Сүлеймания кітапханасы шерткен сыр

Жамбыл өңіріндегі көне қалашықтар жайлы деректер не дейді?

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында бауырлас Түркия елінің астанасы Cтамбул қаласындағы әлемдегі ең көне кітапханаларға барып, туған өлкемізге қатысты деректердің үстінен түсемін деп ойламаппын.
Таң ата мінген түрік әуелайнері Алматы әуежайынан көкке көтерілді. Ежелгі Тараз және Талас өңірінің тарихына қатысты мәліметтер, қолжазбалар іздестіріп табу, оны оқырманға ұсыну сынды тапсырмалар маңызды екенін ұғынған сайын, көңілде қобалжу басым. Анда-санда иллюминатордан төменге көз тастап қоямын. Алып ұшақ еліміздің кең-байтақ даласымен қос теңіздің үстінен өтіп, Кавказ тауларынан небәрі төрт-бес сағатта Түрік мемлекетінің аумағына жеткенімізді сезбей қалдық. Сиқырлы сұлу шаһар, бізді өзіне бірден баурап алды.
Іссапарымның алғашқы күні қолжазбалар мен сирек кездесетін тарихи кітап қоры жөнінен әлемдегі үш кітапханалардың бірі саналатын, VIII ғасырдан бері қызмет етіп келе жатқан ежелгі Сүлеймания кітапханасына барудан басталды. Нысан үлкен кешеннің құрамына кіретін атақты Сүлеймен сұлтан мешітінің жанында орналасқан. VII-XIX ғасырлар аралығында 73000-нан аса қолжазба, 50000-нан аса кітап жинақтаған кітапхананы аралап, қажет дүниелерді іздестіру жұмысына кірісіп кеттік.
Мұнда көрсетілетін қызмет сапасы өте жоғары деңгейде екен. Бүкіл материалдардың электронды көшірмелері жасалынған. Қорларды сақтау, қалпына келтіру жұмыстары ең соңғы технологиялармен жабдықталып, автоматтандырылған. Кітапхана қызметкерлері оқырмандарға сыпайы, жылы шыраймен қызмет көрсетеді.
Қажет деректермен танысып болған соң, көне қолжазбаларды алу үшін Түркия білім министрлігіне өтініш беруге тура келді. Күніне жүздеген студент, ғылым ізденушілердің өтініштерін қарап, бірер күннің ішінде рұқсат беріп жатқан, менің де өтінішімді жылдам қанағаттандырған министрлік қызметіне риза болдым. Рұқсат алған соң, кітапханада іздестіру жұмысын жүргізіп, біраз қолжазбалардың түрік тіліне аударылған көшірмесін жинақтап алдым. Олар: 1.Ibn Hurdazbih «Yollar ve Ulkeler Kitabi» (Жолдар мен елдер кітабы) 2. Mahmud el-Kasgari «Divanu lugat el-Turk», Istanbul, Matbaa-i Amire 1333-1335 3. Istahri, Mesalik el-memalik Ebu Zeyd el-Belhinin «Kitab suret el – ekalim adli eserine dayanir», nsr. de Goeje, Leyden 1927 (Елдерді суреттейтін кітап)
4. Makdisi, «Ahsen el-takasim fi marifet el-ekalim», nsr, de Goeje, Leyden 1877 (Мемлекеттерді танудың тиімді бөлімі)9. Kudame b. Cafer, «Kitab el-harac,nsr.de» Goeje Leyden 1967 (ikinci baski) (Жер салығының кітабы. Стамбулда сақталған бірегей шығарма X ғ.) 10. Ibn el-Fakih, «Kitab el-buldan», nsr. de Goeje. Leyden 1885 (Елдер туралы хабарлама) 13. Ebu Ubeyd Abdullah b. Abdulaziz el-Bekri, «El-Memalik vel- mesalik», Laleli nr. 2144 (Жолдар мен елдер кітабы) 14. Ebul –Hasan Ali b. Musa b. Said el-Magribi. «Kitab el-cografya», nsr. (Елдер географиясы)15. Istahri «Ulkelerin Yollari» Ceviren Murat Agari (Өлкелер тарихы)16. Mesudi «Muruc Ez-Zeheb» (Altin Bozkirlar) (Алтын көпір және шашылған тастар)20. Ibn Havkal «Islam Cografyasi» (Ислам географиясы)
21. Ahmed el-Mukaddesi « Islam Cografyasi» Ahsenu T-Takasim еңбектері болды.
Оқырманға барынша түсінікті болу үшін осы аты аталған еңбектердің өңірімізге қатысты беттерінен түсініктемелер беруді жөн көріп отырмын.
