- Advertisement -

«Мен емес, жұртың сені сақа қойған…»

253

- Advertisement -

Қоғам қайраткері, тарихшы-ғалым, профессор-ұстаз Әбдіқадыр Жүргеновтің есімі ел жадында

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары қазақ тілді баспасөздің өңіріміздегі қарашаңырағы «Еңбек туы» (әлі «Ақ жол» атана қоймаған кезі) газетінде тарих ғылымының кандидаты, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының профессоры Әбдіқадыр Жүргеновтің өткір тақырыптарды қозғаған, кейде көлеміне қарай бірнеше нөмірге берілетін мақалалары жарияланып тұрды. Әбекең (редакциядағы журналистер соғыс ардагерін құрметтеп осылай атайтынбыз) жазғандарын көбіне өзі әкелетін. Сондай сәттің бірі есімде жақсы сақталып қалыпты. Бұл 1989 жылдың қоңыр күзінің алғашқы айы болатын. Облыстың құрылғанына 50 жыл толуы мерекесі таяп қалған. Ол заманда компьютерлік терім жоқ, авторлардың қолмен жазғандарын қабылдап алып, үстінен өңдеп, түзеткен соң ғана терімшілерге береміз. Әбекеңнің әкелген қолжазбасын тез оқып шықтым. Басталуы да аяқталуы да ұнады, архив деректері көп келтірілген. Ең бастысы – ауыл шаруашылығы бөлімі үшін арнап жазылғандай.

– Тағы қарап бір шыққан соң тергізіп, редакторға беремін. Көлемді екен, газеттің екі-үш нөміріне жариялануы мүмкін, – дедім авторына.

– Жаңа Бақытяр ағаң да осылай деп еді. Жұмысыңа төселгенің байқалып тұр, – деді ол жүзіме барлай қарап. – Жазғандарыңды оқып тұрамын. Ауыл шаруашылығы проблемаларын көтеріп жүрсің, мұның дұрыс.

«Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демей ме? Лебізіне марқайып қалдым. Арада апта өтпей, газетіміздің 1989 жылдың 13 және 14 қыркүйегіндегі нөмірлерінде Әбдіқадыр Жүргеновтің «Үлкен жолдың үстінде» деп аталатын мақаласы жарияланды. Облысымыздың өз алдына отау тіккеннен бергі жарты ғасырлық тарихы жақсы қамтылған оның кіріспесінде революциядан бұрын патшалық Ресейдің шикізат базасы болған Түркістан аймағының Сырдария облысының Әулиеата уезінде 1918-1921 жылдары аштық болғаны, уездік кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың барлық күш-жігерін халықты құтқарып қалуға жұмсап, жүздеген қоғамдық тамақтандыру орындарын ашқаны жазылған. Сондай-ақ күштеп ұжымдастырудан қазақ төрт түлік малынан айырылған соң іле-шала болған 1932-1933 жылдардағы алапат аштық жайлы баяндайтын басқа да деректер келтірілген-ді.

Тәуелсіздікке қол жете қоймаған, Компартия әлі күшінде тұрған кез. Әйтсе де, батыл жарияланымдар беруімен танылған «Ақ жол» газеті Әбекеңдей авторларының шыншылдығымен, дәлелдігімен ерекшеленген мақалаларына «жасыл көше» ашып қойған-ды.

Көбіне тарихи тақырыптарға қалам тербейтін, ара-тұра елді толғандырған мәселелерге қатысты ой-пікір, ұсынысын да ортаға салатын Әбдіқадыр ағамыздың жазғандары әр жолы да оқырмандар арасында үлкен пікір туғызып жататын. Айталық, 1995 жылы «Заман. Адам. Тағдыр» айдарымен «Алуан басшы. Алуан із… Облысты соғыстан кейін басқарған басшылар туралы ой- толғам» деген атпен басылымның төрт бірдей нөмірінде жарияланған мақаласында облыстың бірінші басшысы болғандардың ел басқарудағы жұмыс стильдеріне өз бағасын беріп, олардың жетістіктері мен кемшіліктерін, тіпті кейбірінің оғаш мінездері, пенделік осалдықтарын ашық жазған еді. Айтқан сындары негізді, келтірген деректері мен дәйектері сенімді құжаттармен нақтыланғандықтан мақала төңірегінде дау- дамай туған жоқ.

