Ол сел-сезімнің серісі

Ол сел-сезімнің серісі
ашық дереккөз
Ол сел-сезімнің серісі
«Могиканның соңғы тұяғы» сияқты, бұл ауылдың шал-кемпірлері ата-бабаларының көшпенді тұрмыс- салтымен ең соңғылардың бірі болып қоштасты. Қар еріп, жер қарайып, күн жылыса болды, ақ жаулықты аналар киіз үйлерінің былтырғы күзден бері буулы тұрған туырлықтары мен түндіктерін күншуаққа жайып, сетінеген жерлерін жамай  бастайтын. Бөркін баса киген шалдар болса, түйенің көнінен таспа тіліп, ырғаң-ырғаң көште көзі сөгілген керегелерді көктеуге кірісер еді. Мұның бәрі, әрине, жайлауға көшіп-қонудың қамы. Жұмабек арығының маңындағы сазды Құдай-Тағала жайлауға арнап жаратқандай. Жағасындағы жайлауы қаз-қатар қонған қаздардай жарасқан осы арықтың өзін Серік ерекше сезіммен, бөлек махаббатпен жырлаушы еді. Дырау қамшы ізіндей дараланып, Жатыр міне, Жұмабек каналы ағып. Қан тамырдай бүлкілдеп туған жерге, Ырыс-құтты ол өзімен барады алып. Бірде кешкі апақ-сапақта осы жайлаудың төрінен бір ащы айғай шықты. Өрістен мал келіп, сүрлеу-соқпақтың бойына жер бауырлай ұшқан шаң қаймақтай кілкіп қалған сәт. Дөңгелене қонған киіз үйлердің ортасындағы қотаннан қойдың маңырағаны, қозы-лақтың жамыраған үні естіледі. Айғай Үржан апаның даусы екен. Үржан – Серіктің әжесі. Тұңғыш немересі болғандықтан Үржан апа Серіктің басынан құс ұшырмайды. Айғай шыққан жақтан бір қарға бойлы сары бала кішкентай велосипедімен құлдыраңдап зырғытып келеді. Таңғала мойын бұрғандарға өзінің ауыл ішін бір пәсте азан-қазан қылғанына ұялғандай, қысыла жымыңдап қояды. Артында ақ кимешегі ағараңдап келе жатқан әжесі «Серік-ау, тоқташы, тоқтай қойшы енді, айналайын» деп қояды әлсін-әлсін. Ақ тілеулі анамдай кешірімшіл, Сен менің мәңгі мекен бесігімсің. Мен сені көзден таса етпей жүрмін, Жатсын деп жанарыма көшіп үнсіз. Көшсін деп көз ілмедім қыр, құмдарың, Жиделерің, теріскен, жыңғылдарың. Қоңыраулы шеңгелің көшсін түгел, Жоғалтпай жанға жақын сыңғырларын. Көшсін түгел Тайтөбе, Кенел құмақ, Мұса құмақ, Мырзабек, Енем құмақ. Сәттібай баз, Көшкінбай көшсін түгел, Көшсін түгел кетті ерік менен бүгін. Түгел бәрі кеудеме көшсін менің, Көтерейін қалғанша құр сүлдерім. Туған жерді сөйтіп бір тербетейін, Жылытуға жүректің жетсе демі. Екі кештің арасындағы «қуғын-сүргіннің» мәнісі, мал келіп, абыр-сабыр болып жатқан кезде «шайтан арбамен» әуре боламын деп, қозы-лағын жамыратып алған Серік әкесі Жапар көкемнің алдында «айыпты» болып қалыпты. Баласының бұл қылығына ашуланған Жәкең ұлына таяқ ала ұмтылған. Мұны көрген Үржан апам немересіне ара түсіп, балапанын қанатымен қорғаған ана кептердей ұмтылған. Өсекке ерме мен десең, Одан өзге жоқ тілек. Айтқан сөзге сенбе сен, Алқаш болып кетті деп. Алқаш емес сөз емген, Бәлкім айтқыш болармын. Шарасына көзімнің, Шарап емес толар мұң. Шарап емес Шаршасам, Шалқар мұңды сімірдім. Жақсылыққа әрқашан, Жалбалақтап жүгірдім. Есектерге дауа жоқ, Өсек терген – мен келсем. Қандарында бар әдет, Қалар ма еді өлгенше. Қолтықтап ап қолпаштап, Солар еді бір жүрген, Сонша құрмет алқашқа, Көп боларын кім білген. Серік тумысында тұйық болатын. Ол қанындағы «қипақтап, қызараңдап» қалатын «балалық дертін» жеңу үшін кейде бал шараптың «жәрдеміне» жүгінетін сияқты болып көрінетін маған. Өзін-өзі өстіп «қамшылап» алған ақынның қыран болып шаңқылдай самғауы заңды. Неткен де неткен, неткен күн! Арамға – адал, адалға – зауал жеткен күн. Текті елден туып тентіреп қалсам текке өлдім, Өгізге бірақ қалайша мына өк дермін. Тәттісі тәтті-ау қу жанның, Ақиқат ащы алдында бірақ сұмдардың, Тексіздікпенен текетіреске туғанмын, Қаламымды ерттеп, қамалын