Бұл қолжазбалардың түрік тіліне аударылған нұсқаларынан ортағасыр кезінде қазақ жерінде көптеген елді мекендер мен қалалар бой көтеріп, өркендегендігіне нақты дәлел ретінде көз жеткізуімізге болады. Орта ғасырлық керуен жолдарының бойында, оларға жақын жерде, Ұлы Жібек жолының бойында қарқынды дамыған елді мекендер туралы бұл еңбектерде кеңінен айтылған. Х ғасырда араб географтарының классикалық мектебі қалыптасып, «Жолдар мен елдер» (ал-массалик ва-л-мамалик) атты көптеген еңбектер жарық көрді. Бұл қалыптасқан кезеңді Х ғасырды академик В.Бартольд «Араб географиялық әдебиетінің шарықтаған шағы» деп атаған екен.
Айрықша атап өтер мәселе – қазақ елінің аймақтарын зерттеуде араб географтары Ибн Хордадбехтің, Макдисидің, Ибн Хаукальдың, Ибн Рустенің, әл-Истахридің, әл-Масудидің, әл-Идрисидің және басқа ғұламалардың еңбектерінің маңызы зор болғандығы айтылады.
Ибн Хордадбех жазып-баяндау түріндегі тұңғыш жалпы географиялық шығармаларының авторы болып саналады. Оның еңбегі «Китаб ас масалик ва-л-мамалик» («Саяхаттар мен мемлекеттер кітабы») деп аталған. Автор Бағдад шаһарынан солтүстікке қарай Орта Азияға дейінгі және оңтүстікке қарай Үндістанға дейінгі жүрген жолдар туралы егжей-тегжейлі баяндап жазса, ал Ибн Хаукаль қазақтың географиялық атауларына қарлұқтар мекендейтін жер ретінде Фараб (Отырар) шаһарын әңгіме етеді. Ол Талас алқабын көшіп-қонуға қолайлы жылы аймақ ретінде атап көрсетеді. Испиджаб (Сайрам) қаласынан Тараз (Талас) қаласына дейінгі жолды егжей-тегжейлі суреттейді. Осы екі шаһардың аралығындағы кейбір қалалар мен елді мекендерді – Шарабты, Будахкетті, Тамтаджды, Арабтаджды және Джувикатты атайды.
Сондай-ақ Талас өзенінің алқабындағы қалалардың аттарын әлдеқайда толығырақ қамтып, олар жөнінде баяндаған Мукаддаси былай суреттейді: «Тараз – бау-бақшасы көп, даңқы шыққан, бекінісі күшті шаһар. Оның үйлері бірыңғай тәртіппен тығыз салынған, төрт қақпасы бар, жағалай ор қазылған, шаһар маңында халқы көп елді мекен қоныс тепкен. Шаһар қақпасының түбінен үлкен өзен ағып жатыр, шаһардың бір бөлігі өзеннің арғы бетінде орналасқан, өзен үстінен жол өтеді, мешіт хан базардың ортасына салынған».
Ал осы Тараз қаласын бойлай солтүстік беткейде орналасқан бүгінгі Байзақ ауданының аумағында, яғни Талас өзенінің ортаңғы жағалауында орналасқан көптеген қалашықтар туралы сол араб саяхатшыларының қолжазбаларында да кездеседі. Бұл қалалардың баламалануы жазба деректер бойынша ежелгі Тараз қаласының төңірегінде Балу, Шігіл (Жікіл), Барсхан (Төменгі Барсхан), Отлүқ (Атлах), Жамукет қалалары деп аталады.
Балу. Қамалы бұзылған кішігірім қала. Мешіті және базары бар. А.Н.Бернштам Балуды Бесағаш қаласымен баламалаған болатын, ал К.М.Байпақов болса, жазба деректердегі Балумен Бесағаш қаласының өмір сүрген уақыты (ІХ-ХІІ ғғ) сәйкес келетінін ескерткен. Жазба деректердің көрсетуіне қарағанда Балу Шігілден сол жақта жарты фарсахта (З км) жерде орналасқан.
