Қазақ кәсіпқой боксшылары жұрт күткен жеңіске қол жеткізді

Тәуелсіздік күні Алматы қаласында кәсіпқой бокс кеші өтті. Бұл күні қазақстандық бірнеше жампоз шаршы алаңға көтеріліп, жеңісті жорықтарын жалғастырды. Рингке көтерілген оғландарымыздың барлығы да аянып қалған жоқ. Тұла бойындағы күштерін сарқа жұмсады.
Бокс кешінің басты жекпе-жегінде Виктор Коточигов шаршы алаңға көтерілді. WBC International белбеуін қорғаған ол аргентиналық Хавьер Хосе Клавьеромен қолғап түйістіріп, төрешілердің бір жақты шешімімен жеңіс тойын тойлады. Осылайша жеңіл салмақтағы өзіне тиесілі белбеуді қорғап қала алды.
«Мен залға жиналған жанкүйерлер тарапынан қызу қолдауды сезіндім. Бұл бокс кеші керемет өтті. Тәуелсіздік күнінде, өз Отанымда, жанкүйерлер алдында шеберлігімді көрсету мен үшін зор жауапкершілік әрі құрмет. Басты жекпе-жекте сынға түскендіктен шығар, шамалы қобалжыдым. Бір анығы, туған еліңде жұдырықтассаң, кәдімгідей өз-өзіңді қайрайды екенсің. Мен соны түсіндім. Жанкүйерлерге зор алғысымды білдіремін. Жоспар көп. Алдағы уақытта толығырақ білетін боласыздар», – деді Виктор өз ойымен бөлісіп.
Бұл күні қазақстандық өзге де боксшылар жанкүйерлерді қуантты. Жеңіл салмақтағы саңлақтарымыздың бірі – Сұлтан Зәуірбек те кезекті жеңісіне қол жеткізді. Қытай боксшысы Лишан Лимен жұдырықтасқан Сұлтан өзінің шын мықты екенін шаршы алаңда дәлелдей білді. Қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан Сұлтан WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы атанды. Осылайша ол тоғызыншы шайқасында да жеңісті жолын жалғады. Бұл күні кәсіпқой рингте бесінші кездесуін өткізген Абай Төлеш те жеңіске жетті. Ол чехиялық боксшы Томаш Безводадан айласын асырған болатын. Жеңіл салмақ дәрежесіндегі тағы бір оғланымыз Нұртас Әжбенов те өзінің мықтылығын көрсетті. Ол филиппиндік саңлақ Ленди Крис Леоннан басым түсті. «Жарайсың, Нұртас!», – дестік біз.
Өкінішке қарай, бокс кешінде үміт күткен қазақ оғландарының бірі жеңілістің ащы дәмін татты. Жеңіл салмақта бақ сынап жүрген Ескендір Харсан бұл күні сәтсіздікпен бетпе-бет келді. Камерун елінің боксшысы Томас Эссомбомен қолғап түйістірген ол бірнеше мәрте нокдаун алып, қарсыласына мерзімінен бұрын есе жіберді. Өкінішті, әрине.
Алматыдағы бокс кешінде еліміздің және өзге мемлекеттердің өзге де боксшылары шаршы алаңға көтеріліп, кезекті шайқастарын өткізді. Жоғары деңгейде өткен бокс кеші жанкүйерлерге ұнағаны анық. Мұндай шоулар Қазақстанның да кәсіпқой бокс әлеміне дендеп енгенін айқын көрсетеді.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.