- Advertisement -

Мемлекет байлығы халықтың денсаулығымен де бағаланады

52

- Advertisement -

1939 жылы қазан айында Әулиеата уезіне Жамбыл аты беріліп, жеке облыс ретінде шаңырақ көтерді. Содан кейін-ақ өңірдің өзіне тән тарихы бар денсаулық сақтау ісіне ерекше көңіл бөлініп, әр жерде жаңа емдеу-профилактикалық мекемелері ашыла бастады. Медицина қызметі жандандырылып, оның сан салалары кеңейе түсті.
Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген медицина қызметкерлері майданға аттанып, соғыс даласында жараланған әскерлерге күн-түн демей медициналық көмек көрсетті. Соның арқасында жарақат алған солдаттар мен офицерлердің басым көпшілігі қатарға қосылып, майданға қайта араласып, жеңіс жолында аянбады.
Сұрапыл соғыс даласындағы әскери госпитальдарда да біздің өңірден шақырылған 500-ге жуық медицина қызметкері қажырлы еңбек етті. Олардың басым көпшілігі Мәскеуден Берлинге дейін жетіп, жеңісті сонда қарсы алды. Жамбыл, Меркі және Шу стансаларында 360 төсектік әскери госпитальдар ұйымдастырылып, оған қоса соғыс жүріп жатқан аймақтардан барлығы 1500 орындық 4 әскери госпиталь көшіріліп әкелінді. Олар темір жол клубтарында, жергілікті қонақ үйлер мен балалар санаторийінде, мектептер мен кеңселерге орналастырылды. Облыста жаралы жауынгерлер мен офицерлерге көмек көрсету жөніндегі комитет құрылып, госпитальдардағы науқастарға ерекше көңіл бөлінді. Оларда жергілікті медицина орындарының қызметкерлері де еңбек етіп, ауруларды емдеуге барынша жәрдем берді. Тылда еңбек еткен дәрігерлер мен медбикелердің еңбектері еленіп, біраздары мемлекеттік наградаларға ие болды. Соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен дәрігерлер мен медбикелер де ордендер мен медальдарға лайықты деп танылды. Жастық шақтары соғыс өртіне шалынған, майдан даласында етігімен қан кешкен, суыққа тоңып, ыстыққа күйген абзал жандарға арналып облыстық аурухана музейінде арнайы бұрыш ұйымдастырылып, тарихи материалдар жинастырылған.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары да халыққа оңай соқпағаны белгілі. Бұл жалпы ел үшін ауыр жылдар еді. Сол еңбеккерлердің денсаулығын қадағалап, эпидемиялық қауіпті аурулардың таралмауына, соғыстан қайтқан жаралы жандарды аяғына тік тұрғызуға медицина қызметкерлерінің үлесі аз болған жоқ. Уақыт талабы солай болды.
Егер мемлекет жағынан денсаулық ісіне көрсетілген қамқорлық болмағанда, көптеген қиындықтар тууы мүмкін еді. 1939 жылы облыстық денсаулық сақтау саласына 6790 мың сом бөлінсе, оның көлемі 1945 жылы 14000 мың сомға жетті. Облыс бойынша 1939 жылы жалпы стационарлық төсек саны 766 болса, Ұлы Отан соғысы аяқталған жылы оның саны 1208 төсекке жеткізілді. Ауылдық жердегі дәрігерлік емдеу орындар саны облыс құрылған уақытта бар болғаны 12 болса, Ұлы жеңіс тұсында олардың саны 27-ге артты.
1946 жылы облыс көлемінде 87 дәрігер, 332 орта буын медицина қызметкерлері еңбек етті. Ауруханалардағы стационарлық төсек саны 665-ке жетіп, бөлінген қаржы көлемі 15739 мың сом болды. 1947-1950 жылдар аралығында облыс емдеу орындарында қайта құру орын алып, ауруханалар мен емханалар біріктірілді.
1949 жылы Жамбыл жерінде 33 аурухана (оның 8-і – қалада), 18 перзентхана, 32 дәрігерлік амбулатория, 2 вендиспансер, 96 фельдшерлік пункт, 10 фельдшерлік-акушерлік пункт, 12 акушерлік пункт болса, стационарлық төсектер саны 384 еді. Дәрігерлердің саны 182-ге (олардың 93-і – қалада), фельдшерлер мен медбикелер 637-ге жетті. Өкінішке қарай, олардың арасында жергілікті ұлттар саны өте төмен еді. Бар болғаны қазақ, өзбек, татар ұлтынан шыққан дәрігерлер саны 23 болса, орта буын медицина қызметкерлері 31 еді. Сақталған мұрағаттарға көз жүгіртіп, сараптама жасасақ, аталған 182 дәрігердің 63-і – терапевт, 7-еуі – хирург, 23-і – педиатор, 10-ы – фтизиатор, 10-ы – акушер-гинеколог, 4-еуі – көз дәрігері, 10-ы – дерметовенеролог, бір-бірден құлақ-мұрын дәрігері мен невропатолог және де басқа мамандық иелері болыпты.
