тұс келеді. Құтб дастанды аударуы арқылы өзі өмір сүрген заманның шындығын әшкерелеп тұр. Сондықтан бұл дастанды ғашықтық, діни, адамгершілікті насихаттайтын, әділдікті жырлайтын дастан ретінде ғана емес, сол кезеңнің шындығын көрсететін, астары бар аударма ретінде қарастырсақ болады.
Дастандағы басты кейіпкер Хұсырауды билеуші десек те, Шырынды жай ғана сұлу қыздың бейнесі ретінде қарастырмау керек. Ондағы Шырын – әділдіктің бейнесі. Хұсырау Шырынмен қосылғанға дейін қандай еді? Таққа отырса да ынжық, өзіне сенімсіз, сұлу көрсе өзін ұстай алмайтын, елді аздырып-тоздырған патша. Шырынға қосылғаннан кейін ше? Иран елін гүлденген, дамыған елге айналдырған әділ патша. Осылайша, Құтб бұл дастанда әр патша өз Шырынын тапса әділеттілік орнайды деген өсиет айтып тұр.
Дүрбектің «Жүсіп пен Зылиха» дастанын алайықшы. Алтын орда кезеңінде өмір сүрген барлық ақындар сияқты, Дүрбек жайында да мәліметтер жоқтың қасы. Ғалымдар Дүрбекті ХIV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың бас кезінде өмір сүргенін айтады. Тарихшылар Дүрбектің бұл шығармасын Фирдоусидің «Жүсіп пен Зылиха» дастанының аудармасы ретінде қарастырады.
Жүсіп пайғамбар туралы жазылған бұл туындының Дүрбек заманына қандай қатысы бар деп ойлауымыз мүмкін. Көптеген ғалымдар Алтын орданың түбіне жеткен Әмір Темірдің жорықтары деп тұжырым жасаған. Бірақ, шындығында үлкен империяның түбіне жеткен таққа таласқан бауырлардың соғысы болды. Он үш жылда 20 ханның ауысуы – осыған дәлел. «Жүсіп пен Зылиха» дастанындағы Жүсіптің сұлулығын көре алмаған бауырларының опасыздығы тақ үшін туған ағайындарының қырқысуы секілді.
Ғалымдар Алтын орда дәуірінде аударылған бұл дастандардың көркемдігі түпнұсқадан кем еместігін, кейбір сюжеттер қосылып, дастанға басқаша бояу бергенін айтуда. Алтын орда дәуіріндегі бұл шығармалар неліктен аударма ретінде жазылды? Таңғалатынымыз – сол. Осындай шебер ақындардың төл дастандарын жазбағаны қалай? Дүдәмал сұрақ та осы. Үлкен елде шығармаға арқау бола алатын кейіпкерлер болмады дегеніміз бекер. Сонда сарайға жиналған ақындар ақиқатты жырлай алмайтын болған ба?
Әлде, бұл сұрақтың жауабы тарихтың терең қойнауына еніп кетті ме? Не болса да көне жәдігерлерімізді өз қолымызға түсіріп, толыққанды зерттеу жүргізу қажет. Ақындарымыздың неліктен төл туынды жазбай, нәзирәгөйлік дәстүрмен аударма жасағандығы сонда белгілі болады.

Нұрдәулет ОМАРБЕК,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың түлегі.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/