Көзіміз талай жетті, Әбекең өз ортасына, яғни ардагерлер қауымына сыйлы, биліктегі азаматтар арасында да беделді, сөзінің салмағы бар облыс ақсақалдарының бірі болды. Осы турасында «Ақ жол» газетінің 1997 жылғы 1 мамырдағы нөміріндегі сол кездегі бас редакторымыз, жаны жәннатта болғыр Әлдихан Қалдыбаев ағамыздың мақаласында: «Алдыңғы толқын ағаларымыз, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ғалымдар Әбдіқадыр Жүргенов, Көкіш Рыспаев, Ыдырыс Сағынтаев – белді авторларымыз күйінде сапта тұр» деп жазылғаны да есте қалыпты.

Сол жылдары өлке тарихын жете зерттеген о сы ғалымдарға, әсіресе, Әбекеңнің көмегіне талай жүгіндік. 1997 жылғы 31 мамырда елімізде тұңғыш рет Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтілгенде осылай болды. «Ақ жол» газетінің осы күнгі нөмірінде Әбдіқадыр Жүргеновтің мақаласы берілді. Онда тарихтағы аса қайғылы да, қасіреті кезең – 1937-1938 жылдары «халық жауы» болып атылып кеткен Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Сыдық Абыланов, Намазбай Ақшабаев, Кененбай Бармақов, Бекбосын Құлжабаев, Даут Абдуллаев, Исқақ Әсімов жайлы жазылған еді.

Өлкемізде іздері қалған қайраткерлердің азапты тағдырларына қатысты архив құжаттарын зерттеуді Әбдіқадыр Жүргенов облыстық партия комитетінде қызмет істеген кезінде бастап, іргелі аудандарды басқарған жылдары одан әрі жалғастырды. Елге тарихшы әрі басшы азамат ретінде танылғанға дейін талай өмір өткелдерінен өткен еді. Табиғаты әсем Берікқара өңірінде кіндігі кесілген ауыл баласы жасы он сегізге толысымен 1942 жылы соғысқа алынып, майдан даласында от пен оқ кешкен. Ленинградты қорғауға, Смоленск, Витебск, Орша қалаларын азат етуге қатысқан. Жеңісті Курляндияда қарсы алды. Әскери қызметін Украина мен Белоруссияда, Латвияда жалғастырып елге 1946 жылы ғана оралған. Келісімен аудан көлемінде басшылық қызметтер атқарып, сатылап өсе келе 27 жасында облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы І.Еділбаевтың көмекшісі болған. Қауырт істердің қалың ортасында жүрсе де, білімін толықтыруды ұмытпай, Қазақ мемлекеттік университетінде сырттай оқып, 1956 жылы тарихшы мамандығын алып, бітіріп шыққан.

Ұйымдастырушылық талантымен танылған кешегі майдангер 1957 жылы Талас аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланғанда 34 жаста еді. Сарысу, Талас аудандары біріктірілгенде облыстық партия комитетінің Талас өндірістік аймағы бойынша партия ұйымдастырушылығына болып тағайындалды. Ұзамай Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

Америка Құрама Штаттарын қуып жетіп, басып озуға шақырып, ұрандатқан КСРО-ның әпербақан басшысы Никита Хрущевтің билігі жүрген сол заманда суармалы жері 3000 гектар ғана, шөлді аймақта орналасқан Талас ауданында жүгері дақылын 15 мың гектарға өсіруге тура келген. Осындай жағдайда да Әбекең талмайтын қажыр- қайраты мен іскерлігімен қиындықтарды еңсере білді. Аудан қой шаруашылығын дамытуда жақсы көрсеткіштерге жетті. 1965 жылы әр жүз саулықтан 119 қозыдан алды, 45,6 мың қойдың әрқайсысының салмағын 43,1 килограмнан мемлекетке етке тапсырды, қаракөл елтірілерін тапсыру жоспары 112 пайызға орындалды. Бұл деректер өзі жазған естеліктен алынды.

Әлі есімде, 1992 жылы Талас ауданының шопандары төл алуда үлкен табысқа жетті. Осы оқиғаға орай өткізілген шараға облыстық газеттен Бәкең – Бақытяр Әбілдаұлы, журналист-әріптесім Әбілдә Сәрсенбиев үшеуіміз барғанбыз. Сол дүбірлі жиынға ауданның бұрынғы бірінші басшысы ретінде шақырылған Әбдіқадыр Жүргеновке ерекше құрмет-қошамет көрсетілгеніне куә болған едік. Шопандар мерекесінен желпінте жазған есебіміз газеттің бір бетін тұтас алып жарияланған.

