- Advertisement -

Қос тарап мәмілеге келеді деп сенеміз

165

- Advertisement -

Елордаға барып, Энергетика министрлігінің алдына пикетке шыққан жаңаөзендік мұнайшылардың мәселесі оңынан шешіледі деп сенеміз. Әрине, тендердің кесірінен тұрақты жұмыс орындарынан айырылған батыстықтардың бастамасы өте орынды. Өйткені, тұрақтылық бар жерде ғана даму бар екені түсінікті. Әйтсе де, әлеуметтік мәселелердің оң шешілуін талап еткен маңғыстаулық ағайынның арасына іріткі салып, ел тыныштығын бұзғысы келетіндерге жол ашып беруге болмайды. «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан бәріміз сабақ ала білуіміз керек.

Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында кешенді жұмыстарды жүргізуді тапсырғаны белгілі. Мемлекет басшысы осы талапты ел Үкіметіне де, өңір әкімдеріне де, сондай-ақ, жеке компания басшыларына да қоюда. Бір ғана мысал, өткен жылдың қаңтар-ақпан айларында дәл осы «Өзенмұнайгаз» компаниясының қызметкерлерінің жалақысы 10-20 пайызға өскен еді. Мұның бәрі батыстағы жұрттың еңсесін тіктеу, аймақтағы жұмыссыздық мәселесін жою бағытында жүзеге асты. Бұл – халық пен билік арасында байланыс орнағанын білдіреді.

Бүгінде түрлі әлеуметтік желілерде билікке талабын қойған мұнайшыларды құқық қорғау органдары қызметкерлерінің алып кеткені туралы ақпарат кеңінен тарауда. Мұндай әрекетке наразылық білдірген Жаңаөзен халқы ұсталған жерлестерін дереу босатуды талап етті. Полицейлердің бұл іске араласуы көптеген заңбұзушылықтардың алдын алады әрі қамаққа алынғандар жуық арада босатылады деген үміт мол. Олай болмаған күнде мұның арты жақсылыққа апармауы мүмкін. Талаптары орындалмайынша тұрған жерінен тапжылмаймыз деген көпшілікпен дәл қазір екіжақты диалог жүргізу аса маңызды. Жауаптылар уақыт создырмай келісімге келіп, мәселе біртіндеп шешілуде.

Қарапайым азаматтардың мүддесін қорғау – халық қалаулыларының міндеті. Өз басым жұртшылықтың наразылығымен келісемін. Бірақ, мұнайшылар заңға қайшы әрекеттерге бармағаны жөн. Ашу үстінде артық қимыл жасамауы тиіс. Халықты арандатушыларға ермеуге, мәселені сабырлықпен шешуге шақырамын.

 

Керімқұл БЕГАЛИЕВ,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support