- Advertisement -

Ақиқатты арда тұтқан азамат

313

- Advertisement -

Жастар газетінде – жеті жыл

Талаптыдан түлеген талантты ұл – Шерхан Мұртазаның Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетті бітіргенде 23 жасқа толмаған шағы еді. Еңбек жолы 1955 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында басталып, кейіннен баспасөз саласындағы ұзақ жылдар бойғы қызметпен жалғасты. Майталман маман 1963 жылы 31 жасқа толмаған шағында республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің бас редакторы болды.

Осылайша, Шерхан Мұртазаұлының ұзақ жылдарға созылған бас редакторлық дәуірі басталды. Республикалық «Лениншіл жас» газеті – Қазақстан комсомол комитетінің үні болды. Мұртазаев бұл басылымды жеті жыл басқарды. Газетке жаңа серпін, жаңа идея, жаңа леп келді. Өзі жап-жас бола тұра әр өңірлерден талантты жастарды комсомол газетінің редакциясына жинады.

Мәселен, Атыраудан – арынды ақын Фариза Оңғарсынованы, Шығыстан – ғажайып дарын иесі, қайталанбас жазушы Оралхан Бөкейді орталыққа алдырды. Басқа да өңірлерден көптеген жас журналистерді алдыртып, жұмысқа қабылдады. Мықты кадрлардың қажырлы еңбегінің арқасында «Лениншіл жас» газетінің сапасы артты. Оқырманы бұрынғыдан еселеп көбейді. Еліміз бойынша түрлі мекеме, кәсіпорындарда, ұйымдарда істейтін жастардың және студенттердің қолынан «Лениншіл жас» газеті түскен жоқ. Себебі бас редактор Шерхан Мұртаза жас журналистерге талап қоя білді, жақсы, қызықты, оқылымды газет шығарды. Басылымда батылдық пайда болды.

Көпшілік оқырман «Лениншіл жасқа» жазылуға асықты. Жас бас редактор Шерхан Мұртазаев осылай «Лениншіл жасты» осындай биік деңгейге көтерген еді. Бас редактордың сол кездегі еңбегі, ізденісі әлі де ұмытылмай айтылып келеді.

Республикалық «Лениншіл жас» газетінен кеткеннен кейін Шерхан Мұртаза екі жыл «Жалын», үш жыл «Жұлдыз» журналдарын басқарды. Сол кезде аталған журналдардың да таралымы еселеп, мазмұны артты. Қос журнал оқырман іздеп жүріп оқитын басылымға айналды.

«Қазақ әдебиетінде» – тоғыз жыл

Орда бұзар отызында республикалық комсомол газетін басқарған Шерхан Мұртазаұлы 1980 жылы республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болды. Осында табаны күректей тоғыз жыл отырды.

Сол жылдары аталған әдеби газетте журналистиканың талантты өкілдері – Оралхан Бөкей, Әбіраш Жәмішев, Асқар Егеубаев, Жүрсін Ерман, Қайырбек Асанов, Әлия Бөпежанова, Қоғабай Сәрсекеев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Оразбек Сәрсенбаев, Сайлаубек Жұмабеков, Дидахмет Әшімханов, Әмірхан Меңдеке, Мереке Құлкенов, Көпен Әмірбеков, Тұтқабай Иманбеков, Еркін Жаппасов еңбек етті. Кейіннен бәрі де үлкен ақын-жазушыға айналды. Ол кезде Орталық комитетке бағынатын «Дәуір» баспасының басшылары «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін ғана мойындайтын үрдіс бар екен.

Баспаның менменсіген осындай басшыларына Шерағаң бас-аяғы екі- үш жылдың ішінде бас игізіп, сәлем бергізіпті. Бұл – ерлік пе, ерлік. Мінез бе, мінез! Шерхан басшылық еткен жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті 100 мың данадан асып, тарап жатты.

Ш.Мұртазаның «Қазақ әдебиеті» газетіндегі бас редакторлығы тұсында тоғыз жыл бойы бірге қызмет атқарған белгілі ақын Қайырбек Асанов:
– Шерхан ағаның алдына алғаш барған сәтім ұмытылмайды. «Секретариат жұмысын жақсы білетін адам бар ма? – деп Аян Нысаналиннен сұрап едім, ол сенің есіміңді атады.

Әрине, секретариат жұмысы оңай емес, оны беріліп істеу керек, газетті көптеп-көмектеп, жақсартып, тиражын көбейтсек дейміз. Жауапты хатшының орынбасарлығына сені қалап отырмын, қарсы емессің бе?» – деді Шерағаң.

«Сізбен бірге қызмет істеу мен үшін абырой, қандай жұмысқа жексеңіз де адалмын», – дедім. «Онда құтты болсын қызметің»! – деп, Шерағаң қолымды қысты да, ұжыммен таныстырды. Міне, осыдан кейін-ақ шын мәніндегі жақындық, шын аға- інілік сыйластықпен жұмыс істеген кезеңдеріміз басталып кетті.

«Қазақ әдебиетіне» осылай келдім. Ол кезде газеттің макетін түрлі-түсті қаламмен сызатынбыз. Нөмірге баратын барлық материалдарды әртүрлі орналастырып, газет бетінің келбетін шырайландырып, бас редакторға бекітуге апарамыз. Ол жерде жауапты хатшы, кезекші бөлім меңгерушісі де отырады. Жауапты хатшы белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев еді. Мен бұл жұмысқа қиналғаным жоқ. Өйткені «Лениншіл жас» газетінде жинаған біраз тәжірибем бар. Макет сызу бұдан гөрі жастар газетінде жауаптырақ болатын.