Талас ауданынан кейін 1966 жылдан бастап, он жылға жуық Қордайда аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істеген Әбекең жыл сайынғы демалысын архивте өткізетін дағдысынан танған жоқ. Ел ішіндегі көнекөз қарттардың өлке тарихына қатысты әңгімелерін тыңдап, керегін қағазға түсіріп отырды. Кенен Әзірбаев туралы жазған «Ұмытылмас кездесулер» деген естелігін оқығанда осыған көз жеткізесіз. Ел мен жер шежіресіне жетік ақыннан естігендерін архив материалдарымен салыстырғанда дәлме-дәл шыққан.

Қазіргі жастар біле бермеуі мүмкін, кешегі Кеңес заманында архивтер ішкі істер басқармаларына қарайтын. Осыдан да Әбекеңе әр жолы облыстық партия комитетінің арнайы рұқсатын алуға тура келіп жүрген. «Құпия» деген белгі қойылған құжаттарды көру, ондағы керекті деректерді көшіріп жазып алудың машақаты, әуресі көп болған. Әсіресе, жабық тақырып болған, ашаршылықтар мен қуғын сүргін құрбандары, Тұрар Рысқұлов пен оның үзеңгілес серіктері туралы деректер. Кедергі, қиындықтардың көптігіне қарамастан Әбекең ерекше табандылық танытып, ізденістерін еш тоқтатпай, 1969 жылы Фрунзе (ол жылдары қазіргі Бішкек осылай аталатын) қаласында «Қырғыз – қазақ ұлы достығының бастамасы» деген кітапша шығарған. Онда Тұрар Рысқұлов пен оның үзеңгілес серіктерінің өмірдеректері мен фотосуреттері тұңғыш рет бір мұқаба астында жарияланды.

Тарихшының бұл ісін азаматтық ерлік деп бағалауға болатын. Өйткені, КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының қаулысымен 1956 жылдың 8 желтоқсанында ақталғанына қарамастан Қазақстанда Тұрар Рысқұлов туралы шындықты бүркемелеп бақты. Көп томды «Қызыл жебе» романының авторы Шерағаң – Шерхан Мұртаза ағамыз өзінің «Не жетпейді?» деген публицистика, эссе кітабында ( Алматы, «Жазушы» баспасы, 1990 жыл) сол жылдардағы ахуал туралы: «Тұңғыш рет Тұрар Рысқұловтың кім екенін 1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялаған қарт журналист, байырғы большевик, партия қызметкері Рахымалы Байжарасовтың көлемді мақаласынан оқып білдім. Жеке адамға табыну кезеңінде Рахымалы Байжарасовтың өзі де жапа шегіп, көп жыл қиянат көріп келген кісі еді. Бірақ үлкен газетте мақаласы жарық көрсе де, қуаныш ұзаққа бармады, сол кездегі солақай догматтар газеттің редакторын айыптап, мақаланың авторына моральдық тұрғыдан қысымдық жасады. Бұрын көп жыл жазықсыз жапа шеккен Байжарасовқа бұл соққы оңай тиген жоқ, онсыз да, қажыған жүрек жаңа қиянатқа шыдамай, қажырлы журналист дүние салды. Дегенмен, оның жазған мақаласы арқылы әсіресе жаңа, жас ұрпақ Тұрар Рысқұловтың кім екенінен біршама хабардар болып қалды. Бұл да болса шындықтың қалың шымылдығының ептеп түрілгенінің белгісі еді. Кейін Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметін егжей-тегжейлі зерттеген арнаулы беделді комиссия құрылды. Сол комиссияның қорытындысы бойынша Тұрар Рысқұловтың атына жағылған қара күйе жуылып, ардақты есім біржолата ақталды», – деп жазды.

Шерағаң айтқан беделді комиссияны Қазақстанның сол кезгі басшысы Д.А.Қонаевтың тапсыруымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Сабыр Біләлұлы Ниязбеков басқарған. Ол кісі Рысқұлов туралы одақтық, республикалық архивтерден алдырған құжаттармен және Қауіпсіздік комитетінің құпия құжаттарымен танысып, тағылған «айыптардың» негізсіз қолдан жасалғанын дәйектеп, Ғылым Академиясы мүшелері қатысқан кеңейтілген кеңесте бүкіл жұртшылықтың алдында тарихи шындықтың бетін ашып, Рысқұлов саяси тұрғыдан да, партиялық тұрғыдан да ақталған. Бұл 1972 жылдары болған оқиға.