Республикамызға еңбегі сіңген дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер болған өңіріміздің аға буын хирургтері Нағым Мұқышев, Николай Пак, Алексей Овсянников, Евгения Константинова, көз дәрігері Тоқтасын Медетбаев, терапевттер Евгения Пономаренко, Галина Иткина, акушер-гинеколог Амина Галеева, аурухананың бас медбикесі Зинаида Бородина сынды жандардың көпшілігі өмірден озса да қазіргі күнге дейін жастар үшін кәсіптік шеберліктің үлгісі болып келеді.
Облыс орталығындағы көптеген емдеу орындары уақыт өте келе облыстық аурухана құрамынан бөлініп, жеке аурухана дәрежесіне ие болды. Мысалы, 1961 жылы қазіргі қалалық №1 аурухана (Жедел медициналық жәрдем ауруханасы) жеке шаңырақ көтерсе, 1963 жылы химиктер ауруханасы, 1965 жылы облыстық балалар ауруханасы, 1980 жылдары облыстық офтальмология орталығы, қазіргі диагностикалық орталық жеке емдеу орындары болып бөлініп шықты.
Осы орайда санитарлық авиация бөлімінің ауыл тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсетуде рөлі ерекше. Сондықтан 1948 жылы облыстық аурухана жанынан санитарлық авиация бөлімшесі ашылып, ұшақ арқылы алыс селолар мен ауылдардағы науқастарға медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік туды. 1990 жылдары санавиация қызметкерлері жылына 500 науқасқа медициналық көмек көрсетіп келді. Тоқырау жылдарында, яғни 1991-1999 жылдары уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты біраз жыл ұшақ ұшпай, көмек автотранспорттар арқылы көрсетілді. Ал 2009 жылдан бастап санитарлық авиация жұмысы қалпына келтіріліп, оның жұмысы қайта жандандырылды. Келешекте бұл бөлімшені тағы бірнеше ұшақтар мен тікұшақпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Профессор Сейтхан Жошыбаевтың басшылығымен жүректің митралдық кемістігіне кардиохирургиялық оталар облыста алғаш рет 1991 жылы жасалды. Аритмиялар кезінде кардиостимуляторлардың имплантациясы жылдар бойы Тараз қаласында жасалып келеді.
2009 жылдың 28 қазанынан бастап Үкіметтің қаулысы мен денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес облыстық аурухана жанынан 20 төсектік кардиохирургия бөлімшесі ашылды. Сөйтіп, медицина ғылымдарының кандидаты Т.Ашировтың жетекшілігімен жүрекке ашық оталар жасалына бастады. Қазіргі кезде жыл сайын мыңға жуық науқасқа коранография істеліп, стент қойылып, 200-ге жуық адамның жүрек тамырларына аортокоранарлық шунттар жасалуда.
Облысымызда жыл сайын жаңа медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салынып, денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базалары нығайтылып, қазіргі заманға сай соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтар мен санитарлық автотранспорт бөлінді. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға республикалық және жергілікті бюджеттерден жеткілікті мөлшерде қаржы бөлінуде. Былтыр өңірде 39 медициналық нысан пайдалануға беріліп, ел игілігіне қызмет ете бастады. Біраз емдеу орындарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Игі іс биыл да өз жалғасын тауып келеді.
Жалпы алғанда, заманауи құрал-жабдықтармен, бәсекеге қабілетті инновациялық технологиялармен қамтамасыз етілген облысымыздың емдеу мекемелері бүгінгі таңда тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бойынша мол мүмкіндіктерге ие болып отыр.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина
ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support