- Advertisement -

Техниканың «тілін» білген адам

108

- Advertisement -

ешқашан жұмыссыз қалмайды

Серпер ЖАНСЕЙІТОВ,
еңбек ардагері.

Жамбыл – еліміздегі аграрлы облыстың бірі. Соның ішінде Жуалы – ертеректен картобымен, қант қызылшасымен әйгілі болған аудан. Асан қайғы бабамыз жырлаған, қытай саяхатшысы сұқтанған, орыс зерттеушілері тамсанған Жуалы жері өзінің сұлу қалпын сақтап келеді. Еңбекқор аудан халқының арқасында және мемлекеттің қолдау-көмегінің есебінен аудан экономикасы күн санап ілгерілеуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге бөлінетін субсидияларды, көктемгі дала мен егін жинау жұмыстарын жүргізуге, мал шаруашылығын дамытуға, қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға бағытталған жеңілдетілген несиелерді кәсібін дөңгелеткен кез-келген жанның алуына мүмкіндік зор. Аталмыш жеңілдіктердің жемісін көріп отырған кәсіпкерлеріміз де жетерлік. Осылайша аудан тұрғындарының бір парасы жер жыртып, егін егіп, келесісі мал шаруашылығымен айналысып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ басып келеді.
Еңбек ардагері, аудандық мәслихаттың бұрынғы депутаты ретінде мен де оң өзгерістерге қуанып отырамын. Бар ғұмырымызды туған өлкеміздің өсіп-өркендеуіне арнаған біздер үшін қазіргі жаңашылдықтардың бәрі де көңіл толтырады. Әйткенмен, өзім біраз жыл №15 Бурный кәсіптік-техникалық училищесінің директоры болғандықтан, мені бүгінде жастарымыздың кәсіптік білімді игеруге деген қызығушылықтарының төмендігі алаңдатады. Үкімет тарапынан бұл салаға көптеп көңіл бөлінуде. Тіпті, тегін кәсіптік білім алу да жолға қойылуда. Бірақ әлі де болса ауылда тракторшы, көлік жүргізушісі, комбайншы, дәнекерлеуші мамандарына деген сұраныстың барлығы байқалады.
Мені мазалаған тағы бір мәселенің бірі, қазіргі таңда ауданымызда жеке шаруа қожалықтары жетерлік. Баяу да болса, ұсақ шаруа қожалықтары бірігіп, ірі шаруа қожалықтарына, кооперативтерге айналуда. Дегенмен, еңбек ардагері ретінде, алдағы уақытта ірілендіру бағытындағы жұмыстар бұдан әрі де жандана түссе екен деймін. Өйткені заман талабының өзі осыған алып келе жатыр. Дағдарыс жан-жақтан дендеген қазіргі заманда тек қуатты, бәсекеге төтеп бере алатын ірі ұйымдар мен ұжымдардың ғана болашағы жарқын екендігін өмірдің өзі көрсетуде. Әрі іріленген ұжымдарға жұмысқа ауылдың қарапайым адамдары тартылады емес пе?
Менің пікірімше, мемлекет қазіргі күні ауыл шаруашылығын дамытуға қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасауда. Тек соны тиімді пайдалана білсек болғаны. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында: «Фермерлік пен бүкіл аграрлық секторды дамыту үшін айтарлықтай ынталандырушы күш Жер кодексіне енгізілген өзгерістер болды. Жаңа құқықтық нормалар жұмыс істеп тұрған 224 мыңнан астам агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне олар жалға алған 97,4 миллион гектар жерді жекеменшікке алуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, кадастрлық құнының 50 пайызы көлемінде 10 жыл мерзімге бөліп-бөліп төлеу қарастырылған. Бұдан бөлек, 102 миллион гектар запас жердің ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған 85,3 миллион гектарын да Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары аукцион арқылы сатып ала алады», – деді.
Бірер жылдан бері жергілікті бюджеттерден бөлінген қаржы есебінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы босалқы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, газет беттерінде жарияланған деректерге сүйенсек, былтыр Жуалы, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандарында босалқы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліпті. Ал биыл қалған аудандар қамтылмақ. Осылайша алдағы уақытта байлығымыз болып табылатын жер ресурстарын тиімді пайдалану басты стратегиялық бағыттардың бірі болатынына қарапайым еңбек адамы ретінде қатты қуанудамыз. Иеліктегі жерді сатып алуды жеңілдету мақсатында оның кадастрлық құнының 50 пайызы көлемінде 10 жыл мерзімге бөліп төлеуге болатыны да қаншама шаруа адамын қуантты десеңізші!
Бұл бір ғана мысал. Ал Елбасымыздың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан қаншама арнайы бағдарламалар, жеңілдіктер, мүмкіндіктер бар! Сондықтан да баршамыз ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге осы мүмкіндіктердің барлығын пайдаланып, бел шешіп кіріскеніміз жөн. Жастар да кәсіптік мамандықтарды игеруге сенімді түрде бара берсе болады. Себебі техника тілін меңгерген жас бүгінде жұмыссыз қалмайтынына баршамыздың көзіміз жетіп отыр.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support