105 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

105 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
ашық дереккөз
105 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
Облыс әкімі жанынан құрылған инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек төрағалық етті. Штаб отырысында «TargetAI limited» компаниясы қалалық бақылау камераларына арналған аналитикалық платформаны ұсынды. Платформа қаланың барлық камераларын бірыңғай басқарылатын интерфейске орталықтандыруға, мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін орнатуға мүмкіндік береді. Жиын барысында Қанатбек Мәдібек облыс әкімдігінің цифрландыру және білім басқармаларына бұл жобаны зерделеуді тапсырды. Сондай-ақ, қытайлық «China CAMC Engineering Co.,LTD» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастық жоспарлары талқыланды. Бұдан бөлек, басқосу барысында Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Оның айтуынша, өткен жылы ауданда 24,3 миллиард теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске асырылып, 155 тұрақты жұмыс орны ашылған. Ал, биыл жалпы көлемі 15,4 миллиард теңгені құрайтын 105 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 806 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Жобалардың 31-ін жоба ауыл шаруашылығы саласында, 60-ын өнеркәсіп, 14-ін «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асыру көзделген. Ірі жобалардың бірі – «КнауфГипсТараз» ЖШС-ның құрғақ құрылыс қоспаларын және гипсокартон шығаратын зауыт болып табылады. Нысан үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал, «Аса- Агро» ЖШС қуаттылығы жылына 5 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні зауыт аумағында 3 корпус жұмыс істеп тұр, өткен жылы онда 240 тонна өнім өндірілген. Сондай-ақ, аудан әкімі жаңартылатын энергия көздері, құрылыс, білім, балық шаруашылығы салаларындағы жобалармен де таныстырды. Аудан басшылығына инвестиция тарту бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу тапсырылды.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар