- Advertisement -

Тәуекел мен табандылық табысқа жеткізеді

58

- Advertisement -

Әкелі-балалы Ахметбек және Асқарбек Ибрагимовтар 2016 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына келіп, шағын несие алуға өтініш білдірді. Мұндағылар олардың кепілге қою мүмкіншілігін саралай келе, 1 миллион 800 мың теңге несие береді. Осы қаржыға Ахметбек бірнеше бас ірі қара сатып алады. Оның 9 басын бордақылап, сатады. Түскен қаржыны айналымға жіберіп, жаңадан мал сатып алады. Қазір Ибрагимовтардың жеке кәсіпкерлігінде 19 аналық, 21 бас тана-торпақ, 3 мініс аты бар. Мұның сыртында 3 жылқы байлап, семіртуде. Қыс маусымына арнап 250 орама шөп, 150 түк жоңышқа, 3 тонна ұнтақталған бидай, 2 тонна арпа сатып алған. Иеліктерінде «ГАЗ-52» маркалы жүк автокөлігі, бір мотоцикл бар.Жақында ұлы Асқарбек «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант» иесі атанып, түйетауық асырауға 505 мың теңге қайтарымсыз қолдау қаржысын алды. Осы қаржыға Шу ауданы Төле би ауылындағы бір шаруа қожалығынан 100 бас 7 айлық үндік сатып алып келді. Қазір осы түйетауықты ауласында ұстап, бағуда.
– Қазір түйетауық өсіруде тәжірибе жинақтаудамыз. Күніне екі рет Радай өзегінің маңына жайып келемін. Тәулігіне екі рет құрама жем мен дәндік жемді араластырып беремін. Түйетауық құсы ақылды. Белгі беріп шақырғаныма тез үйреніп алды. Жайылғанда бір-бірінен қалмайды. Тамақ таңдамайды, кез келген шөпті жей береді. Келе жатқан қауіпті тез сезеді. Жайылым алаңына ит, қасқыр, шибөрі, мәлін, қырғи жақындаса бастарын жоғары көтеріп қиқулап дыбыс береді. Биікте қонақтағанды жақсы көреді. Күн суытқан сайын семіреді. Өскенде 7 килограмға дейін ет береді екен. Түйетауықты бағуда Тайфон, Ақмойнақ атты иттерім көп көмек беруде. Тіпті құсты қайырады. Жақындаған ит- құстарды маңайлатпайды, – дейді Ахметбек Ибрагимов.
Табандылық жас талғамайды. Тәуекел мен ниет біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Бұл сөзімізге әкелі-балалы Ахметбек пен Асқарбек Ибрагимовтардың іскерлігі дәлел.

Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
журналист.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support