- Advertisement -

Мұнайшылар мәселесі: талап орынды, жауап көңілге қонымды

611

- Advertisement -

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын әлеуметтік желі әлемдегі жақсылықтардан гөрі жамандықты, зорлық-зомбылықты, айнала соғыс, шиеленісті жарнамалаудан алдына жан салмастай желпініп тұр. Бірінің жағдайын бірі ушықтыру үшін әдейі жасалып жатқан экономикалық санкциялар, бүлінген үстіне бүліне түссе екен деп жер-жаһандағы қақтығыс пен төбелестің отына май құйып қарап отыратын арандатушы топтардың шын мәнінде көздегені не екенін қарапайым адам баласы түсініп, ұғып білмейтін халде.

Астаң-кестеңнің зардабын шеккен геосаяси ахуал тар алқымынан тұншығып, ауыр тыныс алады. Дөңгеленген дүние жарымжанның күйін кешуде. Осындай дүрбелең дағдарыстарға қарамастан, біздің еліміз де ішкі-сыртқы саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалу үшін барын сала жанталасуда. Барлық жіті іс-қимылды назардан тыс қалдырмай, құлақ түріп, көз тігіп, қарап, біліп, көріп отырмыз. Кешегі жаңаөзендіктердің жай-күйі де ешкімді бейжай қалдыра алмайды.

Маңғыстау облысынан 80-нен астам адам мұнай компаниясынан жұмыс талап етіп Астанаға арнайы келіп, Энергетика министрлігі кеңсесі алдына жиналған. Наразылар «ҚазМұнайгаз» бен «Өзенмұнайгазға» қызмет көрсететін «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнында жұмыс істеген. Бірақ, жұмыстан қысқарып қалған. Себебі, «ҚазМұнайГаз» ұйымдастырған тендерде «БерӘлі Маңғыстау Company» жеңіліп, «Кезби» және «Ai-Bis» компаниялары жеңген. «ҚазМұнайГаз» компаниясы наразыларға «Кезби» және «Ai-Bis» компанияларынан жалақыларын сақтауға уәде беріп, жұмыс ұсынған. Алайда, наразылар «тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек» деп бұл ұсыныспен келіспепті.

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Пікір тыңдалу керек. Бәлкім, мұнай саласын мемлекеттік меншікке қайтару керек шығар. Жекеменшікте қанша дегенімен, жұрт қамы емес, алдымен баю мүддесі тұрады. Осыдан сақтанғысы келген жұмысшылардың талабы орынды да. Көп ұзамай, елден келген мұнайшылардың мәселесі туралы құзырлы органдармен және квазимемлекеттік мекемелермен ақпарат алмасылып, алғашқы қадамдар жасалды. Ортақ жұмыстың нәтижесінде жаңаөзендік жігіттердің көтерген сұрақтары келіссөздер арқылы шешілетін болды.

Бастысы, мәселе ушығып кетпей, шешімін тапты.

Алайда, әлеуметтік желі желдей ескен сөздерінің екпінін баса алмай даурығуда. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы». Сабырсыздықтан санымыздың мезгілсіз кемитініне «Қасіретті қаңтар» сабақ болғанын ұмытпайық. Қазақстанда халықтың жағдайын жақсарту үшін жаңа реформалар басталғанын жадымызда ұстайық. Ескі жүйенің қалыптастырып кеткен ессіз дағдылары мен көзсіз былықтарын бірден тазарту оңай бола қоймайды. Уақыт – емші. Әйтеуір халыққа жақсылық жасау және халықтың тұрмысын жақсарту бағытында қатып қалған қасаң құрсаудың сеңі қозғалғаны күмәнсіз. Қазіргідей әлемнің өрттей қаулағалы тұрған қауіпті жағдайында Қазақ елінің іргесін өзіміз іріген түртпекпен шіріте шайқағанымыз дұрыс болмайды. Елдің ішіндегі де, сыртындағы да халық «жанашырлары» халықты көшеге шығуға шақырғаннан гөрі, елді осы бір күрделі кезеңде сабырға шақыруы тиіс! Сонда ғана өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жол табылады.

 

Үміт БИТЕНОВА,

ақын.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support