- Advertisement -

Есірткі түбі– тұңғиық, батасың да кетесің

108

- Advertisement -

Есірткіге есі кете еліріп, қорлықтың құмырасына түсіп құл болып жүрген жандар бұл күнде жоқ емес. Есірткінің алдамшы ләззатына бой алдырған адамның бақытты болған кезі жоқ. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде есірткі заттарын заңсыз дайындап, өңдеп немесе сақтағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылатынын біле тұра, сан соқтырар жолға түскендердің қатары азая қойған жоқ. Мұндай жолға түсетіндердің дені жұмыссыз жүргендер. Яғни, жеңіл жолмен есірткі алып-сатумен айналысып зор табысқа кенелгісі келетіндер. Бірақ олардың оңай олжа орға түсіретінін, заң алдында жауапқа тартылатынын естен шығаратыны өкінішті. Есті адамды ессіз ететін есірткіге тәуелді болмас үшін, баланы жастайынан дұрыс тәрбиелеп, қатаң қадағалауда ұстау керек.
Өткен жылы сот залында ҚР ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігімен К-ға қатысты қылмыстық іс (есірткі затын өткізу, заңсыз иемдену, сақтау және тасымалдау) қаралған болатын. Сотта анықталғандай, К. 2014 жылдың тамыз айында Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылының сыртындағы канал жағасында жабайы өсіп жатқан қарасора шөбі жапырағының құрамындағы есірткі затын қолымен жұлып жинап, оны сол жерде кептіріп, полиэтилен пакетіне салып, өзінің үйіне алып келген. Сөйтіп, үйінің ауласында орналасқан монша шатырының астына жасырған. 2015 жылы 28 қаңтарда сағат 16:30 шамасында Мойынқұм аудандық ІІБ-нің полиция қызметкерлері ақпарат бойынша аталған үйге тінту жасап, аулада орналасқан жаздық пештің ішінен есірткі затының іздерін тапқан. Яғни, алты дана «беломор» темекісінің қалдықтары және монша шатырының астынан полиэтилен пакетіне салынған жалпы салмағы 480 грамм «кептірілген марихуана» есірткі заты табылған. Сотта сотталушы К. өзі жасаған қылмыстық әрекеттерін толықтай мойындап, алдағы уақытта мұндай әрекеттерді қайталамайтынын, шын ниетімен өкінетінін айтып, өзіне жеңіл жаза қолдануды сұрады. Мойынқұм аудандық сотының үкімімен К. ҚР ҚК-нің 296-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі, яғни 79280 теңге көлемінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды. «Өткенге үңілмей, бүгініңді бүтіндей алмайсың» демекші, 2015 жылы Мойынқұм аудандық сотында ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігімен 16 тұлғаға қатысты қылмыстық іс, 296-бабының 3-бөлігімен 5 тұлғаға қатысты қылмыстық іс, ал 296-бабының 4-бөлігімен 4 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралып, Заңға сәйкес тиісті жазалары берілді.

Гүлмира Рахимова,
аудан сотының
баспасөз хатшысы, бас маман.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support