Берукет. Әл-Мукаддаси бұл қала туралы былай деп жазған: «Барукет» үлкен қала. Барукет пен Баладж түркмендерге қарсы шекаралық бекіністер. К.М.Байпақов Барукетті Тамды өзені жағасындағы Тамды қаласымен баламалайды, бұл қала VІ-ХІІ ғғ. кезінде өмір сүрген.
Барух және Иеканкет. Жазба деректе бұл қалалар былайша суреттелген: «Барух – ескі және үлкен қала. Мешіті және базары ішінде. Яганкет – үлкен, жемісті және көкөнісі мол қала екендігін айтылады. Бұл екі қала Тараздан шығып солтүстік-батысқа қарай жүрген керуен жолының бойында тұрған ірі қалалар болған.
Азахкес пен дех Нуджикес. Қамалы үлкен болған бір қала. Қала сыртында базарлары бар. Көктем айларында үш ай бойы ашық тұратын базарлары бар. Л.И.Ремпель Кавакеттің Тараздан солтүстікте орналасқанын ескере отырып, Талас өзенінің төменгі ағысындағы (Тараздан солтүстікте) Шаруашылық (VІ-ХІІІ ғғ.) және Ынтымақ (Тай төбе) қалаларын Дех Нуджикес пен Адахкет (Адахкес) қалаларымен баламалаған.
К.М.Байпаков алғашында Оққұм мен Түймекент қалалары тұрған жерді Кавакет деп есептеп, Оққүм мен Түймекентті Дех Нуджикес пен Адахкет қалаларымен баламалаған, кейінгі зерттеушілердің пікірінше, Тараздан солтүстік-батыста 30 шақырым жердегі, Аса өзені өңіріндегі Қаракемер қалалары орналасқан жерді Кавакет деп, осы жердегі ұзын қорғанды Қаракемер 1 және Қаракемер 2 қалаларын Дех Нуджикес пен Адахкет қалаларымен баламалаған. Кейінгі зерттеулерде бұл пікірдің жаңсақ екендігін ескеріп: біріншіден, Оқкұм мен Түймекент қалалары бір-бірінен 40 шақырым жерде, Талас өзенінің екі жағасында орналасқан қалалар және олардың ортасында (арасында) ондаған орта ғасырлық қалалар мен елді мекендер болғандығын сипатталады. Сонымен, Қаракемер қалалары Тараздан солтүстік-батыста орналасқан. Деректер бойынша Кавакет Тараздан солтүстікте болуы керек. Жазба деректердегі Кавакет деген жерді Тараздан солтүстіктегі (28-30 км) Қарабақып және Құмбел ескі өзектері аралығындағы алқаппен баламалай отырып, осы алқаптағы бір-бірімен іргелес жатқан ұзын қорғанды Қаратөрткүл (VІІ-ХІV ғғ.) және Қоңырбайтөбе (VІП-ХІІІ ғғ.) қалаларын Дех Нуджикес пен Адахкет қалаларымен байланыстырылады. Шамасы, Тараздан солтүстікке қарай жүрген керуен жолы осы екі қалалар арқылы өтуі мүмкін.
Шігіл (Жікіл) – Жалпактөбе. Әл-Мукаддаси Шігіл туралы былай дейді: «Шігіл Таразға жақын жердегі шағын қала. Бір қорғаны және үш қамалы бар. Мешіті және базары ішінде орналасқан, ал Махмүт Қашқари болса Шігіл туралы: «Чиғил түріктердің үш тобының аты» бұлардың бірі Қуяста тұрған көшпенділер тобы. Қуяс – Барсханнан кейінгі кішігірім аймақ. Екіншісі, «Тараз-Талас» каласының жанындағы Р қалашықта тұратындар да «Шігіл» деп аталады» – деп көрсетеді. Яғни Тараз маңындағы Чиғил дейтін елді мекен. Бұл топ сол аймақ атымен аталады. Оғыздардың өлкесі де осы жермен бітісіп кеткен. Яғни көрші тұрып кейінгі кезеңдері чиғилдармен қақтығыстар болып тұрған. Осы себепті арасында дұшпандық жалғасып келген. Оғыздар Джейхуннан қытайға қарай жайылған жерде өмір сүрген. Ол жерде түріктерді чиғил деп айту қате дейді. Үшіншісі Қашқарда өмір сүрген кейбір ауылдарға да чиғил деген.
