Әлем чемпионатынан күміс жүлде бұйырды

9

Бахрейн Корольдігінің астанасы Манама қаласында аралас жекпе -жектен жастар арасындағы әлем чемпионаты өткен болатын. Аталған байрақты бәсекеде тараздық Айжан Абдықадыр жақсы нәтиже көрсетіп, еліміздің де, өңіріміздің де абыройын асқақтатты.
Бұл жарысқа әлемнің 50 елінен 500-ден астам спортшы қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Дода өте жоғары деңгейде өткенін айта кеткен ләзім.
Айжан 70 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол бастапқы кезеңдерде кездескен қарсыластарын еркін жеңе білді. Жартылай финалда мексикалық спортшыдан айласын асырып, финалда қазақстандық (екі отандасымыз екі топтан финалға жеткен) Талшын Жұматаеваға ғана есе жіберіп алды. Осылайша ол күміс жүлдені олжалады.
Қыздар үшін көбінесе таңсық саналатын спорт түрін таңдаған Айжанның батырлығына таңданбасқа шараң жоқ. Ол жеңіске жету жолында еш аянып қалған жоқ. Жерлесіміздің жеке бапкері – Игорь Гончаров деген азамат екен. Биылғы жылдың қазан айында Қарағанды қаласында жастар арасында өткен Азия чемпионатында Айжан алтын тұғырдан көрінген болатын.
Аралас жекпе-жектің шебері Айжан Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алып жүр. Аралас жекпе-жекке аңсары ауған бұрымдылар арасында үздіктер қатарында жүрген Айжан алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруды көздеп отыр. Бұйыртса көздеген мақсатына жететіні сөзсіз деп ойлаймыз. Өйткені оның бойынан қайсарлықтың табы айқын аңғарылады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.