Есімі халқына толық қайтарылған қазақ халқының көрнекті перзенті, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығына орай жазылған Әбдіқадыр Жүргеновтің «Біздің Тұрар» аталатын зерттеу мақаласы «Ақ жол» газетінің 1994 жылдың 5 ақпанынан бастап бірнеше нөмірінде жарияланды.

Тарихшы-ғалымның облыстың іргелі аудандарында басшы бола жүріп көп жыл архивтерді талмай ақтарған еңбегінің қайтарымы – 1972 жылы «Қазақстан» баспасынан жарыққа шыққан, орыс тілінде жазылған «В борьбе единство мы нашли» («Біз күресте бірлік таптық») деген кітабы. Облысымыздың Әулиеата уезі аталған кезеңінің тарихына, 1916 жылғы ұлт азаттық күрес пен көрнекті тұлғалар Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Сыдық Абыланов, Мақсұт Жылысбаев, Намазбай Ақшабаев және басқа да саяси қуғын-сүргін жылдары «халық жаулары» деген жаламен атылып кеткен арыстарға қатысты деректер мол келтірілген кітаптың өлкетанушылар мен тарихшыларға, журналистерге тигізген көмегі көп болды. Айталық, менің өзім кітапта 1917 жылы Меркіде Тұрар Рысқұлов құрған «Қырғыз (қазақ) жастарының революциялық одағының» мүшесі болғаны көрсетілген Жақаш Мамыровтың тағдырын зерттеп, архив ақтарып, елдегі көз көрген қарттармен әңгімелесіп, материалдар жинаған соң «Қайтыс болған соң ақталды…» деген көлемді мақала жаздым. Ол «Еңбек туының» 1989 жылғы 19 қарашадағы нөмірінде жарияланды. Арада аз ғана уақыт өткенде, 1992 жылдың 6 шілдесінде облыстың сол кезгі әкімі Өмірбек Байгелдінің жұртшылық тілегін ескеріп қабылдаған №60 шешімімен 53 жыл бойы Фрунзенің атымен аталып келген туған ауылыма «Рысқұловтың контрреволюциялық бандасына белсенді қатысушы» деген жаламен Ново-Ивановка (қазіргі Жетібай ауылы) МТС-інің директоры болып істеп жүрген жерінен тұтқындалып, 1938 жылы 19 ақпанда Шымкент қаласында ұлт арыстарымен бірге атылған Жақаш Мамыровтың есімі берілді. Содан бері ауыл «Жақаш ауылы» аталып келеді.

Әбекеңнің өзі де «Біз күресте бірлік т аптық» кіт абында жазылған тұлғалардың есімдерінің ұлықталуына, көше, ауыл, мектепке берілуіне атсалысты. Осы орайда атқарған жақсы істерін айта кетелік.

Түрленген Тараз қаласының дәл орталығындағы Т.Рысқұлов саябағында орталық стадионға таяу жерге орнатылған Қарымбай Қошмамбетов ескерткішін бәріміз де білеміз. Ал бұл ескерткішті орнату кезінде оңайға соқпаған. Таратып айтар болсақ, бәрі облыстық партия комитетінің бюросы өз мәжілісінде Әбдіқадыр Жүргеновке 1920 жылы Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы болған Қарымбай Қошмамбетов туралы құжаттарды іздестіруді тапсырудан басталған. Бұл тапсырманы тарихшы жақсы атқарып шықты. Қарымбай Қошмамбетовтің Әулиеатадан кейін Қызылорданың Қазалы аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы, одан кейін Орал губерниялық комитетінің төрағасы, Алматы облысы Іле аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарғанын әр жылдары Түркістан орталық атқару комитетінің мүшесі, Бүкілодақтық атқару комитетінің (ВЦИК) мүшелігіне сайланғанын, 1930 жылы қараша айында мемлекетке астық тапсыру науқанын ұйымдастыру кезінде қатты науқастанып, ауруханаға түсіп оңала алмай Алматыда небәрі 33 жасында қайтыс болғанын анықтады. Бұл үшін Қызылорда мен Орал қалаларында мұрағаттарды ақтарды, Қошмамбетовпен қызметтес болған көзі тірі ардагерлерді іздеп тауып әңгімелесті, естеліктерін қағазға түсіріп алды.

