- Advertisement -

«Электрондық үкімет» ел игілігі үшін

149

- Advertisement -

Елбасы Н. назарбаев биылғы жолдауында «Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді» деп ерекше ықыласпен атап өтті. Осыны негізге алып Халыққа қызмет көрсету саласында да заман талабына сай жаңашылдықтар енгізіліп, жұмыстар тиімді атқарылуда.

Облыс бойынша 21 Халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Жалпы мемлекеттік корпорация арқылы 621 қызмет көрсетілсе, оның ішінде 452 қызмет электронды негізде атқарылады. Қазіргі таңда барлық бөлімдерде өз-өзіне қызмет көрсету секторлары жұмыс істеуде. Бұл сектордың негізгі мақсаты – халықты «Электрондық үкімет» порталының мүмкіншіліктерімен таныстырып, ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы ақпараттық анықтамалар мен электрондық қызметтер алуға мүмкіндік жасау. Өткен жылдың 12 айында аталған секторлар арқылы 417 791 қызмет көрсетіліп, 554 285 кеңес берілді. «Электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мақсатында өткен жылдың нәтижесі бойынша электрондық цифрлық қолтаңбаны облыстың 251 042 мың тұрғыны алды. Сонымен қатар, аталған сектор арқылы азаматтар, салықтар мен айыппұлдарды жабу, коммуналдық қызметтер төлемі және тағы да басқа электрондық сервистерді қолдана алады.
ХҚКО шалғай елді мекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жылжымалы топ жұмыс атқаруда. Өткен жылы аталған топ елдімекендерге 1121 рет шығып, 68 205 қызмет көрсетілген. Бес ауылдық пошталық байланыс бөлімшелері арқылы тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетілуде. Сондай-ақ қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ ХҚКО-мен бірлесіп, дайын құжатты үйге жеткізу қызметін көрсете бастады. Енді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация фронт офистері жоқ елді мекен тұрғындары аудан орталықтарына бармай және мобильді ХҚКО келуін күтпей, 70-тен астам сұранысқа ие мемлекеттік қызметті ала алады. Қазпошта қызметкерлері құжаттарды қабылдап, жақын орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығына рәсімдеу үшін жолдайды.
1 шілдеден бастап «Электрондық үкімет» порталында ұялы телефон нөміріне жолданған бір реттік парольді енгізу арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасыз 20 қызмет көрсетілген болса, бүгінге дейін оның саны 30-ға жетіп отыр. Қызметті бір реттік пароль арқылы алу үшін «www.egov.kz» порталында авторизациядан өткен қолданушыға ЖСН (Жеке сәйкестендіру нөмірі) және «Мобильдік азаматтар қорында» тіркелген ұялы телефон нөмірін көрсету қажет, содан соң алынған бір реттік парольді арнайы жолға енгізу керек. Телефон нөмірін ЖСН-ға бекітуді қолданушының жеке кабинетінде немесе ХҚКО-да жүзеге асыруға болады. Ол үшін Мобильдік Үкіметке тіркелу қажет. Қазіргі таңда Мобильдік Үкіметке тіркелгендер саны – 136 043. Көп сұранысқа ие анықтаманың бірі мекен-жай анықтамасы екендігін мамандар растап отыр.
Сондай-ақ «Электрондық үкімет» порталын насихаттау мақсатында биылғы қыркүйек айының соңында облыс әкімдігінің қолдауымен «Өз бетіңше қызмет ал» атты пиар-акциясын бастадық. Қазіргі таңда біздің мамандар мобильдік топпен бірігіп, ауылдық округтер, мектептер, колледж және жоғары оқу орындары, сауда орталықтары, орталық алаңдар, жергілікті атқарушы органдарына барып порталдың тиімділігін түсіндіруде. Акцияның басты мақсаты – тұрғындарға электрондық анықтамаларды ХҚКО мен уәкілетті органдарға бармай-ақ өз бетіңше алуға үйрету. Бүгінде акция барысында 200-ден астам түрлі шаралар өткізілді.
Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау» бойынша өзгеріс енгізілді. Осы орайда ХҚКО мамандары қызмет алушыларға кеңес беріп қана қоймай, азаматтар тарапынан қойылып жатқан түрлі сұрақтарға да жауап беруде. Ақпаратты кеңінен насихаттау мақсатында арнайы әзірленген ақпараттық қағаздар, плакаттар, бейнероликтер бөлім ішінде үздіксіз көрсетілуде.
Сондай-ақ 2017 жылдың 29 желтоқсанында бала тууға байланысты мемлекеттік қызметті проактивті тәсілмен ұсыну бойынша пилоттық жобасы іске қосылды. Енді ақпараттық жүйелердің бірігуінің арқасында жаңа туған азаматты тіркеу бойынша өтініш автоматты түрде келетін болады. Бала өмірге келісімен оның ата-анасына SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, сәбиді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті алу ұсынысы жасалады. Электрондық үкімет порталы барлық мәліметтерді түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен жинап, ал өзге деректерді SMS-хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды. «Бала туу» композиттік қызметі проактивті тәсілмен ұсынылады. Яғни телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды да рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал Халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана келу керек немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады. Бүгінгі таңда елімізде 4 мыңдай әйелге SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, телефонның көмегімен бала тууды тіркеуге ұсыныс жасалды.

Данияр Медетбеков,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы — «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support