- Advertisement -

Жауһарларымызды жаһанға танытқан

79

- Advertisement -

Ол әлемдік 8 фотобайқауға қатысып, оның 3-нен жүлдегер атанды

Есет ДОСАЛЫ

Бұл жолы тіпті топтан озған тұлпардай жеке суырылып шықты. Алтекеңнің мақсаты – біреу ғана. Өзі туып өскен Жамбыл топырағын, қасиетті Әулиеатаның ерекшелігін, бұлағының сылдырын, шегірткенің шырылын, аймен сырласқан аруын, дара туған дарынын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын әлемге таныту. Алтекең осылайша облыстың 80 жылдығына өзіндік үлесін қосып отыр. Осы мақсатта А.Қартабай әлемдік деңгейдегі сайттар жариялаған 8 фотобайқауға өзінің еңбектерін жолдап, соның үшеуінен жүлдегер атанды.
Әлемдік деңгейдегі 35AWARDS тақырыптық сайысының қатысушысы А.Қартабай жолдаған домбырашы, күйші-композитор жерлесіміз Аман Малдыбаевтың күй тартып тұрған концерттік фотосурет байқаудың ең жақсы фотолары арасына ТОП-4 пайыздық құрамына енген. Бұл жерде Алтекең фотоға әр беріп, домбыраның арғы тұсына бу жіберген. Яғни күйдің толғаныстан шығатынын бу арқылы бере білген. Сондай-ақ ТОП-та байқаудың ең үздік фотографтарының 29 пайызын құраған. Бұл сайысқа әлемнің 108 мемлекетінен және 869 қаласынан 2586 фотосурет шеберлері қатысқан. Сайысқа жалпы 10 мыңға жуық фотосурет жинақталып, олардың арасынан біздің өңіріміздегі А.Қартабайдың суреттерінің үздік шығуы – қандай мақтаныш десеңізші! Ал қазылар құрамында Александр Синцев, Юлия Раскова, Дмитрий Храмцов секілді ресейлік әйгілі мамандар және бразилиялық Coppola PauIo да болған.
Әлемдік деңгейдегі 35AWARDS тақырыптық сайысының қатысушысы А.Қартабайдың қызыл түсті суреттер бағытында да жолы болған. Ол бұл тақырыпқа қазақтың жазиралы даласында қызыл қызғалдақ теріп жүрген қазақ қызын таңдаған. Бұл авторлық жұмыс ең үздік фотографтар арасында ТОП-7 пайыздық межеге еніп, ең үздік суреттер санатының ТОП-32 пайызын құраған. Қызыл түсті сурет бағытына да әлемнің 114 мемлекетінен 4732 фотомаман қатысқан. Бұл ретте Алтекеңнің фотолары 12077 жұмыстың арасынан іріктеліп, ең үздіктердің қатарынан табылған.
Алтекеңнің жетістігі мұнымен де шектелмейді. «Макро портрет» бағыты, фауна жанры бойынша да автордың еңбегі 29 пайызбен бағаланса, Алтынбек Қартабайдың өзі 26 пайыз көрсеткішпен ең үздік фотографтардың тізіміне енген. Бұл ретте әлемнің 100 мемлекетінен 2350 фотошебер бақ сынаған. 5800 фото авторлық жұмыстың арасынан қазылар ең үздікті анықтады. Қазылар құрамы Сантос Руи (Бразилия), Абу Шалва Мофид (Сауд Арабиясы), Сепелиова Джевгения (Италия) секілді таңдаулы мамандардан құралуы да бұл байқаудың деңгейін жоғарылата түсетіні анық.
– Мен де бір ғана талпыныс болды. Әлемдік деңгейде неге біздің жамбылдық фотомамандар көрінбейді деп ойладым. Кезінде халықаралық фотобайқаулардың жүлдегері, марқұм Қали Тәттібековке қызығушы едім. Ол кісі де арманыма жол ашты. Әуелі әлемдік деңгейдегі байқауға жіберген суреттерім ештеңеге іліккен жоқ. Ілікпеген сайын іздендім, жүлде алмаған сайын талпындым. Жамбыл өңірінің жетістігін, табиғатын, ерекшелігін фотосуретпен таныту – міндетім. Осы жетістіктерімнің бәрін облыстың 80 жылдығына арнаймын, – дейді Алтынбек Қартабай.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support