зерттеп қулардың, Анттасып келіп алдында тұрмын өткелдің. Нарын да нарын, Нарын мұң, Нардай атан шөккен жері арымның. Көп кеуделі текті елімді телміртіп, Қолдан қолға өткен жері малымның. Нас баспаса, Насырға іс шаппаса, Басырға – көз, батырға сөз – батпаса, Нәмәрттар мен нәмәқұлдар қаптаса, Найсаптарды шаппағанда неғылдым?!. Серіктің Махамбетше мақамдарынан шығатын бір сыр бар. Ол кітаптан бас алмайтын. Ал, кітаптан қолы босаса інісі Берікке өлең оқытады. Ол – Махамбет, Исатайдың жорығы туарлы жыр еді. Серік анда-санда «енді мына жерін оқы» деп қояды. Берік қамшы салдырмайды. Оқы деген жерінен зулата жөнеледі. Махамбет, Исатай, Жақия... арғымақ... Мұғалімнің «жатта» деген жерін ғана жаттап алуға дағдыланған мен сияқты «тәртіпті» оқушыларға ұзақ дастанды өз беттерінше жаттап алып жүрген ағалы-інілі бауырларды көру таңсық еді. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен қазіргі жазғыштар өлең, әңгіме, хикаят, роман жазу үшін білім мен біліктің қажеті жоқтай дым білмейтіндеріне, тіпті, қымсынбайды да. Шимай-шатпақтарын «шедевр» санайды. Білімдіні сөйлетпей, байды «сайратқан», кітап жиюдың орнына, ақша жию үлгі болған заманда бұған наразы боп жатқан жан да там-тұм. Жазудың қиын екенін, ол үшін көп, өте көп білу керек екенін Серіктің өлеңдерін оқыған есті жұрттың өзі-ақ сезеді. Серіктің «Сөз-нөсер» деген өлеңі ұшан-теңіз білім мен сөз сиқырына деген іңкәрліктен туған. Айталық, ҚазМУ-ға әдебиетші боламын деп барған студенттердің «С.М.Сагалович» деген бөріктілерге тән қызықтау фамилияны иемденген сұлу әйелді білмейтіні кемде-кем. Студенттер дәріс үстінде осы әйелдің сұлулығына сұқтана отырып, оның аузын ашса үні төгіліп сала беретін бұлбұлдай таусылмайтын сиқырлы сөзіне де тәнті болатын. Бірақ оның осы құдіретін сол дәріс тыңдаған бір де бір ақын не жазушы шығармасына арқау етпепті. Соны тек Серік қана ақындық сезіммен аңғара білген. Жүрегіңді, санаңды көздеп ұдай, Нөсерлейді екен-ау сөз де бұлай. Селге айналған сұрапыл сөз- нөсердің, Секунд сайын құбылып өзгеруі-ай! Неткен нөсер! Не деген тасқын-әлем! Сөз-нөсерге жүзімді тостым әрең. Жылжи алар емеспін орынымнан, Жалтарар ем, немесе бас бұғар ем. Бұрын бұлай көрмеппін үн аққанын, Бет қаратпай барады қуатты ағын. Тереңіне шым-шымдап тартқан сайын, Қорегіме айналып құлақтағы үн. Сөз-нөсердің ырқымен ығып барам, Оқта-текте бағдарды ұғып қалам. Сұрапылмен бұлайша бетпе-бет кеп, Бұдан бұрын мен мұндай сыр ұқпағам. Жүрегімді, санамды көздеп ұдай, Бет қаратпай сөздердің өзгеруі-ай. Ес жиғызбас мынадай нөсерден соң, Бар десе де сенбес ем өзге «құдай». Жапар көкеміз өзінен ақын ұл туады деп сірә да күтпеген. Су суғарып, жоңыршқаның қарауылы болып дегендей, шиеттей бала- шағаны (алты қыз, үш ұл, тұңғышы Серік) асыраудың қамымен қажыған кісі ғой, ұлының шенеунік болғанын, қолына кетпен емес, пәпкі ұстағанын қалады. Серік те о баста ақындықты қуамын деп ойламаса керек-дүр. Бірақ оның жүрегі шын мәнінде ақынша дүрсілдеп, сезімі нағыз шайырша тулайтын. Айналасын да тек қана ақындық санамен қабылдайтын. Ол – ақын! Ойшыл ақын кәдімгідей, Қалам ұстап жүр деме әлін білмей. Сенбесең сәлем берші таныған боп, Жайып салсын алдыңа жанын гүлдей. Ол – ақын! Оған елдің бірдей бәрі. Пұлды ойласаң, ол байғұс гүлді ойлады. Төрелермен төрде отыр табақтас боп, Өзге елдің өлең сүйгіш мұндайлары. Ол – ақын! Ойлы адамды олжа көрер, Сәлем бер қарсы келсең, жолдан егер. Сен ертең зәбір көрсең зәлімдіктен, Сол сені шыр-пыр етіп қорғап өлер. Сен оған ештеңе де бөліп берме, Сәлемдес тек еріккен, зеріккенде. Қыздырсын бір дүкенін әңгіменің, Сөз асылын