- Advertisement -

Ақкесенеге бардың ба?

200

- Advertisement -

Бірде Қарахан Таласта (Таразда) Бетпақтан (Бетпақ даладан) өтіп келген керуенбасыны қабылдапты. Ханға деген сый-сияпаттан берген кеуренбасы: «Дат тақсыр!», – депті. Сонда хан тұрып: «Датың болса айт», – деген екен. Ханның аяғына жығылған керуенбасы: «О, құдіреті күшті хан, мен жүрмеген жол, аспаған асу аз болар, бірақ Таластан терістіктегі құмнан (Мойынқұмнан – М.Е.) қатерлі де қауіпті жер көргенім жоқ. Үш күндік жолдың азабы үш айға бергісіз болды. Сол жолдың торабына, қараңғы түнде жол көрсететін Темірқазық жұлдызы сияқты белгі қойдырсаңыз, Сізге Алланың нұры жауар еді», – депті. Көреген хан тараздық шеберге Ақкесене және Көккесене мұнараларын салдырыпты. Тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің бірқатары сол жердегі топырақтың түр-түсі, реңіне немесе орналасу жағдайына байланысты аталған. Мысалы: Ақтөбе, Ақкесене немесе жазушы М.Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» (1994 ж.) деген кітабынан белгілі болатындай ақ, көк деген сөздер көне түркі сөздерінде ақ – батыс, көк – шығыс деген мағына білдіретін көрінеді. Талас өңіріндегі Ақкесене мен Көккесене батыс, шығыс бағытта тұрғанын көрсетеді.
Сай-салалы, о шеті мен бұ шетіне қарасаң көз талатын қазақ жері әуеден қарасаң, бәрі қолмен қойғандай. Бәрі ретімен бейнеленіп, суреттеліп жатыр. Тіпті, адам аяғы баспаған мекендерді қоспағанда, елдің шетінде емес, желдің өтінде тұрған осынау бір аңыз бен әпсанадан құралған мекенге кімдер келіп, кімдер кетпеді. Төменгі Таластың бойын жағалай орын тепкен, тарихи жәдігерді бүгінде білмейтіндер жоқтың қасы. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл ескерт­кіштер шын мәнінде ғажайып әсер қалдырады. Тарихтың бізге беймәлім жұмбақ сырлары тұнған бұл мұралар қазақ халқы ата-бабаларының өткен өмірінің тілсіз куәгерлері болып қала береді. Жамбыл облысында орналасқан маңызды, тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп. Олардың ішінде ата-бабаларымыздың өмірі, салт-дәстүрі, мәдени өнерлері туралы тарихи маңызды мәліметтер беретін археологиялық ескерткіштер де аз емес.
Қазіргі таңда облысымызда ортағасырлардан осы күнге дейін сақталып, тарихтан сыр шертетін сәулет ескерткіштерінің бірі – Талас ауданындағы Ақкесене қарауыл мұнара-бекінісі. Бекініс Талас ауданының Үшарал ауылынан солтүстік батысқа қарай 35 шақырым жерде, бұрынғы шөл далалы мекендегі кеуіп кеткен Қалмақ-Арық магистралды каналдың жағасында орналасқан. Ақкесене қарауыл мұнарасын алғаш рет 1896 жылы зерттеген өлкетанушы В.А.Каллаур болды. Ол Ақкесененің мұнараға ұқсас екенін, ортасында жоғары алып шығатын айналма (винт бейнелі) баспалдақ-саты орналасқанын айтады. Және ол бас­палдақ жақсы сақталған. Ақкесенені 1945-1949 жылдары Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, 1980 жылдары «Қазжобажаңғырту», 1983 жылдары ҚазМУ-дың мамандары зерттеген. Зерттелген мәліметтер бойынша бекіністің сары топыраққа іргетассыз салынғаны анықталды. Бекініс бұрыштарында мұнаралары бар, қабырға­лармен қоршалған, тік бұрышты алаңқай. Бекіністің шығысындағы Ақкесене деген атпен белгілі мұнара дөңгелектеу келген, диаметрі 11 метр, биіктігі 9 метр. Мұнараның құрылысы ХVІІ ғасырларда тұрғызылған деген болжам бар. Қазба жұмыстарынан табылған қыш материалдарда суармалы емес қыштардың сынықтары бар (хумдар, құмыралар). Ал қамал одан бұрын 12-13 ғасырларда тұрғызылған. Бірақ табылған материалдар өте аз болғандықтан бұл уақытты анықтау қиын. Сонымен мұнара бекіністің мерзімі туралы әртүрлі болжамдар бар. Кірпіштердің қалану тәсілі қызық. Қазақ халқы үшін өткені мен бүгінін жалғастырар, сабақтастырар осындай мұралары еліміздің біртұтастығына қызмет етер ұлтымыздың ең басты байлығы болып қала береді. «Адырын қопарса астынан қола шығатын, қабірін ашса астынан алтын адам шығатын» қазақ даласы тарихи ескерткіштерге бай екені аян. Тарихи ескерткіштер – тарихындағы өз дәстүр жалғастығын тауып ұстана білген ел үшін ең басты байлығы болып қала береді.
Өткенге құрмет, келешекке үлгі ретінде мәдени, тарихи жәдігерлерді зерттеу, жүйелеу, қорғау және сақтау, оларды ұдайы насихаттап отыру – біздің азаматтық борышымыз. Ескерткіш, қорған, қорым болсын бәрі де өнер туындысы. Осы өнер туындыларына қарап өскелең ұрпақ ойланады, ой түйеді. Бұл бекіністің тұрғызылу себебі де жоқ емес. Әрине мұндай мұнаралы бекіністің сыртқы жаудан қорғану үшін тұрғызылғаны анық. Мұнараға саты арқылы көтеріліп, жоғарыдан бақылаушы жауынгер алыстағы жауды көріп хабарды дер кезінде жеткізуге мүмкіншілік алатын болған. Бұл сол заманның жетекші құралына айналған. Қалыңдығы 3 метрлік қабырғалардан тұрғызылған бекіністі жаудың бұзуына да оңай болмаған. Ғасырлар бойы тұрған Ақкесене көпті көрген қарт кісідей талай тарихи сырды ішіне бүгіп, бүгінгі ұрпаққа да жетіп отыр. Бір өкініштісі, бекіністің уақыт өте келе жаңбырдан, желден, ыстық-суықтан бұзылып, топыраққа айналып кетуі ғажап емес. Талас ауданының даласында көрік беріп тұрған осындай құрылысты басқа аудандардан кездестіру өте сирек. Көбісі бұзылып, топырақ үйіндісіне айналып кеткен.
Сондықтан облысымызда сирек кездесетін Ақкесене бекінісін, 2008 жылы облыстағы ескерткіштерді күтіп-баптап отырған мекеме – «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің араласуы мен тиісті орындарға бекіністің жайы бойынша хатпен шығып, республикалық қазынадан 2008 жылы қаржы бөлдіруге мұрындық болды. Нәтижесінде тарихи жәдігер қайта жаңғыртудан толық өткізілді. Жаңғырту жұмыстарын «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің Тараз филиалы жасап шықты. Кешенге жоғарыда аталған мекеме тарапынан қарауыл қойылды. Бекініс бүгінгі күні облысымыздағы туризм кластеріне енуге дайын тұрған тарихи мұраның бірі және бірегейі екендігі даусыз.imag++e007 image++005

Алмас МҰХТАРОВ,
ҚР МСМ «Ежелгі Тараз ескерткіштері»

ТМҚМ бөлім басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support