Барсхан (Төменгі Барсхан) – Төрткүлтөбе. Әл-Мукаддаси Барсхан туралы былай дейді: «Барсхан – (Тараздан) шығыста екі адамның дауысы жетер жерде, оны қоршаған қамал бұзылған. Мешіті базардың ортасында орналасқан. Тараздан Төменгі Барсханға дейін 3 фарсах. Төменгі Барсханды Т.Н.Сенигова Тараздан солтүстік-шығыста, Талас станcасының жанындағы Төрткүлтөбемен баламалаған. Төрткүлтөбе VІІ-ХІІ ғғ. кезінде өмір сүрген қала екендігін айтады.
Жамукат – Қостөбе. Жамукат жайлы жазба деректерде былай делінген: «Жамукет – үлкен (қала). Оны қамал қоршаған. Мешіті соның (қамалдың) ішінде, ал базарлары қала сыртында. К.Байпаков Жамукет (Хамукат) қаласын Тараздан, солтүстік-шығыста, Сарыкемер ауылының жанындағы, Талас өзенінің оң жағасында тұрған Қостөбе қаласымен баламалайды. Қостөбе; VІ-ХІІ ғғ. кезінде өмір сүрген қала. Нершахидің айтуына қарағанда Жамукатты VІ ғ. бұхарлықтар салған, қаланың аты бұхарлықтардың көсемі Жамұқтың атымен аталған деген деректерде көрсетіледі.
Утлүк (Атлах) – Жуантөбе. Утлүқ қаласын әл-Мукаддаси былайша суреттелейді: «Утлүқ — үлкен қала, көлемі жағынан бас қалаға (Таразбен – М.Е.) жақын орналасқан. Бау-бақша оның үлкен бөлігін алып жатыр. Отлүқты зерттеушілер Жуантөбе қаласымен баламалап жүр. Жуантөбе –Талас өңірлеріндегі ең үлкен ұзын қорғанды қалалардың бірі, ол VІ-ХІІ ғғ. кезінде өмір сүрген. Осы қаладан табылған түрік руникасымен жазылған «Атлах» деген жазуы бар диірмен тастың сынығы зерттеушілердің болжамын растайды…
Әл-Мукаддаси жазбасында Шелжі, Күл, Сус, Текабкес, Қүлан, Мирки, Урдуфа, Харран, Баласағун, Бинкес, Устуркес, Бинакес сияқты көптеген қалалары көрсетілген. Зерттеушілер осы тізбедегі Шелжіні – Садырқорғанмен, Күлді-Орловка ауылы жанындағы Ақтөбемен, Сусты – Шалдавар қаласымен, ал Такабкетті – Талас қаласы жанындағы Ақтөбе қалаларымен баламалап жүр, бүл қалалардың бәрі Талас өзенінін жоғарғы ағысында орналасқан.
Қарлығ-Оккүм. Махмуд Қашқари: «Қарлығ – Таразға жақын жердегі қамалдың аты. Оның аты Қарғалықтан шығады». Біз Қарлығты Тараздан солтүстікте қарай 60 шақырым жерде, Талас өзенінің сол жағасында (1 шақырым), Таласка Қарабақыр өзенінің құяр жеріне жақын орналаскан Оққұм қаласымен баламалаймыз. Оққұм тарихи-топографиялық құрылымы бойынша мықты қамал, ол соңғы зерттеулерге қарағанда XIII –ХІV ғғ. дейін өмір сүрген қала. Оққұмды зерттеушілер Дех Нуджикеспен баламалайды. Дегенмен Оққүм қаласының төңірегінде Карабақыр (өзен), Қарақұм, Қарғалы сияқты жер-су аттарының сақталуына қарағанда бұл қаланы Махмұт Қашқари суреттеген Карлығ қаласымен баламалайды.
1255 ж. Талас өңірі арқылы жүрген Гетум Кутукчин (Хутухчин), Беркент (Перканд), Сукулкент (Сулхан-Сугулхан), Урусокан, Қойқанд (Кайкан), Кузак (Хузак не Комец), Кендакур (Хендакур), және Сегнак (Сугнах) қалаларын атап өткен. Біз осы аттары аталған қалалардың: Кутукчиннің Майтөбе мен Беркенттің (Перканд) Тамдымен, Сукулкенттің (Сулхан-Сугулган) Саудакентпен, Қойқандтың (Кайкан) Құмкентпен, Урусоканнын. Шолаққорғанмен, Кузактың (Хузак не Комец) Созақпен және Кендакурдың (Хендахор) Ақсүмбе қалаларымен баламалануы дұрыс, орынды жасалған балама деп есептелінеді.