Дегенмен Шерағаңа көрсеткелі тұрған макетім бірінші рет. Бар өнерімді салып, оның үстіне материалдарды мазмұнына орай орналастырғанымды айтып, баяндап бердім. Байқаймын, Шерағаңның жүзі жылынып, іштегі ризашылық сезімін алғашқы күннен сыртқа бұрқ еткізгісі келмегендей, салқынқандылықпен «Жалпы, макеттің сызылуы дұрыс сияқты.

Сендер қалай қарайсыңдар»? – деп жауапты хатшы мен кезекші редакторға қарады. Сол-сол екен, екеуі де жақсы, – деп қоштай жөнелді. «Онда нөмірдің макетін бекітемін», – деп Шерағаң өзінің қолтаңбасын қойып жатты.

Бас редактор қол қойғаннан кейін макетті өзгертуге болмайды. Егер шұғыл материалдар берілетін болса, тек Шерағаңның рұқсатымен ғана басылады. Бағанадан бері булығып тұрған мен есіктен шыға бере «ух» деп терең демалғаным есімде. Өйткені Шерағаңның талапшылдығынан сүрінбей өту – үлкен абырой еді. Аптасына бір рет шығатын газетті секретариаттағы екі жігіт кезектесіп шығаратын едік.

Мен өзім макетін сызған газетті шығарып, алғашқы нөмірін таңертең Шерағаңа әкеліп көрсеттім. Шерағаң газетті асығыс бір қарап шықты да: – Қолтаңбаң жақсы екен, – деді. Жақсы пікірге мен мәз болып қуанып қалдым. Шерағамен өткен тоғыз жыл маған тоғыз жылдық университетпен тең болды, – деп еске алды.

«Егемен Қазақстан» газетінде – үш жыл

Шераға «Қазақ әдебиеті» газетінен еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетіне 1989 жылы бас редактор болып барды. «Қазақ әдебиетін» сонша биікке көтерген талантты басшыға жаңа жұмысы қиынға соға қоймады. Бірақ, «Егемен Қазақстан» күн сайын шығады. Қызметкерлер саны да көп. Әр облыста меншікті тілшілері бар. Өте қарбалас. Күн сайын жүздеген маңызды ақпараттарды газеттің жаңа нөмірі «жұтып» жатты.

Шерхан Мұртаза қай газетке барса да безендірілуі мен мазмұны байып, құлпырып шыға келетін. Шераға басқарған жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің де таралымы екі есе артты. Әр облыс, аудандардан сәт сайын ақпарат алып, газет жаңаша түрленді. Жаңа сипат алды. Еліміздің жылт еткен жақсы жаңалығын басылым дереу қамтып үлгеріп жатты. Ол жылдар еліміз егемендігін енді алған, Тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген елең-алаң күрделі шаққа тұспа-тұс келді. Жас мемлекеттің әр тұрғынын болашаққа сендіретін рух қажет еді.

Сол рухты еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» әр оқырманның жүрегіне шамшырақтай жаға білді. Сол кезеңмен салыстырғанда – бұл ғаламат ерлік, үлкен қайраткерлік еді.

«Қазақстан» мемлекеттік телерадио компаниясында – екі жыл «Егеменнен» кейін Шерағамыз «Қазақстан» мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып барды.

Қазіргідей қаптаған телеарналар ол кезде жоқ. Елдің назары «Қазақстан» телеарнасында еді. Шерхан Мұртаза көп жылдардан бері газет жұмысына машықтанып қалса да телеарнада да батыл қадамдар жасай алды.

Ең алдымен телеарнадағы қазақ тіліндегі хабарлар мен көрсетілімдердің санын көбейтті, уақытын ұзартты. Қазақтың бәйге өнеріне арналған «Тайбұрыл» хабарын ашып, бәйге өнерін барша көрермендерге кең көлемде көрсетті. Өзі де салмақты хабардың бірін жүргізіп, министр, бас прокурор, сотқа дейін шақырып, елдегі жағдайды ашық сұрап, өткір сауалдар қойып отырды. Бұдан бөлек «Зейнеп апайды тыңдасақ» деген секілді жас ұрпаққа тағылымды танымдық хабарлар, Тынышбай Рахым жүргізетін «Кеш жарық!» секілді әдеби-сазды рухани хабарлар қазақ даласына кеңінен жетіп жатты.

Бір сөзбен айтқанда, Шерағаң телеарна жұмысын жандандыру үшін барын салды, ар алдында адалдығын көрсетті. Қазақ елі үшін терін төгіп, аянбай еңбек етті.

Сондықтан еліміздегі үш ірі газетті, екі ірі журналды, телерадио компаниясын басқарған Шерхан Мұртазаның қазақ журналистика тарихында шоқтығы қашанда биік. Қазақ баспасөзі мен телерадиосына осынша ұзақ жыл (жалпы алғанда) басшы болған бірден-бір тұлға – Шерхан Мұртаза.

Сондықтан да айтулы азаматтың бас редактор ретінде ары таза, азаматтық ұстанымы қашанда биік!

 

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support