Жинаған деректеріне сүйене отырып Әбдіқадыр Жүргенов облыстық партия комитетіне Қарымбай Қошмамбетовтің қызметі мен сіңірген еңбегі Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында ескерткіш орнатуға лайық деген ұсыныс жасады. Алайда облыстық партия комитеті әсіре сақтық көрсетіп, шешім қабылдауға асыға қоймайды. Шындық жолында табандылық пен қайсарлық танытатын Әбекең алған бетінен қайтқан жоқ. Ғылыми-зерттеуін Республика Ғылым академиясының тарихшы ғалымдарының сараптауына салды. Олар Қарымбай Қошмамбетовті халқының жарқын болашағы жолында күрескен қайраткерлердің бірі деп танудың, оған ескерткіш орнатудың дұрыс екендігін қуаттады. Осыдан кейін ғана Жамбыл қалалық партия комитеті мен қалалық атқару комитеті арнайы қаулылар қабылдап, ол облыстық партия комитетінің бюросында, одан соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінде мақұлданды. Ескерткіш 1957 жылғы 7 қарашада салтанатты түрде ашылды. Әбекең 1962 жылы Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенінде сол кезгі Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы Әлімхан Комратовтың алдында мәселе көтеріп, қаржы бөлгізіп, ескерткішті Қордай гранитінен қайта жасатты.

Тараз қаласының Төле би көшесіндегі №12 Керімбай атындағы орта мектептің тарихы тым әріге патша заманына кетеді. Билікөл өңірінде ұзақ жылдар болыстық қызмет атқарған кезінде, ағартушылық қызметпен де айналысқан Керімбай Бұралқыұлы 1883 жылы өз қаржысына тұрғызған бұл мектеп 1912 жылдан Аса интернаты аталған. 1927 жылы Карл Маркс есімін алған. Осы кезде білім алғандардың бірі – ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлы. Тәуелсіздік жылдары қала жұртшылығы өкілдері мектептің атын оны салған адамның есімін беру жолымен өзгерту туралы ұсыныс жасағанда жергілікті билік әсіре сақтық танытты. Ұстаздар қауымы, амал жоқ, Әбдіқадыр ағамыздан көмек сұрады. Тарихшы Керімбай Бұралқыұлының Тұрар Рысқұловтың ісін қолдап, 1918-1919 жылдардағы ашаршылықта өз ауылы Билікөлде, сондай- ақ Әулиеатада тамақтандыру орындарын ашқанын, халықты жаппай қырылудан аман алып қалуға барын салғанын архивтен тапқан құжаттар арқылы дәлелдеп, өз тарапынан да ұсыныс жазды. Осыған сүйенген тұрғындардың жаңа ұсынысы қала әкімшілігі тарапынан қолдау тапты, 1992 жылғы 17 сәуірде қабылдаған №345 шешімімен мектепке Керімбай болыстың есімі берілді. Кейінірек, білім ордасы алдына ескерткіш орнату үшін Керімбай Бұралқыұлы атындағы қор құрылып, оның төрағасы болып Әбдіқадыр Жүргенов сайланды. Ол бұл сенімнің үдесінен шықты, Керімбай ұрпақтарынан жиналған қаржыға мектеп ауласына 1999 жылы осы білім ошағының негізін қалаған тұлғаның мүсіні орнатылды.

Әбекеңнің әр жылдары Тараз қаласындағы Қарымбай Қошмамбетовтің, Тұрар Рысқұловтың, Қойгелді батырдың ескерткіштерінің тұғырларына қондыруға да атсалысқаны да жұрт жадында. Бұлар ғана емес, көп жылғы ғылыми-зерттеу еңбектерінде аталған қайраткер тұлғалардың есімдері қалалар мен аудандардағы, елді мекендердегі көшелерге, мектептерге, ауылдарға берілгеніне де куәміз. Еліне жасаған жақсылығы көп Әбекең 1996 жылы өзі туып-өскен Берікқара ауылы тұрғындарына үлкен тарту жасады. Өз қаржысына мешіт тұрғызды. Риза болған халық имандылық орнын Әбдіқадыр мешіті деп атады.

«Елге еңбегің сіңсе – елеулісі боларсың» деп тегін айтылмаған. Облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін Тараз қаласының Құрметті азаматы атанды. Санамаласақ – соғыс және еңбек ардагерінің алған марапаттары да аз емес.