Жазба деректерде Талас өңіріндегі Жаңа (Янги) атты төрт қала аталады: «Жаңа – бүл төрт қала. Олардың арасы бір фарсах, әр қаланың өз аты бар. Бірі – Жаңа, басқасы – Жаңа балық, үшіншісі – Кенжек, соңғысы – Тараз». Зерттеушілер соңғы қаланы (Таласты) Таразбен, Кенжекті Шаруашылықпен, Жаңаны (Жаңа Таласты) Талас қаласы жанындағы Ақтөбемен, ал Жаңа балықты Садырқорған қалаларымен баламалап жүр. Біз Шаруашылықтан Таразға дейін 90 шақырым, Тараздан Садырқорғанға 38-40 шақырым, ал Садырқорғаннан Талас қаласы жанындағы ортағасырлық Ақтөбеге дейін 50 шақырым екенін ескере отырып, Жаңа Талас және Жаңабалық қалаларының Талас өңірінің жоғарғы ағысындағы Садырқорған және Таластық Актөбе қалаларымен баламаланғанына шек келтіреміз. Шамасы, Жаңа Балық пен Жаңа Талас қалаларын Талас өзенінің орта ағысында ортағасырлық қалалардың қатарынан іздеген дұрыс болар.
Міне, орта ғасыр саяхатшыларының қолжазбаларындағы елді мекендердің орналасу ретіне қарай Тараз, Талас аймақтары жайында жазылған сипаттамаларынан көптеген елді мекендер тірршілік етіп, өз кезеңіндегі дамыған аймақтар болғандығын байқауға болады.
Осы кітапханада жүргенімде, ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген елімізге белгілі профессор Әшірбек Муминовпен де танысудың сәті түсті. Ол мақсатымызды білген соң, істерімізге тілектестігін білдірді.
Келесі барғаным – ISAM орталығының үлкен кітапханасы. Аты орталық болғанмен, үлкен институттардан кем емес. Кітапхана қорына бір ғана Түркия емес, әлем елдерінде басылып шыққан зерттеу кітаптарын алдырып тұрады екен. Мұнда да қолжазбалар каталогі компютерге түсірілген, көшірмелерін дайындап бере алады.
Баязит кітапханасы – Стамбулдағы үлкен кітапханалардың бірі. Оның қоры 1 миллионнан астам еңбектерді қамтиды, олар: кітаптар мен мерзімді басылымдар, газеттер, сирек ұшырасатын шығармалар жинақталыпты. Кітапхана арнайы аспаптармен жабдықталған кабинеттер, мүгедектерге арналған бөлмелер және салтанатты мәжіліс өткізетін залдардан тұрады. Сонымен қатар басқа көптеген кітапханаларды айтпағанда, өткен ғасырларда іргесі қаланған Нұри Османия, Миллет, Стамбул, Топкапы кітапханаларындағы кітап қорлары мен қолжазбалардың көптігі мен кітапхана кешеніндегі ғылыми-іздестіруді ұйымдастыру, қалпына келтіру мен сақтау жұмыстарының барлығы дерлік соңғы технологиялармен, яғни электрондық және автоматттық жүйеге келтірілгендігі үлкен жетістіктері деп айтуға болады. Осы орайда орта ғасырдағы атақты Отырар кітапханасының шапқыншылық кезеңінде жойылып, біздің кезімізге жетпей қалғаны ойға оралып, үлкен өкініш сезімдерін ұялатады.
Иә, сапар аясында еңбекқор, ержүрек түбі бір бауырлас халықтың жеткен жетістіктерімен біршама танысып, алдағы уақытта да ынтымақ, бірлігіміз жарасып арта берсе, сауда-саттық, білім-ғылым және мәдени салаларда қазіргіден де тереңірек байланыста болсақ, алар асуларымыз әлі алда екеніне тілектес боп, елге аттандық.

Сания Мекемтасқызы,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері.

Тараз – Алматы – Стамбул – Алматы – Тараз.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/