сомдаған көрік-кеуде. Ол сондай! Оған соның өзі – бақыт! Өлеңдерін өргізсін қозылатып. Басқа бақыт, байлықты ойламайды ол, Кісі болса болғаны сөз ұғатын. Бір бұл емес көргемін кеше де мен, Белгілі жай бәрі де бесенеден. Жылқы артқан машиналар өтіп жатыр, Жылымдай жылжып ағып көшеменен. Аңғармады дегендей неге ел мені, Арғымақтар қораптан елеңдеді. Тетіктері темірден жаратылған, Машиналар алайда бөгелмеді. Қара жол қарс айырып бар алапты, Машиналар бетке алды қала жақты. Жалтылдап жылқылардың жанарында, «Жигулилер» жарысып бара жатты. (Дүбірлеткен мына дөң, ана белді, Қайран жылқы қай жаққа барады енді?) Жылқыны емес, қазы мен қартаны ойлап, Қалың тобыр тамсанып қала берді. Мынау ел нені күтті, нені ұмытты? Менің ойым сан-саққа бөлініпті. Мең-зең боп тұрып қалдым, машиналар... Артып алып кеткендей серілікті. Өзін-өзі жарнамалап тұрған бұл өлеңге артық-ауыз пікір айтудың өзі әбестік. Сонда Алматыдан қазақтың қарқарадай ақын қызы Фариза Оңғарсынова бастап келетін шайырлар «мына томашадай ғана талантты бала ауылда неғып жүр, Құдай-ау?!.» дегендей таңғала отырып риза болатын. «Алматыға кел» дейтін. Кейін ол Алматыға кетті. Онда үйсіз-күйсіз күн көру қиын ғой. Қазақ жастарына тән осы қасіретті Серік өзінше жырлады. Басына «Ақын Байбота Серікбаевқа» деп қойып, бүкіл қазақ зиялысы мен жұмысшыларының басынан өткен өкінішті ол былай деп жырлады. Жолықтым қалай мен ғаріп күнге, Жоққа да, барға – мақұлмын. Жалғыз бөлмені жалға алып міне, Жамбас пұл төлеп жатырмын. Көкейдегі ойды көп қозғамаймын, Қозғасам болды – қаңғырдым. Көргенде мені көк көз қожайын, Көргендей болар мал-мүлкін... Мұңы емес бұл мұң соқа басымның, Сонда да қайтем... шыдадым. Отымен кіріп отағасының, Күлімен қайта шығамын. Сол боп тұр бүгін маған «қамқор» жан, Өйткені үйін жалға алдым. Қалтаңдап келіп қағады арқамнан, Қалтамды қағып алған күн. Осылай, міне, он жыл шыдадым, Мұң бар ма менің мұңымдай. Қожайын айтса қол қусырамын, Берілген адал құлындай. Тозақы өмірге төзгеніменен, Талайды келіп бүрге – мұң. Өгей боп, міне, өз елімде мен, Өз жерімде өзім кірмемін. Қорлыққа қанша көнгенімменен, Қорқыныш та емес ол да аса. Кім не айтса соны жөн көріп жүрген, Көнбіс мінезім болмаса. Ақынның қамшының сабындай қысқа ғұмырының соңғы жылдары Тараз қаласында өтті. Мен өлсем аспанда бір жасын өлер, Сен сонда, басымдағы тасыма кел. Тастай қаш, тіл қатпса тасым егер, Айғақатап өлмейтінін асыл өнер. Мен өлсем, аспаннан бір жұлдыз ағар, Жыңғылдар бір бозарып, бір қызарар. Етегіңді соларға сырғыза бар, Олар да айтар мен жайлы мұңды ғазал. Мен өлсем, жазылмаған бір жыр өлер, Кел сонда тұсамаса тірлік егер. Басыма келіп бір жылап, бір күле бер, Түбіңе жетті ме деп құрғыр өнер. Мен өлсем меніменен бір ән кетер, Мақамы Мұқтасар мен Құранға тең. Сонда сен атымды атап, ұран көтер, Сені көріп, рухым тебіреніп Сол жерді солқылдатып тұрар ма екен. Қазір «тек жүрмейтін» текті ақынның томашадай қабірі Тектұрмаста томпайып жатыр. Мен Серікті жер қойнына тапсырып болған кезде қойын дәптеріме қабірдің «2556» деген нөмірін жазып алдым. Серік... мен білгенде өлең-арудың шымылдығына жиырма бес деген жасында енген. Құдайдың құдіреті, осы «пай, пай, жиырма бес» пен туған жылының «56» деген соңғы екі саны Серіктің қабіріндегі нөмірмен дәл келіпті. Дарынды ақын Серік Томановтың сел-сезімінің «кодын» іздеймін деп талап қылған жыр жанкүйерлеріне бұл да бір есте ұстайтын үйлестік-ау...  

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, ҚазақстанныңЕңбек сіңірген қайраткері. Суретте: Талантты ақын Серік Томанов достарының ортасында.

 

Ұқсас жаңалықтар