Шындықты айтуды, жазуды өзінің басты ұстанымы еткен Жүргенов екі тілде қазақша, орысша жазатын, сөзге шешен, тапқыр болатын. Бойындағы осы қасиетіне қазақ халқының ұлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дән риза болғанын аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі.

Димекең өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» (Алматы, «Санат», 1994 жыл) деген естелік-эссе кітабында 1992 жылдың мамыр айында шақырумен Талас ауданына келе жатқанында Қордай ауылында өзін жамбылдық еңбек және соғыс ардагерлері құшақ жая қарсы алғанын, олардың арасында Қордай аудандық кеңесінің бұрынғы төрағасы, тарихшы Әбдіқадыр Жүргенов те болғанын жазды. Ал Әбекеңнің өзінің қаламынан туған «Димекеңнің соңғы сапары» деген естелік мақала «Ақ жолдың» 1996 жылғы 17 тамыздағы санында жарияланды. Арада жиырма жыл өткенде менің құрастыруыммен «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» естеліктер кітабы жарыққа шықты. Бұл кітапқа Жүргеновтің естелігін облыстық әмбебап кітапханадағы газет тігіндісінен іздеп тауып, енгізген едім. Осы естеліктен шағын үзінді келтіре кетелік:

– «Ертеңіне Димекең аудан шопандарының слетіне қатысты. Салтанатты жиын аяқталып, біз мінберден түсе бастағанда қариялардың бірінің мені қағытқандай: «Жүргенов қарағым, сен Таласты басқарғанда «осы ұрпақ коммунизмді көреміз» деп, көп айтушы едің, сол коммунизмің қайда?» дегені. «Ой, ақсақал, 1960-1980 жылдары Қазақстанды Қонаев, Талас пен Қордайды Жүргенов басқарып тұрғанда коммунизм басымыздан өтіп кеткенін білмей қалғансыз ғой», – деп жауап бердім мен де қалжыңмен. Ел ду күлді. Әсіресе, Димекең: «Историк, мұның нағыз табылған жауап болды ғой», – деп ұзақ күлді. Осыдан кейін Димекең облыс шекарасынан қайта шығарып салғанша мені «историк» деп атап кетті».

Көлгір Колбин Қазақстанды басқарғанда қуғындалған Д.Қонаев пен А.Асқаровтарға алғаш араша түскен «Ақ жол» газетінің бас редакторы Арғынбай Бекбосын ағамыздың Жүргеновке деген ықылас-құрметі бөлекше еді. «Ақ жолдағы ақжолтай жылдар» естелік-эссе кітапшасында, газеттерде жарияланған мақалаларында ұлт арыстарын қорғауға атсалысқан облыстың парасатты қариялары қатарында Әбекеңнің де есімі аталады.

Тағы бір дерек. 2002 жылы Алматының «Өнер» баспасынан Асанбай Асқаров туралы естеліктер енген «Халық перзенті» кітабы жарыққа шықты. Онда Әбдіқадыр Жүргеновтің орыс тілінде жазылған «Человек несгибаемой воли» деген естелігі берілген. Әсерлі оқылатын естелікте Асқаровты қорғауда жамбылдықтардың табанды күрес жүргізгендері, өзі ардагерлердің тапсыруымен төрт ауданды түгел аралап, тұрғындардың қолын жинағаны айтылады. Сол күндердің оқиғалары жазылған «Асқаровтың соты» кітабының авторы, ақын Жақсылық Сәтібеков Әбдіқадыр Жүргеновке арнау өлең жазды. Ондағы: «Мен емес, жұртың сені сақа қойған, ол шешім туған шығар аталы ойдан» деген жолдар Әбекеңнің елдің бетке ұстар азаматтарының бірі болғанын жақсы жеткізеді.

Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарындағы жемісті ғылыми — педагогикалық қызметі ширек ғасырға созылып, қаншама шәкірт тәрбиелеген Әбдіқадыр Жүргенов 2001 жылдың 28 тамызында бақилық болды. Жақсы атын, тарихи тақырыптарға жазылған кітаптарын, ғылыми-зерттеу еңбектерін қалдырған қоғам қайраткерінің, ғалым- ұстаздың есімі содан беріде ардақталып келеді. Жуалы ауданындағы «Ленин путь» елді мекені 2007 жылдың шілдесінен Әбдіқадыр ауылы деп аталады. Тараз қаласында Әбдіқадыр Жүргенов атында көше ( бұрынғы атауы – Кольцевая) бар.

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Байзақ ауданының

Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support