- Advertisement -

ҚАЗАНДА ҚАМБА ТОЛАДЫ

84

- Advertisement -

Байқадам, Игілік ауылдарына іссапармен барғанымызда жолдың қос қапталына жағалай егілген жүгерінің бітік өскенін көріп, таң-тамаша қалғанбыз. Көсегенің көк жонындағы мақсары да ырғатылып тұрған. Енді міне, сол алқаптарда комбайндар шашақты жүгерінің соңғы гектарларын орып жатыр. Ал жондағылар мақсарыға орақ салған.

– Биыл аудан бойынша 1000 гектар алқапқа Алматы облысының «Будан» жауапкершілігі серіктестігінен жоғары сұрыпты «Тұлпар» жүгерісінің тұқымын әкеліп, сепкенбіз. Агротехникалық талапқа сай егіп, күтіп-баптаған соң жүгеріміз өте бітік шықты, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Тоқаев.
Бөлім басшысының айтуынша, Игілік ауылы – 550, Жайылма ауылы – 150, Жаңаталап ауылы 200 және басқа да шаруа қожалықтар 150 гектар алқапқа жүгері дақылын еккен. Алдын ала жасалған болжам бойынша жүгерінің әр гектарынан 65 центнерден өнім алынады.
Игілік ауылындағы шаруалар бір гектардан 70 центнерден өнім алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізіпті. Жаңаталап, Жайылма ауылдық округтерінің жүгерішілері де қамбаларын дәнге толтырған. Қазір сарысулықтар майлы дақылдарды оруды да аяқтаған. Тау қырына егілген 7088 гектар мақсарының әр гектарынан 5,5 центнерден өнім алыныпты. Бұл дақылды ең көп еккен түркістандықтар екен. Олар 5990 гектарға мақсары егіпті. Одан мол өнім алған «Бәйімбет», «Арыстанды», «Жорабек», «Мұрат» шаруа қожалықтары алған өнімді май сығу цехына өткізіп, сатуды жоспарлауда.
Сарысулықтар 600 гектар алқапта сүдігер көтеріп, 150 гектарына дән сеуіп үлгеріпті. «Жалпы апта ішінде барлық алқапқа дән сеуіп үлгерер едік. Бірақ, жонның топырағы жеңіл, сәл жел тұрса, топыраққа тастаған дән ұшып кетуі де ғажап емес. Сондықтан, жаңбыр жауғанын күтуге мәжбүрміз» – дейді «Мұрат» шаруа қожалығының басшысы Ескендір Дүтбаев.
Шаруалар қазан айының екінші онкүндігі жауынды болар деп үміттеніп отыр.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support