- Advertisement -

«Мөп-мөлдір көздің қарасы…»

190

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында өткен жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Мөп-мөлдір көздің қарасы» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман жүргізген әдеби кеш көктемнің лебін сездірген тамаша басқосу болды. Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы талантымен ерте танылған Бейбіт інісіне табыс тілеп, әдебиетке адалдық, қоғамға құрмет, дұрыс азамат болып қалыптасуы тұрғысынан ой қозғады. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай Тараз қаласының аруларына арналған кітапқа шаһар басшысы атынан ризашылығын білдіріп, жазушыға құрмет көрсетті. Мұнан соң Н.Дәутайұлы мен К.Олжабай кітаптың тұсауын кесті.
Осы кезге дейін «Рауғаш ерте гүлдейді», «Мейірім», «Қараторғай», «Айна» кітаптары жарық көрген автор кеш барысында оқырманмен емен-жарқын сырласты. Әуелі әдебиетке өлеңмен келгенімен, соңғы кездері прозада қалам тербеп жүргенін, осы салада көбірек пайда әкелетініне сенімі зор екенін айтты. Көпшіліктің қойған сұрақтарына шынайы жауап берді.
Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері Жасан Тілеубердиев пен Ерғали Оразымбетов әннен шашу шашты. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері көктем, арулар тақырыбына жазылған өлеңдерді оқыды. Сондай-ақ жас ақындар Данияр Әлімқұл, Нұржан Қадырәлі, Арайлы Жақсылық сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін оқып жұртты бір серпілтіп тастады. Ақын Үміт Битенова, ТарМПУ-дың доценті Сейсекүл Исматова қаламгердің қадамына ақ жол тілесе, замандасы Құралай Сейсенбекқызы, курстасы Райхан Шәлібекқызы жылы лебіздерін білдіріп жатты.
Осы іс-шара Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Бастама көтерген – Тараз қалалық мәслихатының депутаты, қалалық «Жамбыл –Тараз» газетінің бас редакторы Эльмира Мырзағали. Әдеби кеш барысында көпшілік назарына белгілі фотошебер Алтынбек Қартабайдың суреттер коллекциясынан көрме ұсынылды. Өз кезегінде Б.Сарыбай жиналғандарға алғысын білдірді.

Тараз қаласы.

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support